11 БАЛА ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛІП, 11 РЕТ ДЕПУТАТ БОЛҒАН АНА
Пәтес апа көрші Жалағаш ауданының Ақарық ауылының қызы. Оңы мен солын таныған он сегіз жасында орта мектеп бітірді. Ол кездің жазылмаған заңы бойынша Ұлы Отан соғысының алдында туғандар осылайша есейіп барып, мектеп бітіретін. Он тоғыз жасында, яғни 1958 жылы тереңөзектік азамат Талапбек Исаевпен көңілі жарасып, отау көтерді. Жас отбасы ата кәсіп мал шаруашылығына жұмысқа тұрып, бірі малшы, бірі сауыншы болып еңбек етті.
«Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» дегендей Пәтес малшы еріне сенімді көмекші болды. Екеуі де соғыстан кейінгі елдегі қиыншылықтарды көріп өскен ұрпақ емес пе? Еңбектің ауырлығына төзе білді. Колхоз төрағасы Оспан Мәлібаев жас отбасын қамқорлыққа алып, жігерлі жастарды ерен еңбекке жұмылдырды. Бақташы Талапбек пен сауыншы Пәтес мал мамандарының ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, ірі қараны асылдандыруға, сүтті мол өндіруге көңіл бөлді. Жас малшы отбасына Жамбыл облысынан әкелінген сүтті көп беретін асыл тұқымды қараала сиырлар беріліп, еңбекқор жандар оларға жоғары дәрежеде күтім жасап, қыстан шығынсыз өсірді. Сауын сиыр табынымен бірге жаз жайлауға, қыс қыстауға бірге көшіп жүрді. Еңбектен тайсалған жоқ.
«Сиырдың сүті тілінде» деген қағиданы берік ұстанып, бағымдағы малды құнарлы азықтандыруды естен шығармады. Нәтижесінде Пәтес Исаева «сүт бұлағын ағызған» деген теңеуге лайық аудан сауыншыларының алдына шықты. Сол кезде ол қарауындағы 20 сауын сиырдың әрқайсысынан екі мың литрден сүт сауды.
Сауыншылық еңбек өтілі 10 жылға тақағанда ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осы жылы облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Жұмыстың көбісі қолмен атқарылатын кезеңде ерлі-зайыпты малшылар малдан шығын бермей, сүт өндіруде жарқын жетістіктерге жетті. Жалпы Пәтес Бимағанбетқызының еңбек өтілі 35 жылды құрайды. Сүйегі асыл ананы қазақ әйелінің эталоны десек те жарасады. 11 баланы дүниеге әкелді. Халықтың мүддесіне орай, еңбек ете жүріп, 11 рет аудандық, ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдарының, «Күміс алқа», «Алтын алқа» белгілерінің иегері.
– Мен бақытты жанмын. Ұл-қыздан 30 немере, 31 шөбере сүйіп отырмын. Балаларым еріміз екеуіміздің жолымызды жалғастырып, шаруашылықтың түрлі саласында еңбек етеді, – дейді Пәтес Исаева.
Айтса айтқандай, үлкен қызы Балкүл ата-анасы еңбек еткен С.Сейфуллин шаруашылығынан есепші болып зейнетке шықса, Жанаты қазір сол шаруашылықта есепші. Қанат пен Талғат күрішші. Ақкенже аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінде бас маман болып еңбек етеді.
Балды бармақ сауыншы Пәтес апа жақында 80 жасқа толды. Бұл атаулы күнді ауданда қалыптасқан жақсы дәстүрге сай ауыл болып атап өтті. Мал шаруашылығының майталманы П.Исаеваға ауыл әкімдігі, шаруашылық тарапынан сый-сияпат жасалды.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне саялы бәйтеректей пана болып отырған асыл анаға қуанышты күндеріңіз көп болсын дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