АУЫЛДЫҢ ІСКЕР АЗАМАТЫ
Шіркейлінің іскер азаматының есімі бүгінде облысқа белгілі. Ол бірақ атақ жолында емес, абырой жолында тер төгіп келеді. Әңгіме кім жайлы екенін көзі қарақты оқырман іштей шамалап отырған болар. Бүгінгі толғаныс – кәсіпкер Жанарбек Нұрымбетов туралы болмақ.
Жас маман Жанарбек
Ол тәуелсіздікпен құрдас уақыттан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ал, туған ауылына келіп, осы салаға бет бұрғанына биыл 17 жылға аяқ басты. Адал еңбегінің арқасында абыройға бөленген жанның бүгінде шаруасы ширақ, ісі өнегелі болып отыр. Өйткені, алдына қойған мақсатына жету, ол жолда тынбай еңбек ету, оның жастайынан бойына сіңген дағдысы деуге болады. Туған ауылы Шіркейліде орта мектепті бітіргеннен кейін Жанарбек әулеттің еңбек жолын жалғастыру мақсатында Қызылорда ауыл шаруашылық техникумының ветеринария бөліміне оқуға түсті. Өйткені атасы Ыссамадин Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер, жауды жеңіп, майданнан оралғаннан кейін ферма басқарды. Ал, әкесі Сражаддин шаруашылықта ірі қара сиыр бақты. Анасы Қыздаркүл сауыншы болды.
Арнаулы оқу орнында студент болып жүрген жас жігіт кәмелеттік жасқа толып, әскер қатарына шақырылды. Екі жыл Ресейдің Пермь қаласында азаматтық борышын өтеді. Әскерден оралғаннан кейін оқуын жалғастырып, қолына диплом алып, Қызылорда ет комбинатының шұжық цехына шебер болып жұмысқа орналасады. Бұл еліміз егемендік алып, нарықтық қатынасқа көшкен қиыншылыққа толы жылдар еді. Жас маман өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, еңбек етсе де, заман ағымына орай комбинат жұмысы тоқырап, ол жабылды. Жанарбекке жұмыс ауыстыруға тура келді. Бұдан кейін Қызылорда облыстық жабдықтау базасына механик болып орналасты. Білімін ұштап, екінші мамандық алуды да естен шығарған жоқ. Базада еңбек еткен жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің гидромелирация факультетін сырттай оқып бітірді. Мұнан соң Қызылорда күріш зауытының екінші күріш ақтау цехына ауысым шеберлігіне жұмысқа шақырылды. Мұнда да ет комбинаты тәрізді екі-үш жыл еңбек еткеннен кейін нарықтық қатынасқа төтеп бере алмаған күріш зауыты жабылды. Қажыр қайраты мол, жігерлі азамат Жанарбек жұмысы қысқарғанымен «ендігі күнім не болар екен» деп ері мойнына кетіп, мұқалған емес. Нарықтық сұранысқа ие мамандық кәсіпкерлікпен айналысып, көрші Ресейге күріш тасымалдады. Үйде қарап жатқан жоқ, қолынан келетін іспен айналысты.
2002 жылы Елбасының «Ауылды гүлдендірейік» атты үндеуіне үн қосып, туған жеріне ат басын бұрып, ата кәсіппен айналыса бастады. 2003 жылдың ақпанында «Ыссамадин» шаруа қожалығын құрып, тіркеуден өткізді. Осы жылдың көктемінен бастап күріш, жоңышқа екті. Жылдан-жылға шаруасы түзеліп, қорасы малға толды. Сөйтіп, 2012 жылдың 1 желтоқсанында ҚР Президенті күні шаруа қожалығының жанынан 400 бастық мал бордақылау және сою алаңын ашты. Осы кезеңде өңірге белгілі кәсіпкер болған Жанарбек Нұрымбетовтың жұмыс орнына 2013 жылдың ақпанында сол кездегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков арнайы келіп, алаң жұмысына оң бағасын берген болатын. Осы жылдан бастап бірнеше мамандықтың иесі, кәсіпкер Ж.Нұрымбетов ірі қараны асылдандыру жұмысымен айналыса бастады. Мұнда оған қарамағындағы жұмысшыларымен қатар бастапқы мамандығы да көмекке келді. Шаруа қожалығының төрағасы 216 аналық сиыр, 7 бас қазақтың ақбас тұқымды ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, қолдан ұрықтандырды. Осы орайда кәсіпкердің селекциялық жұмыстарға аса мән беретінін баса айтуымыз керек. – Екі жыл сайын бұқаларды ауыстырып отырамын. Өз төліне шаппасын деген ұстаныммен. Салқын жерден әкелген асыл тұқымды бұқа жергілікті жердің ауа райына үйренуі үшін бір жыл адаптациядан өтеді. Жаздың ыстық күндерінде үстіне әлсін-әлсін су себеміз, – дейді кәсіпкер бізді өз жұмысының қиындығынан хабардар етіп.
