Туған анамды іздеймін
Саламатсыздар ма, құрметті «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы! Мен сіздерге туған анамды іздеп хат жазып отырмын. Себебі қанша жыл бойғы анамды іздеу жолындағы әрекеттерімнің нәтижесі – осы Сырдария ауданына келіп тіреліп отыр. Сондықтан да барлық әрі соңғы үмітім – сіздердің басылымда. Аудандық газет бетінен осы оқиғамды оқыса, бәлкім анамның өзі, мүмкін білетін жандар табылып қала ма деген оймен бар батылдығымды жинап, қолыма қалам алып, сіздерге хат жазуды жөн деп шештім.
Енді бәрі түсінікті болуы үшін барлығын басынан бастасам. Мені осынау жарық дүниеге әкелген жанды өмірі көрген емеспін. Әңгімені неден бастап, қалай айтарымды білмей отырғаным да осы себептен. Бұрын теледидардан көріп, кітаптардан ғана оқитын «хикаяның» өз басыма түсетіні үш ұйықтасам да ойыма келмепті. Өйткені жанымда анам бар еді. Ал әкем тумаса да, туғаннан артық жан болатын. Менің ата-анам деп келген жандар – егде жастағы қарт кісілер болды. Ол кісілердің жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын.
Анамның айтуынша, мені «Әулие-әмбиелерге түнеп жүріп» бір Құдайдан сұрап алыпты. «Сен менің көп күткен жалғызымсың» дейтін анам әкем туралы сұрағанымды жақтыра бермейтін. Екінші әкеме есімді біліп қалған кезімде тұрмысқа шықты. Ол кезде мен 7 жасқа енді толған болатынмын, сол жылы мектепке бардым. Екеуінің арасында еркелеп жүріп бойжетіп, әке-шешемнің қалауы бойынша 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Әкем мен 4 балалы болғанда дүниеден өтті. Ал анам жарықтық 5 немересін көріп кетті. Анам өмірден өткенде мен небәрі 28 жаста едім. Әкем өмірден өткен соң анам жалғыз қалғандықтан төркін жағына кетті. Төркіндері Қызылорда облысының Шаған, Ильич (қазіргі Ақжарма ауылы) совхоздарында тұратын. Әкемнің бақилық болғанына тура 3 жыл өткен соң 71 жасында анам да мәңгілік сапарға аттанды.
Анамның жерлеуіне оның төркіндеріне, яғни нағашы жұртыма барғанымда, нағашы жеңгемнің маған айтқандарын естіп, есімнен танып қала жаздадым. Төбемнен жай түскендай болды. Жеңгеме сенерімді не сенбесімді білмей, мең-зең күйге түстім. Онсыз да анамды соңғы рет көріп, қоштаса алмай қалдым деген өкінішім өзегімді өртеп барғанда, мына жағдай тіпті есеңгіретіп тастады. Жүрек құрғыр сонда да сенбей, кісі аяғы басылған соң, нағашы жеңгемнен айтқандарын қайтадан сұрадым. «Осы айтқаныңыз шын болса, менің туған анам қайда?» деп сұрақтың астына алдым. Ол кісі: «Мен анық-қанығын білмеймін. Қайынсіңілім бізге сені әкеліп, «Мен қызды болдым» деп сүйінші сұрады. Біз де «Қайдан алдың деп?» сұрамадық. Себебі ұзақ жылдар бойы сәбилі бола алмай жүрген қайынсіңіліме тілектес болғаннан басқа сөз қозғауға батпадық. Бір ғана білетінім – сені Қызылорда жақтан 5-6 айлық кезіңде алып келді» деді.
Анам өмірден өтерінде ауырып жатып немере сіңілісіне «Жалғызыма хабар бер, келсін. Қоштасып қалайын» деп қайта-қайта айта беріпті. Ал ол кісі болса, мені шақырмаған. Ол кездері ұялы телефон деген атымен жоқ. Хат жазса, бір айдан аса уақытта келетін. Сөйтіп жүргенде анам дәм-тұзы таусылып, дүниеден өтіп кеткен.
