Мәжілістегі фракция мүшелері Шаған ауылдық ауруханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты

Мәжіліс депутаттарын аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов күтіп алып, ең алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы ақпарат берді.
Топ құрамында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы болды.
Мәжіліс депутаттары медициналық нысанның күрделі жөндеу жұмысы сапалы әрі уақытылы жүргізілуі керек екенін айтып, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесті. «РеалСтройСнаб» серіктестігінің өкілдері күрделі жөндеу жұмыстары наурыз айының басында басталғанын айтып, қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 328,9 млн теңге бөлінген. Техникалық қадағалаушы «Жайық СтройИнжиниринг» серіктестігі құрылыстың сапалы, талаптарға сай жүргізілуін қатаң бақылауға алған. Мәжілістегі фракция мүшелері жасалған жұмыстарды көзбен көріп, халықтың талап-тілегінен туындаған құрылыс жұмыстары ұзақ мерзімге қызмет ететіндей сапалы болуын қатаң ескертті.