Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ІЗГІЛІКТІҢ ЗАҢҒАРЫ – ҚАЛЖАН АХУН»

«ІЗГІЛІКТІҢ ЗАҢҒАРЫ – ҚАЛЖАН АХУН»

Қасиетті жұма күні ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында аудандық мұрайжай мен кент мәдениет үйінің ұйымдастыруымен дін ғұламасы Қалжан ахун Бөлекбайлына арналған «Ізгіліктің заңғары – Қалжан ахун» атты кент мектептері оқушылары арасында мүшайра өткізілді.
Ізгілікті шара барысында дін қайраткері, дін ілімін жете меңгерген ғұлама ұстаз туралы бейнебаян көрсетілді. Қалжан ахун Хиуа, Бұқарадағы медреселерде төрт жыл білімін шыңдап, он жеті жасында айтулы Көкілташ медресесіне оқуға қабылданады. Осы медреседе он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгерген Қалжан Бөлекбайұлы сол медреседен «Ахун» атағын иемденеді.
Қалжан ахун Бөлекбайұлы туралы бейнебаян керемет түсірілген. Атақты медреседе жерлесіміз, дін ғұламасынан бөлек қазақтың мақтанышына айналған Мәшһүр Жүсіп Көбеев, ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов дәріс алыпты.
Мүшайраға №35, 36 мектеп-лицейлерімен қатар, №210, 131 орта мектептерінен барлығы 12 талапкер қатысты. Жасөспірім ақындардың жыр додасына ҚР Журналистер одағының мүшесі Ш.Нұрсейітов, аудандық мұражай қызметкері С.Қуандықова, кент мәдениет үйінің әдіскері Э.Тілеубергенова қазылық етті.
Мүшайра қорытындысында №35 И.Тоқ­тыбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Асылай Бектасова бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің оқушысы Гүлбану Келдібай иемденді. Ал, үшінші орынды №131 Т.Қозыбаев атындағы мектеп оқушысы Бекарыс Пернебаев пен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Нұрдәулет Сәбитов өзара бөлісіті.
Мүшайра соңында ұйымдастырушылардың бастауымен шараға қатысушылар аудандық мұражайда болып, экспонаттармен танысты және мешіт-медресеге барып тағзым етті.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

23 сәуір 2019 ж. 1 380 0