ИШАНДАР МЕН АХУНДАРДЫҢ ӨЛКЕСІ – СЫРДАРИЯ
Сыр өңірі – бүкіл Алашқа мәлім дүлдүл ақын, шайырлар, батыр, билер мекені ғана емес ахундар мен ишандар, молда мен мақсым атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім, ғылым саласында биік деңгейден көрінген Сыр бойы перзенттерінің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны берік. Олардың қатарында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар. Қазақ даласында ағартушылық істі ишандар мен ахундар, оқымысты ғұламалар өрістетті. Олар ел өміріндегі ықпалды әлеуметтік топ ретінде халықты мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеген, мешіт салдырып, медреселер ашқан, Шығыстың классикалық әдеби мұраларын насихаттаған, Ресей империясының отаршылдық саясатына өздері жүргізген діни тәлім-тәрбие, оқу-ағарту істері арқылы кедергі жасаған шын мәніндегі күрескерлерге айналды. Сыр елінен шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т.б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Осы ғұламалардың қатарында Қалжан ахун Бөлекбайұлының орны ерекше.
Қалжан ахун Бөлекбайұлы 1862 жылы дүниеге келеді. Он үш жасында әкесінен жетім қалған Қалжан ауыл мектебінде дәріс алады. Кейін Хиуадағы діни мектептерде білім алып, имам болды. Жоғары білім алу үшін анасымен бірге Бұхара қаласына табан тірейді. 1879 жылы «Көкілташ» медресесіне оқуға түседі. Оған бұл жерде оқу оңайға түспеді. Себебі материалдық жағынан көмектесетін ешкім болмады. Жанындағы анасынан да айырылып қалады.
1889 жылы 27 жасында медресенің заң факультетін ойдағыдай бітіріп, «Имам» атағын алады. Сонымен қатар, «Ахун» атағы беріледі (мұндағы ахун – заңгер, сөз шебері дегенді білдіреді).
1890 жылы Қалжан ахун Қазақстанға Сыр бойына келеді және досы Ораз оны құрметтеуінің белгісі ретінде қызы Зейнеппен қосады. Содан кейін Қалжанды шыққан тегі бір Табындардың ортасына (қазіргі Жалағаш қыстағы) алып келеді. Қысқа мерзімде қазіргі Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылының көлемінде қам кесектен мешіт салынады, оның алғашқы имамы Қалжан болады. Ол осы жерде өмірінің соңына дейін 26 жыл бойы Ислам дінін насихаттап, халыққа қызмет жасады. Осындағы жергілікті халықтың балаларына ислам дінін, құранды үйретумен бірге философия, медицина, астрономия ғылымдарынан дәріс береді. Ол өзінің шәкірттерін ежелгі Шығыстың жұлдыздары Фирдоуси, Саади, Рудаки, Омар Хайям поэзияларының рухында тәрбиелейді. Мұндағы ел жұртқа ағартушы ғана болып қоймай, тұрғындарға жер өңдеудің, егін егіп, жеміс өсірудің тәсілдерін үйреткен. Сол кезде қаздырған «ақын жармасы» деп аталатын арық бүгінгі күнге дейін бар.
Қалжан ахунның азасына байланысты мынадай әңгіме бар: « Намаз шығару кезінде Табынның тартулы және шөмішті рулары екі топқа бөлініп айтысып қалатын көрінеді. Шөмішті жағы ахун мәйітін оның мешітіне қоюды ұйғарса, тартулы жағы марқұмның тоқберлі руынан шыққандығын бетке ұстап, мүрдені оның туысқандары өз туған жеріне жерлеуге таласады. Даудың аяғы төбелеске ұласатын, адам өліміне дейін баратын болған соң, Қайқы батыр беліндегі қылышын суырып алып: «Ахун денесін ортасынан қақ бөлемін, содан кейін тартулы мен шөмішті болып екі жерге апарып жерлей беріңдер», – дейді. Ақыры таласқа Аралбай керейіт, Мырзабай ахун араласып Қалжан ахун мешітіне апарып қоюға шешім жасайды».
Қалжан ахун мешітінің 1902 жылдары іргетасы қаланып, ел жақсылары мен ахун балаларының басшылығымен 1921 жылы аяқталған. Бұл кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «Ақжол» мектеп-интернаты, кейіннен бастауыш, онан соң жеті жылдық мектеп болып көптеген жастарды өнер, білімге баулыған алтын ұя болды.
Үш ғасырға жуық созылған бодандық дәуірінде өз жерімізде азғыншылыққа айналып, тіліміз бен ділімізден айрылатын қауіпті шекке жақындадық. Дегенмен, отарлаушылардың сан-қилы қастандығына қарамастан тамырын тереңнен алған ұлттық рухымыз, құнарымыз, намыс-жігерімізді сақтап қала алдық. Ата-баба аманаты мен ел мұраты азаттықтың ақ таңы да атты. Осының арқасында ана тілімізді дамытуға, рухани жаңғыруымызға, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымызды зерделеуге, салт-дәстүрімізбен қайта табысуға, еліміз үшін ерен еңбек еткен перзенттерімізді ардақтауға кең жол ашылды. Мемлекет мұраты, ұлт мүддесіне жауап беретін осы қатардағы шаралар жүйелі жалғасын тауып келеді.
Маия ҚОЖАБАЙ