Сатқындық
Өмір деген қызық қой. Айналаңда жақсы да, жаман да, иманды, имансыз, қатал, тасжүрек, керісінше жүрегі мейірімге толы адамдар өмір сүреді. Кейде үлкендерден «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дегенін жиі естиміз. Мен де кішкентай кезімде көп қиындық көрсем де, өскенде анамның (екінші анамның) берген тәрбиесінің арқасында адам болдым. Мен ол кісіге өмір бойы қарыздармын... әңгімемді басынан бастайын.
Менің анам әйелі бар еркекпен жүріп, ақыр соңында мені туған. Мен ес білгелі есімде қалғаны анам екеуміздің жеке үйіміз болмай, үнемі бір жалдамалы пәтерден екіншісіне көшіп жүретінбіз. Мен 5 жасқа толғанда анам тағы бір еркекті жолықтырды. Екеуі тіл табысып, бірге тұруға бекінгенде әлгі жігіт анама талап қояды. Сондағы оның талабы «балаңды тастап кет» болды. Анам мені бөтен еркек үшін еш ойланбастан тастап кетуге бекінді. Әлі есімде, мені жетектеп әкемнің үйінің алдына әкеліп, қолыма барлық құжатымды ұстатып кете барғаны. Қоңырауды басқан анам есіктің ашылып жатқанын білді де алды-артына қарамай қаша жөнелді. Ал, мен тұрмын. Есікті еңгезердей бір кісі ашты да мені көріп таң қалды. Оны жүзінен анық байқадым. Және менің кім екенімді түсінді. Пәтерге кіргізді. Оның отбасы мені жылы қабылдады. Әкем алғашында балалар үйіне өткізбекші болған. Бірақ, әйелі бұған қарсы болды. Себебі «баланың еш жазығы жоқ» деді.
Осылай өмір өтіп жатты. Басында анамды күтіп жүрдім. Қоңырау басылған сайын анам келіп қалатындай көрінетін. Сосын келмейтінін түсіндім де күтуді мүлде қойдым. Сөйтіп әкемнің әйелін «мама» дейтін болдым.
Ал, әкем болса бірде-бір баласына әкелік мейірім көрсеткен емес. Маған болса да. Ол мені «ас ішіп, аяқ босатар» артық адам деп қабылдайтын. Бірақ отбасындағы басқа адамдар сияқты мені де қажетті нәрсемен қамтамасыз етіп отырды. Ол барынша рақымсыз, қатал адам болатын. Оның жұмыстан келетін уақытында өз бөлмемізден шықпауға, көзіне түспеуге, мазасын алмауға тырысатынбыз, бізді осылай үйретті. Анамыз одан кетіп қала алмайды, себебі жұмысы жоқ, баспанасы жоқ және балаларын да озбыр күйеуінің бермейтінін білетін. Осылайша байғұс әйел жылдар бойы осы қорлыққа төзіп жүрді. Ол әсіресе, үйдегі айтыс-тартысты, айқай-шуды болдырмауға тырысатын. Көбіне күйеуінен қашқақтап, бізді қорғаушы еді. Сондықтан үйіміз тыныш болатын. Біз күнделікті не істеу керектігін жатқа білетінбіз және әкемізді көп мазаламауды үйрендік. Ең бастысы, үйде бізге керектінің бәрі болды, ал анамыз бар махаббатын бізге арнады, мейірімге бөлеп өсірді.
Күндердің бір күні әкеміз тағы бір қызбен көңіл қосып, үйден кетіп қалды, біздің қуанышымызда шек жоқ. Ол кезде біз сәл есейген едік. Әкемнің ұлы мен қызы менімен құрдас болатын. Біз мектепті бітіру емтихандарына бірге дайындалып жүрдік. Мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалдық. Әкеміз бізбен соншалықты жақсы қарым-қатынас жасамаса да оқу ақысын төлеуге уәде берді және сөзінде тұрды. Ақыр соңында біз де мақсатымызға жетіп, армандаған мамандыққа қол жеткіздік.
Арада біршама уақыт өткенде әкеміз қайтыс болды. Артында жиған-терген мол мұрасы қалды. Оның ашынасына ештеңе бұйырмады. Себебі – екеуі заңды некеде болмағандықтан банктердегі шоттары мен компаниясының тең құқылы иесі болып біз есептелдік. Біз әкеміздің ісін әрі қарай жалғастырып, фирманы өркендетуді қолға алдық. Фирманың шетелде филиалын ашу маған сеніп тапсырылды. Бұл бәріміздің ортақ шешіміміз еді. Әпкем мен ағам мені қолдады.
Мен өзіммен бірге анамды алып кеткім келді. Себебі бізді аялап өсірген, бар махаббатын, мейірімін төккен анамыз осындай құрметке лайық болатын. Ол да адам секілді басқа елді көрсін, жылы жақтың ауасында демалып, рахат сезіміне бөленсін. Бізді асырап, бағып, оқытып, мейірімге бөлеп өсірген анамызды біз де осындай қуанышқа бөлегенде тұрған не бар?! Бәріміздің ойымыз бір жерден шықты. Анам бұған қуана-қуана келісті.
Жолға жинала бастадық, билет алынды. Жолға шығайын деп тұрғанда кенет қоңырау соғылды. Есікті ашсам баяғы өзімді осы есіктің алдына қалдырып, алды-артына қарамай қаша жөнелген анам тұр. Мен оны бірден таныдым.
– Ұлым, мен сенің нағыз анаңмын. Сен мені ұмытып қалдың ба? Сен өсіп кетіпсің. Ал, мен сені сағындым, сен қалай тұрады, не істейді екен деп уайымдаушы едім. Мұнан былай бірге тұрайық, – деді.
Мен оның аярлығына, қулығына таң қалдым.
– Әрине, мен сені ұмытқан жоқпын! Және осы жерге кіп-кішкентай мені қалдырып, қалай қашқаныңды ұмытқаным жоқ. Сен менің анам емессің. Менің анам қазір менімен бірге. Екеуміз шетелге бірге кетеміз. Ал, сен менің анам емессің, сені білгім де келмейді, – дедім. Мен бұрылдым да кетіп қалдым. Оған еш өкінбеймін. Мен сатқындықты кешіре алмадым.
Орысшадан аударған
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