Анамнан кейін ата-енем де бірінен соң бірі дүние салып, туған анамды іздеуге ешқандай мүмкіндік болмады. Содан 2001 жылы жолым түсіп, Алматы қаласында тұратын анамның нағашы сіңілісі Шәрипаның үйіне бардым. Себебі «Сол кісі алып берді» деп естігенмін. Сөйтіп Шәрипа апамнан сұрап едім, ол кісі бірден ашуланып: «Сен осы уақытқа дейін асырап-бағып, осы күнге жеткізген менің апамды ұмытып, шешеңді іздейін дедің бе? Менің апамнан басқа сенің шешең жоқ! Мұндай сөзіңді енді естімейтін болайын!» деп бетімді қайтарып тастады. Осыдан кейін қайтып сұрауға бата алмай, ауылға қайтып кеттім.
Анамды жерлеуге барғанда нағашы жеңгем «Қызылорда жақтан алып келді» деген соң, «Қызылорда жақ болса, балалар үйінен алған шығар» деген оймен арада біраз уақыт өткенде Қызылордадағы Макаренко атындағы балалар үйіне бардым. Осы мекемедегі 1967-1968 жылдары туылған балалардың құжаттарын «Мені асырап алған анамның аты-жөні кездесіп қала ма екен?» деген үмітпен қарап көрген едім, бірақ, ешқандай дерек таба алмадым. Осыдан кейін күдерімді үзіп, іздестіруді қойдым. Сөйтіп жүргенде арада талай жылдар өте шықты.
Соңғы екі жылдың көлемінде үлкен ұлымның көмегімен анамды іздеу жұмыстарын қайтадан бастадым. Ол Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылына барып, анамның туған-туыстарын тауып, сөйлесіп көрді. Сонда туған анам туралы барлық мәліметті сол жылдары осы ауылда тұрып, кейіннен Алматы қаласына көшіп кеткен, асырап алған анамның нағашы сіңілісі Шәрипа апам ғана білетін болып шықты. Ал Шәрипа апам болса, мен 2001 жылы Алматы қаласына арнайы іздеп барғанда ештеңе айтпай қойған болатын. Кейіннен ол кісі де келместің кемесіне мініп кетті.
Ұлым осы Шәрипа апамның туған інісі Шәріпбай ағамның телефонын тауып берді. Шәріпбай ағам қазір Алматы қаласында тұрады екен. Нағашы ағаммен сөйлесіп едім, ол «Сенің туған анаң Шәрипа апаммен бірге Ильичтегі үйімізге еріп келіп, сені асырап алған нағашы апамызға беріп кетті. Сені ешқандай балалар үйінен алған жоқ. Осы Ильичтен, қолдан алды. Бар білетінім – осы. Ал сені өз қолымен әкеліп берген туған анаң туралы ештеңе білмеймін, түрі де есімде жоқ. Атын да айтпады» дегенді айтты. Осыдан кейін менің туған анамды іздеуім тағы да тығырыққа тірелді.
Шәріпбай ағамның айтуы бойынша, менің туған анам қазіргі Ақжарма ауылынан (бұрынғы Ильич) болуы керек. Ұлым осы ауылға барып, асырап алған анамның төркіндерімен кездесіп, ауылдың тұрғындарынан сұрастырып көрді. Бірақ ешқандай нәтиже шықпады.
Өкінішке қарай отбасылық жағдайларыма байланысты толық мекен жайымды жаза алмаймын. Есімім – Бақытгүл, құжат бойынша «1967 жылы 1 қаңтарда туылған» деп жазылғанмын. Асырап алған әке-шешемнің аты-жөні Әшірбек Иманбайұлы, Үмбігүлсін Оразалықызы.
Міне, осы тағдырым жайлы ауданның, Ақжарма ауылының тұрғындары аудандық газеттен оқып, менің туған анам туралы қандай да мәлімет білетін жандар табылып қалар ма деген үмітпен хат жазып отырмын. Қандай да бір мәлімет білетін жандар болса, аудандық газет редакциясына хабарласуларыңызды сұраймын.
Бақытгүл