Қаныш Сәтбаевты емдеген емші
Сыр өңірі – бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын, шайыр, батыр, билер мекені ғана емес ахундар мен ишандар, молда мен мақсұм атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім, ғылым саласында биік деңгейден көрінген Сыр бойы перзенттерінің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны ерекше. Олардың қатарында қазақтың өз алдына дербес ел ретінде құрылуына, мәдениетін дамытуға үлкен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар.
Сыр елінен шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т.б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд және т.б. мәдениет орталықтарында білім алған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Кө-кілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында рухани дамуымызға еңбегі сіңген ағартушы ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірі – діни қайраткер, халық емшісі Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 жж.). Ол қазіргі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылында дүниеге келген. Әкесі алаша Қодар батыр болған. Садық 14-15 жасында Тапал ахуннан жеті жыл дәріс алады. Сонан соң ол Ораз ахунның мешіт-медресесінде 2 жыл оқиды. Сыр елінің белгілі батыры Қалданның ауылында 1884 жылға дейін мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелейді. Кейін Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде 4 жыл оқып, «ахун» атағын алған. Бұған қоса медресе жанындағы арнайы иран дәрігерлік мектебінде оқып, діни біліммен қатар Әбу Әли Ибн Сина ілімін де игереді. 1888 жылдан бастап өз еліне келіп, дәрігерлік жұмыс атқарған. Ол төрт жүзден аса түрлі шөптерден дәрі жасап, адам емдеген. Емдеудің 5 түрін қолданыпты. Атап айтқанда, бірінші – шөп-дәрілермен емдеу, екіншісі – қан алу (екі тәсілі бар: теріні тесіп, қан алу, екіншісі вена тамырын жарып қан алу), үшіншісі – қарпу (иглотерапия), төртіншісі – үзу (уқалау), бесіншісі — дұғамен емдеу. Осыларды жетік меңгерген Садық ахун аурудың барлық түрін емдей білген.
Садық ахун 1898 жылдан бастап мешітте имам болған. Бірақ оның есімі негізінен осы емшілігімен кеңінен танылған. Күні бүгінге дейін оның есіміне «Садық ахун», «Садық емші» деген атау жалғасып келеді. 1900 жылдары дін қайраткері Қармақшы ауданындағы Иіркөл маңына көшіп барып, ел дәулеттілерінің көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық етеді. Бұл кезде де бала оқытумен бірге емшілікпен айналысады. Ол мешіт – Садық ахун мешіті деп аталады. Бүгінде оның орны бар.
Емші кейіннен өзі туып-өсіп, кіндік қаны тамған Ақжарма ауылына келіп, өмірінің соңына дейін елге қызмет көрсетеді. Бар алған білімі мен игі істерін халыққа арнап, бала оқытып, көптеген тәрбиелік жұмыстар атқарады. Ауылының өсіп-өркендеуіне, ауылдастарының денсаулығын сақтауға зор үлес қосады.
Садық ахун белгілі академик Қаныш Сәтбаевты да емдеген. Өзінің ат арбасымен Қ.Сәтбаевты бірнеше рет алып жүрген Бәкір Оспанұлы Балғабаев Жосалы зауытының директоры Сорокиннің тапсырмасы бойынша апарғанын айтқан-ды. Оқиға 1927-1929 жылдары болған. Сонымен бірге КСРО-ның үш дүркін депутаты болған Қашақбай Пірімов, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы болған Көлбай Қалыбаевты, дипломат болған Маңдай Тілеулиевті ауруынан ахун емдеп жазады. Мұндай мысалдар өте көп. Өкпе, бауыр, асқазан, жүрек ауруларына «пүл-пүл терази», «жәнжебіл», «иір», көкнәр суы, жалбыз майы сияқты шөптерді балға қосып, қайнатып, шәрбат дәрісін жасаса керек-ті. Ал тамыр, буын ауруларына «ойран», «талшын», «мүшкат», тамыр дәрі, «пәрпі» атты шөптер қоспасынан дәрілер дайындаған. Ол кімде-кім сырқатпен келсе, аурудың диагнозын дәл қойып, барлығын дерлік сауықтырып отырған. Садық ахун әсіресе, жаз айларында науқас адамдарды үйімен көшіріп алып емдейді екен. Діни оқу арасында күніне 10-15 сырқат адамды қарап шығады. Қыс мезгілінде мешіт жанынан арнаулы салынған үйде ем жасап отырып, «тазалық – денсаулық кепілі», жұқпалы аурулардың шығуы тазалықтың жоқтығынан деп тазалық сақтауға үйретіп отыратын көрінеді. Қысқы қоныста ел жайланған соң үйді сілті жағып, ыстаттырып, 2-3 күн есігін бекітіп қойғызады. Мерзімді күннен кейін «гаж» деген ақ топырақпен жудырып, есік-терезелерді ашып барып, науқастарды емдейтін болған.
Елге қызмет еткен Садық ахун сталиндік қуғын-сүргіннің құрығынан тыс қалмады. 1932 жылы «Молда, көтерілісші Ақмырза ишанмен хат алысқан» деген айыппен тұтқынға алынып, Алматыда түзету үйінде 4 ай отырған. Кейін бұл айыптан ақталып, елге оралады. Сөйтіп 1937 жылы дүние салды.
Ахунның балалары Әбжан мен Тәждин мақсымдардың айтуынша, емші бабамыз алдына келген науқастың тамырын ұстап, қандай аурумен ауырып жүргенін дәл табады екен. Кейде биотокпен емдеп, қарпу, қан алу сияқты әдістерді жиі пайдаланған. Қарақұрт пен жылан шаққанды, талма қояншық ауруларын дем салу арқылы жазыпты.
Ахунның ұлы Тәждин де әкесінен қалған құрал-жабдық, дәрілік кітабы, пайдаланатын шөптері сақталған. Көзі тірісінде Тәждин ағамыз әкесінің емдік кітаптарын, 7 түрлі дәрілік шөп нұсқасын аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған болатын. Қазіргі күнде Садық ахунның емдік кітаптары музей қорында сақтаулы.
Ұғына білгенге дін қайраткерінің елге жасаған қызметі ерен, өнегесі мол. Оның ем жолында қалдырған кітаптары құнды саналады. Ұлт руханиятында өзіндік орны бар осындай тұлғалар арқылы біз рухани болмысыздан еш айнымайтынымыз анық.
Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері