ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА
Егін егіп, мал бағып, ауданның ауыл шаруашылығын көтеруге өздерінің қарапайым еңбегімен үлес қосқан күріш өсірудің шеберлері, Еңбек Ерлері – Қасым Бөдеевтің, Дүйсенбай Керейтбаевтың, Ибадулла Ақниязовтың, Күләнда Әбдіраманованың, Цой Ги Хваның, Балдырған Мұстапаевның, Аманкелді Ахметовтың, шопандар Ахмет Халықовтың, Айша Меңлібаеваның, құрылысшылар Бақытжан Серімбетовтің, Қуаныш Сарбөпеевтің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Зейпін Жүнісбаева, Қатира Мыханованың, Жаңбырбай Қожауовтың, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі депутаттары болған күрішшілер Бексұлу Синаеваның, Райкүл Жалғасбаеваның, Күләш Әсімованың, сауыншы Күлжан Әуезованың, шопан Сейітбек Мінайдаровтың механизаторлар «Ленин» ордені Ырысты Өкшебаеваның, Гүлнар Әлеекеваның, сауыншы С.Өмірзақова, ІІ-ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иесі, шопан Қыпшақбай Күліковтің есімдері әйгілі. Бұлар күні бүгінге дейін сырдариялықтардың мақтанышы.
***
Ауданның атын әйгілеп, даңқын асырған еңбек адамдары ғана емес, дарынды да талантты ақын-жазушылар. Жыр күмбезіне 41 мың жол жыр жауһары «Көріғұлы» дастанын жырға қосқан Рахмет жырау Мәзқожаев, Қазақстанның халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов, ақын Асқар Тоқмағанбетов, Қазақстанның халық жазушысы Әбілда Тәжібаев пен Қалтай Мұхамеджанов, белгілі ақындар Әбіраш Жәмішов, Сейфолла Оспанов, күллі түркі дүниесінің ірі қоғам қайраткері – Мұстафа Шоқай, академиктер Шахмардан Есенов, Мұхамеджан Қаратаев, Мүсілім Базарбаев, Мұхтар Алшынбаев, Мырзабек Дүйсенов, Алма Қыраубаева, әдебиет пен өнер саңлақтары Сұлтан Қожықов, Айтбай Хангелдин, Сұлтанәлі Балғабаевтар осы елдің перзенттері.
***
– Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов, Жаппасбай Нұрсейітов, Жақыпбек Махамбетов, «Даңқ» орденінің толық иегері Кәкім Әбдіқадіров.
***
1938 жылдың 10-шы ақпанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Сырдария ауданы құрылып, орталығы Қызылорда қаласында болды. Аудан құрылған алғашқы жылдарын да 33 майда шаруашылық артельдер, 22 ТОЗ, бір машина трактор стансасы болды. 1938-1939 жылдары аудан бойынша 65 трактор, 1169 мүйізді ірі қара, 9548 қой, 159 түйе мен 157 жылқы ғана болды.
***
Ауданда оқу-ағарту және басқа да ошақтар санаулы ғана еді. 5 жетіжылдық, 39 бастауыш мектеп жұмыс істеген. Бұлармен қатар елдегі сауатсыздықты жою мақсатында 129 сауатсыздарға және 51 мектеп шала сауаттылар үшін ашылып, бұларда 126 мұғалім сабақ берген. 1938 жылы Сырдария ауданында 10 денсаулық сақтау маманы, 38 қызыл мүйіс, 4 клуб, екі кітапхана ғана жұмыс атқарған. Кітапханалардың кітап қоры өте аз болатын.
***
1950-1955 жылдарда Үкімет шешіміне орай аудандағы майда колхоздар ірілендіріліп бұрынғы майда шаруашылықтар бір-бірімен қосылып, ірі колхоздар атанды.
***
Қазіргі Айдарлы ауылдық округі жерінде алғашқы мойынсеріктер 1929-32 жылдарда құрылып, елді егіншілікке бағыттады. 1934-35 жылдарда іріленіп, Айдарлы колхозы болды. Айдарлы колхозын З.Байжанов, Құмшығанақты Ә.Есімқұлов, Ақарық ұжымшарын Х.Қыдырбаев басқарды. Осы жерде 1937 жылы Айдарлы ауылдық кеңесі жұмыс істеген.
***
Аманкелді ауылы бүгінге дейін бірнеше рет түрлі ұжымшарлардың құрамында болып, аты да әлденеше рет өзгеріп отырды. 1928-1929 жылдарда Аманкелді ауылы Жетікөл ауылдық кеңесіне қараған. Осы ауылдық кеңес қамтуында: «Ақкөл», «Бестөбе», «Қазыбай», «Шолақарық», «Иіркөл» колхоздары болған. Ауыл негізі 1929 жылдан басталған. Алғашында «Қосша одағы» болғанда басқарушысы Ж.Арыстанбаев, «Шолақарықты» Ә.Түктібаев басқарды. 1937-1938 жылдары «Бестөбе», «Ақсу», «Ақкөл», «Ақжар» атты артельдер бірігіп, Ленин атындағы колхоз болды. Бұл кезде ауылшаруашылығының белгілі маманы, атақты мұраптардың бірі Момынбай Көпірбаев басшылық жасаған.
***
Майда колхоздарды ірілендіруге арналған Үкімет қаулысымен Ленин, Калинин, Қызылту колхоздары біріктірілген. Ленин атындағы колхоз болып, жаңа талап, жаңа бағытпен жұмыс істеген. 1963 жылы «Айдарлы», «Құмшығанақ», «Ақарық», «Қызылту», «Ленин» колхоздары қосылып, мемлекеттік шаруашылыққа көшіп, Аманкелді атындағы совхоз болды. 1974 жылдан қаракөл қойының тұқымын асылдандырумен айналысатын ғылыми-тәжірибе шаруашылығына айналды. Осы кезеңдегі білікті маман, іскер басшы, ғалым Нұрман Жүндабековтың дұрыс басқара білуінің нәтижесінде шаруашылықтың экономикасы күрт артып, ауыл мәдениеті көтерілген тұс болған. Көптеген жұртшылыққа қажетті мәдени-тұрмыстық орындар, адамдардың денсаулығын жақсартып, «Шопаната» сауықтыру кешені халыққа қызмет етті.
***
Жетікөл. Жетікөлдің торабына орналасқандықтан да жергілікті тұрғындар бұл өңірді Жетікөл атандырыпты. Алғашында Жетікөл маңына 1944-1945 жылдары №10 колония орналасады. Колония 1957 жылға дейін осы жерде болады. Кейіннен колония орнына «Загатскот» атты кәсіпорын орын тепкен. Оның алғашқы директоры су маманы болған Дайрабай Оспанов.
***
Бесарық ауылы жерінде «Огродник», «Жаңатұрмыс», «Победа», «Тасарық» артельдері ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында жұмыс істеп, 1950 жылы майда колхоздар біріктіріліп, солардың негізінде Жамбыл атындағы колхоздың алғашқы төрағасы болып Ким Дик Мен сайланған. Бұл колхозда өз еңбегімен елге танымал болған, егінші-дихан, малшы, тағы басқа салалардың озаттары көп шыққан. Солардың қатарында шопан А.Тәженов 1957 жылы «Мал шаруашылығына еңбегі сіңген шебері» атағын алды.
1972 жылы Жамбыл атындағы колхоз Киров совхозының бөлімшесі болып қаланған. Әрине бөлімшенің аты бөлімше. Бұрын өркендеп дамып келе жатқан мәдени-тұрмыстық орындардың жұмыстары нашарлай түскен. Алайда ауыл еңбекшілерінің пәрменді талап-тілектерінің нәтижесінде 1973 жылы КСРО-ның 50 жылдығы аталып, жеке өз алдына совхоз болған.
***
Қоғалыкөл ауылы да басқа өңірлердегі сияқты майда артельдер мен шағын серіктестерден алғашқы колхоздардың қадамын бастаған ауылдардың бірі. Осы маңда «Молотов», «Октябрь», «Сталин», «Ортақшыл» колхоздары болған, кейіннен ірілендіріліп осы 4 колхоз қосылып Сталин атындағы колхоз, 1963-1964 жылдары Жамбыл атындағы совхозға айналып, мемлекеттің қамқорлығы нәтижесінде ауылшаруашылығы дамыған елді мекен, ауыл болды. Осы өңірдегі колхоздардың алғашқы басшыларының бірі, Кеңестер Одағының Батыры Жақыпбек Маханбетов еді.
Деректер«Сырдария ауданы»
кітабынан алынды