Бағымдағы аналық сиыр мен асыл тұқымды бұқаларды қолдан ұрықтандыру арқылы алынған төлдер қолда бағылып, жас ерекшеліктеріне қарай семіртуге қойылады. Бордақыға қойылған малдар 45 күннен кейін қосымша салмақ жинап, сойылады. Қазіргі таңда семіртіліп, сойылатын ірі қараның жылдық айналымы 1000 басқа жетіп отыр.
–Қазақтың ақбас тұқымды ірі қараның еті тығыз, жергілікті малдан салмағы басым болады. Бұрын телеарналардан 1 тонна ет беріп жатқан ірі қараны көріп, мұндай да болады екен деп таң қалушы едік. Бір-екі жылдан бері осы межеге өзіміз де қол жеткіздік, тіпті асып түсіп жатқан жағдайымыз да бар, – дейді ШҚ төрағасы.
Көптен ата кәсіппен айналысып жатқан жігерлі, білімді азамат өз ісін ғылымның жетістігіне байланыстыра дамытуды жолға қойған. Селекциялық жұмыста ғана емес, оны мал семіртуде де пайдаланады. Бұл орайда ҚР мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қызылорда филиалымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардан бордақыға қойылатын малдарға берілетін биоқоспалар алып отырады. Тәжірибе жасағанда биоқоспа қабылдаған ірі қара 70 келіге дейін артық салмақ беретін көрінеді. Бұл жетістік пе, жетістік.
Шіркейлілік кәсіпкер сапалы ет өнімімен негізінен қала халқын қамтамасыз етіп отыр. Қалада бірнеше ет сататын дүкендері және базарда бірнеше сауда нүктесі бар. Сонымен қатар оннан астам мекемемен келісім-шартқа отырып, құнарлы отандық өніммен қамтамасыз етеді. Малды бордақылау кезінде азықтандырудың күндік нормасы қатаң сақталып, жем-шөп турап, ұнтап беріледі. Жем шығаратын және шөп турайтын қондырғылар бөлек орналасқан. Биылғы жылы жем шығаратын цехқа қазіргі заманғы қондырғы орнату үшін үлкен ғимарат салыныпты. Қондырғыны шетелден әкелудің жолдары қарастырылуда. Сондай-ақ, биыл 2 мың тоннаға дейін күріш сақтайтын қойма пайдалануға беріліпті. Мал шаруашылығына қажетті бірнеше ғимарат құрылысы жүргізіліп жатыр.
Мал азығын қожалықтың өзі өндіреді. 80 гектар жоңышқасы бар. Сонша гектар күріш егеді. Жоңышқаның өзін ексе күнге күйіп кететін болғандықтан оған мақсарыны араластырып егеді. Ал, өз кезегінде мақсарының да құнарлы мал азығы екені көпке белгілі жайт. Жоңышқа жинап, тайлау үшін кезінде мемлекеттің 50 пайыз жеңілдігімен алынған трактор шөп тайлағышы бар. Бұдан басқа шөп оратын жаткасы тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай.
Шаруашылығына күн батареясын орнатпақ
Кәсіпкер бізбен әңгімесінде мемлекеттің ауыл шаруашылығына жасап отырған ерекше бір жеңілдігі жөнінде айтып өтті. Егер де осы салада кәсіппен айналысып жатқан адам шаруашылығына күн батареясын сатып алатын болса, оған мемлекеттен 80 пайыз жеңілдік жасалатын көрінеді. Бұл мемлекет тарапынан малшы қауымды өркениетке бастайтын үлкен қолдау екені анық. Жанарбек те осы мүмкүндікті пайдалануды ойластырып отыр.
