Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік сағыныш

Мәңгілік сағыныш

Мен ол кезде кішкентай болатынмын. Есімде көп дүние қалмады. Не­бәрі екі жарым жаста едім. Әкеме алаңсыз еркелеп жүр­ген ке­зім. Қазір сол бір мәңгілік есте қалған бал ке­зеңдерді қат­ты сағынамын.

Мендегі сағыныш әкем Жолдасбек Еш­ма­хановқа ар­налады. Әлеу­мет­тік желіден, теледидардан әке­сін қарттар үйіне өткізіп, әкесіне ауыр сөздер айтып жат­қандарды көрсем, жаным түрші­геді. Сол сәтте менің ойыма тек бір ғана ой келеді. «Әттең, сол ба­ланың орнында мен болсам ғой» деген. Отбасымызда әкеміздің жоқ­тығы біз үшін де, анам үшін де қиын. Қанша қиын болса да, мен жүрегіммен анамды түсінемін. Сол үшін де анама мені өсіріп, баққаны үшін көп рақмет айтамын.

Әкем жайлы мен ұмыт қал­дырған жерлерімді анам ылғи есі­ме салып, бірде күліп, бірде жылап еске алып отырамыз. Мен әкемнің өте жақсы адам болғанын білемін. Себебі анам сабақтан жақсы баға алғанымда, жетістікке жеткенімде, айналамды күлдіріп, адамдармен тез тіл табысқанымда «әкеңе ұқсап барасың» дейді.

Мен әкеме уәде бердім. Өскенде ақыл­ды қыз болуға, анама қамқор бо­луға, бауырларымды жылатпауға, ең бас­­­­тысы, әкемнің есі­­­мін жоғалтпай, ел «кімсің?» деп сұра­ғанда «Жолдас­бектің қы­зы­­­­мын» деп еңсем­ді тік кө­­теріп, еліме қызмет ететін боламын. Және де мен бойжеткен соң дәрігер болып, анамды ауырт­пай, өзім емдеп жазғым келеді.

Мен достарыма ата-ана­ла­рың­ды бар кезінде құрметтеу керек екенін айтқым келеді. Ешбір бала ата-анасыз өспесе екен деп тілеймін. Әке­нің мейірімі шексіз болса, ана­ның алақаны – жұмақ. Менің әкем бізге тілеулес болып, жебеп жүргенін білемін. «Әкешім, жаныңыз Жәннатта болсыншы» деп тілеуден ешқашан шаршамаймын.





Диана БАТЫРБЕК,
№130 Абай атындағы 
орта мектептің 4-сынып оқушысы,
Ақжарма ауылы.
04 мамыр 2022 ж. 385 0