Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК ЕР АТАНДЫРДЫ

ЕҢБЕК ЕР АТАНДЫРДЫ


«Азаматты туған жерінің қасиетті топырағы жаратады» деген халықта ұлағатты сөз бар.Осы қағиданы Сырдың тұлғалы азаматтарының тарихы дәлелдейді деуге болады. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазық бар. Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты.
«Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, елдің дамуына үлес қосқан азаматтарымен әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, атамекенді аялау аталарымыздың ел алдындағы жасаған еңбегін дәріптеу ұрпақ алдындағы парызы болмақ. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Сырдария ауданының 90 жылдығына орай Ленин және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Оспан Мәлібаев атына өзі туып өскен елді-мекеннің ең үлкен, орталық көшесі берілді.
Мәлібаев Оспан 1899 жылы Қызылдихан колхозында (қазіргі Сырдария ауданы О.Мәлібаев ауылында) туған. Ол 1920-1925 жылдары Ташкент, Бұхара қалаларында жұмысшы, одан кейін Қызыл Армия қатарында Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысты. Ол 1925 жылы елге оралып, егін егу, мал шаруашылығы жұмыстарымен айналысып, қарапайым жұмысшыдан бастап бригадир, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Cоғыс жылдарында бас көтерер ер азаматтардың қан майданға аттанғанына қарамастан, ауылда қалғандар халық шаруашылығының барлық салаларын өркендетуге күш салды.Сыр елі халқы қаражат жинап майданға 8598 дана жылы киім, оның ішінде 559 тон, 1947 жүн байпақ, 770 жылы кеудеше, 810 құлақшын берді.Отан қорғау қорына 153 839 сом, танк жасауға 70 587 сом, эскадрон жасақтауға 89745 сом қаржы бөлді, жауынгерлерге 590 центнер күріш, 49 центнер қақ, 506 центнер бидай жөнелтті. Ал «Қызылдиқан» ұжымшарының колхозшылары Отан қорғау қорына 2516 центнер астық, 185 центнер ет, 151 мың дана жаңа жылы киім, танк колоннасын жасауға 145 мың сом ақша берді. Бұл жылдары әр колхозшының үйіне жылына 52 кг ет, 6 кг сары май, жүн, жұмыртқа салығы салынды. Жыл сайын мемлекеттік заемға бір ірі қарасын сатып, ақша төлейтін. Мұның өзі колхозшыларға өте ауыр тиді. Бұдан қосымша Отан қорғау қорына ақша, астық, жылы киімдерін берді. «Қызылдихан» колхозында колхоздың өзінен 85 центнер ет, 2616 центнер астық, 1519 дана жылы киім берілді. Колхоз бастығы О.Мәлібаев 65 мың сом, партия ұйымының секретары Ә.Дәрібаев 25 мың сом, озат колхозшы Қ.Ағымбаев 600 пұт қара күріш берілді. Бірақ колхозшылар барлық қиындыққа төтеп берді, шыдамдылық көрсетті. Осы тұста аудан экономикасының дамуына мол үлес қосқан азаматтардың бірі – Оспан Мәлібаев. Ол өзі туып өскен «Қызылдихан» ауылын ұзақ жыл басқарды. Кеңес үкіметін орнатуға қатысты, іскер, өмір көрген О.Мәлібаев Ұлы Отан соғысының отты жылдарында тылда еңбекпен шыңдалған азамат әуелі бригадир, сонан соң ферма меңгерушісі, одан соң ұжымшар төрағасы болып еңбек етті.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол қырықтың қырқасына шыққан, ауыл шаруашылығы өндірісін басқарудың қыр-сырын жетік білетін іскер басшылардың бірі еді. Тұралаған шаруашылыққа осындай басшылар ауадай қажет болатын. Сондықтан Оспан Мәлібаев ұрыс майданына жіберілмей, тылдағы еңбек майданына қалдырылды. Еңкейген кәрі мен буыны қатып үлгермеген балаларға дейін еңбекке тартылған шақта оның бүкіл ауыртпалығын басшы ретінде де, ел ағасы, ел азаматы ретінде де көтере білді. Ауыл сол ауыртпалықтан сыр бермей өтті, өсті, дамыды. 1957 жылы «Қызылдихан» колхозының төрағасы болып сайланды. 1963 жылы колхоздар мен совхоздарды шоғырландыру кезінде О.Мәлібаев құрметті еңбек демалысына зейнетке шықты. Ол басқарған колхоз Партияның XXI сьезі атындағы совхозға айналды. О.Мәлібаев зейнетке шыққанымен, совхозда бөлімше басқарушысы қызметін абыроймен атқарды. Оспан Мәлібаев лайықты құрметке ие болып, колхоз бірнеше мәрте Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелеріне қатысты. Колхоз басқарған жылдары Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.
Есімі аудан тарихына алтын әріппен жазылған ардагердің атына көше беру рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен аудан әкімінің кеңесшісі Б.Өтегенова О.Мәлібаев пен Қызылдихан есімі егіз екенін, ардагердің өмір жолы жас ұрпаққа үрдісті үлгі болатынын атап өтті. Сондай-ақ Оспан атаның ізбасары кезінде шаруашылық, аудан басқарған бүгінде өзі де ардагер Ж.Бодықбаев өндірісті іскер ұйымдастырушының еңбек даңқы ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі беріліп жатқан көшенің ертеңгі күні даңғылға айналатынына сенім білдірді. Ауданның шежіре қарты Қосан ақсақал ардагердің абзал қасиеттерін әңгімеледі. Ұрпақтары атынан сөз сөйлеген Темірхан Оспанов адал еңбекпен абырой төрінен көрінген әкесін әрқашан мақтаныш тұтатынын, ардагерге жасалып жатқан бүгінгі құрмет үшін ел-халыққа ризашылығын білдірді.
Ұлы Отан соғысының 73 жылдығы мен ауданның 90 жылдығына орайластырыла өткізілген ізгі шарада тыл және еңбек ардагерлері, тұрғындар О.Мәлібаевтың ескерткішіне, «Тағзым» алаңындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Әруақтарға құран бағышталды. Мұнан соң көпшілік кент клубында Оспан Мәлібаевты еске алуға арналған «Еңбегі ұрпаққа – өнегелі тұлға» атты жазба ақындар мүшәйрасын тамашалады. Аудандық дәрежеде өткізілген жыр додасына кент пен ауылдардан 10 жазба ақын қатысты. Олар ауданның 90 жылдығы мен еңбек майталманын шабыттана жырға қосты. Ауыздығымен алысқан сәйгүліктердей арқалы ақындар жыр нөсерін төгілтті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей салмақты ой, сырлы жырымен ерекшеленген нағилық Бекжан Махамбетов бас жүлдені иеленді. Сахнада шабыттана жыр оқыған, өлеңінде ойлы өрнек бар тереңөзектік Балтабай Ордабеков бірінші орынға лайық деп танылды. Жүлделі екінші орынды аманкелділік Нұрман Әбдірәсіл иеленсе, үшінші орынды тереңөзектік Зарина Жарболова мен сәкендік Бақтөре Айтбаев өзара бөлісті. Мүшәйраның жеңімпаздары «Дипломмен», бағалы сыйлықпен марапатталса, ал қатысқан барлық жас талапкер ақындар «Алғыс хатты» және ынталандыру сыйлығына ие болды. Ақындардың жүлдесін О.Мәлібаевтың ұлы Әділхан, қазылар алқасының төрағасы Б.Есназар, мүшесі Ш.Нұрсейітов тапсырды.

Шаhарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ
15 мамыр 2018 ж. 1 471 0