Көлік апаты қайтсе азаяды?
Жылдамдықты асырып, жол ережесі талаптарын сақтамау – жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері. Соның салдарынан жол үстіндегі апаттан қаншама тағдыр үзіліп, қайғылы оқиғадан мүгедек болып жатқандар көп. Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырғандардың кесірінен бүгінде жол-көлік апаты жиілеп кетті.
Аудан төңірегіндегі республикалық, облыстық маңызы бар жолдармен көптеген көлік жүреді. Осы самсаған көліктердегі кейбір жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан қайғылы жағдайлар орын алуда. Мәселен, аудан көлемінде биылғы 7 айда 13 жол-көлік оқиғасы орын тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 17 жол-көлік оқиғасы орын алған екен. Апатты жағдай 23,5 пайызға азайған. Десе де осы 13 жол-көлік оқиғасынан 8 адам қайтыс болса, 16 адам дене жарақатын алған.
– Орын алған жол-көлік оқиғаларын талдайтын болсақ, республикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» тас жолында қарама-қарсы бағытқа шығу және маневр ережесін бұзу салдарынан 4 жол-көлік оқиғасы орын алды. Ал облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолы бойында 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл жерде көліктердің соқтығысуы мен мал қағу фактілері бар. Сондай-ақ, «Қызылорда-Жезқазған тас жолында жолдан шығып кету салдарынан болған 1 жағдай, «Құмкөл кенішінде 1 жағдай, аудан орталығы Тереңөзек кентінде жаяу жүргіншілерді қағу бойынша 2 жағдай орын алды. Сонымен бірге ауданға қарасты елді мекендерде 3 жол-көлік оқиғасы болып, 3 адам қайғылы қазаға ұшырап, 1 адам дене жарақатын алды. Жол ережесін өрескел бұзу осындай қайғылы жағдайлар душар етіп отыр. Жүргізушілердің дені жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдында келе жатқан көлікті басып озуға тырысады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Сондықтан көлік жүргізушілері жолда жүргенде абай болып, адам тағдырына жауапкершілікпен қарау керектігін ескергендері жөн, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Н.Ибраев.
Жол-көлік апатынан бөлек, жол қозғалысы ережесін бұзу бойынша ауданда 1105 дерек анықталған. Ережені бұзғандарға тиісті айыппұлдар салынып, шаралар көрілген. Ал жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында бірнеше мәрте «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі» арнайы профилактикалық іс-шаралары өткізілген. Нәтижесінде, мас күйінде көлік құралдарын басқарған 19 жүргізуші анықталып, аудандық сот арқылы тиісті шаралар қабылданыпты.
Жалпы, жол сапасы жақсарған сайын көлік жүргізушілері тізгінді бос қоя беретін болған. Одан бөлек, жолдың бойында малдардың көп жүруі көлік қозғалысына кесірін тигізуде. Соның салдары болар, осы жылда республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолы Шіркейлі ауылы тұсында жантүршігерлік жол апаты орын алды. Қарама-қарсы бағыттағы көліктер соқтығысып, 1 адам қазаға ұшырады. Бұл жерде жолға малдың шығуы көліктердің соқтығысуына кедергі келтірген. Сол себепті де бүгінде мал иелеріне де зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл бағытта аудан көлеміндегі елді мекендерде тиісті іс-шаралар қолға алынған. Мәселен, күре жолдың бойындағы Ақжарма, Шіркейлі ауылдарында мал ұстайтын тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жайылымға шығатын үй жануарларына жарық шағылысатын ленталарын тағылуда. Мұның түнгі уақытта тиімділігі зор. Себебі, жарыққа шағылысқан лента арқылы жүргізуші жолда малдың жүргенін алыстан аңғарады. Тиісінше, көлік оқиғасының орын алуының алдын алады. Осы тұста, көлік апатына кесірін тигізген мал иелеріне жауапкершілік қаралған. Яғни, бүгінде малды қараусыз жіберуге болмайды.
Осы күні «Көлік апаты қайтсе азаяды?» деген сауалды жиі қоямыз. Ол үшін «жол ережесін қатаң сақтау» деген қарапайым ғана қағиданы естен шығармау жауап болмақ. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірден-бір кепілдігі. «Темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей, жағдайдың оңға басуы қиын. Сондықтан жолда жүргенде абай болыңыз!
Ердос БЕРКІНБАЕВ