–Күн батареясын ауылдан жырақ орналасқан қыстауыма орнатсам деймін. Құдықтан бастап электрлендіріліп, қазіргідей «ЗИД» моторын қолмен қосудың машақатынан құтылар едім. Құдық ол кезде электр желісі барғасын мотор дүр етіп от алып, түймемен (кнопка) басқарылады. Малшы отбасы теледидар көріп, тоңазытқышты пайдаланар еді. Ол кезде мал бағуға ынталылардың да саны көбейер еді, – дейді ол.
Бұдан бір жарым жылдай бұрын Ж.Нұрымбетовтың жұмысымен танысқанымызда оның түрік технологиясымен айран және құрт, май, қаймақ дайындайтын облыс орталығына белгілі ауылда цехы бар еді. Өзінің кәсібін кеңейткесін, әрі кейінгі өсіп келе жатқан ауыл жастарын қолдау мақсатында аталмыш цехты қолынан іс келетін Ақеділ Нұрмахановқа басқаруға беріпті. Отандық өнім өндіретін жас жігіттің кәсібін алға бастыру үшін үлкен көлемде несие алуға да көмектескен.
«Кәсіптің көзін тапқанды, бақыттың өзі табады» дейді халық даналығы. Сол айтқандай жүрегі жомарт, ісі мәрт, халық қамын ойлайтын Жанарбек Нұрымбетовты 2016 жылғы жергілікті мәслихат сайлауында ауданның арғы беті ауылдарының тұрғындары жоғары сенім білдіріп, №13 Шаған сайлау округінен облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Кәсібіне іскер, қоғамдық жұмысқа белсенді, халық қалаулысы ауданда, өңірде Елбасы алға қойып отырған өзекті міндеттердің жүзеге асуына қажырлылықпен атсалысып келеді. Сайлаушылар аманатының жүзеге асуы туралы сұрағанымызда соңғы жылдары ауылға жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтың мол екендігінен хабардар болдық.
Депутаттық мандатты алып, ауылдарды аралап жүргенде Жетікөл елді-мекенінің тұрғыны, ардагер ұстаз Сара Төребаева жол мәселесін қозғап, 20-30 жылдан бері үш ауылдың үстінен өтетін трассаның жөндеу көрмегенін, осы мәселеге ықпал етуімді сұрады. Апамыздың ауызы дуалы екен. Аэропорт пен Айдарлы арасындағы осы жолға 112 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Бесарық елді-мекеніндегі апаттық жағдайдағы көпірге биыл 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Осы ауылдың электр жүйесі толық жаңартылды. Ақжарма да осындай жұмыстар жасалды. Облыстық мәслихат мінбесінен айтылған сайлаушылар аманаты атқарушы билік тарапынан еш уақытта ескерусіз қалған емес. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан көлемінде де солай. Бұл өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді, – дейді халық қалаулысы.
«Отан – отбасынан басталады» дейді халық даналығы. Ата жолымен жүріп, бір кездері ата кәсіпке бет бұрған Жанарбек бүгінде бас бармақпен көрсететіндей «мынау» деген кәсіпкер. Халық сенімін арқалаған депутат. Отбасында бес баланың әкесі. Құдай қосқан жары Гүлсім Келдібайқызы Жанарбектің кәсібінің алға басуына үнемі қолдау білдіріп, барлық жағдайды жасап отыр. Ерлі-зайыптылар үлкенге ізетті, кішіге құрметті жандар. Алтын асықтай ұл-қыздары тәрбиелі, өнегелі болып өсіп келеді. Жанарбектің ата дәстүрге, ұлттық тәрбиеге қатты көңіл бөлетіні байқалады. Ұлдарының атын Дінмұхамед, Еламан, Қонысбек, қыздарының есімдерін Алуа, Аруза деп қоюы да соны айғақтайды. Дінмұхамед иісі қазаққа, ал Қонысбек пен Еламанның есімі ел басқаруымен өңірімізге белгілі азаматтар. Перзенттер дүниеге келгенде есімдерді өзі қоймаған. Текті тұлғалардың жақындарына өтініш жасаған. «Кемел елдің келешегі білімді ұрпақ» дегендей Еламан Астанадан жоғарғы оқу орнын, магистратураны бітіріп, Қытайда, Англиядан тағылымдамадан өтсе, магистрант Алуа Болгарияда білімін ұштауда. Ал, қалған балалары мектеп оқушылары.
Отбасына, ауылға ғана емес бүкіл өңірге сыйлы Жанарбектің болашақта да табыс биігінен көрінетініне де сенім мол.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