Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАСҚЫРМЕН АЛЫСҚАН ҚАҚПАНШЫ

ҚАСҚЫРМЕН АЛЫСҚАН ҚАҚПАНШЫ

Жетікөл сапары кезінде ауыл әкімі Жомарт Қожахметовтен «ауылда қақпаншы бар ма деп сұрадық?» Ол еш ойланбастан «бар» деді. Исі қазақтың бойында ата-бабадан қалған аңшылық қасиет сақталатыны рас. «Онда не тұрыс. Дала қыранымен дидарлассақ» деген ниет білдірдік. Олар Қаржаубай ақсақалдың үйіне апаруға келісті. Көлік ішінде отырып, шағын ауылдың осыншалық тұнып тұрған тарихына қайран қалған жайымыз бар. Жол қысқарту мақсатында ауыл жайында жан-жақты әңгіме өрбітіп келеміз. Осында келген талай адам біржолата тұрақтап, киелі топырақ мекенін қара шаңыраққа айналдырған. Еңбек көрігін қыздырып, отбасы құрып, осы елдің өсуіне, көркеюіне үлес қосқан. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей ауыл адамдарымен біте қайнасып, осы ауылдың бір бөлшегіне айналып кеткендері қаншама?! әңгімелесіп отырып, межелеген жерге қалай жеткенімізді білмей қалдық. Бізді баласы күтіп алды.
Кешқұрым уақыт. Қаржаубай ақсақал аула ішінде сәкіде отыр екен. Алдымен өзімізді таныстырып, жөнімізді айттық. Қария үзінен нағыз қарапайым қазақы болмысты, шежірелі ғұмыр жылнамасын аңғардық. Алғаш ауылда колония тұрғызылғаннан бастап, осында тұрақтап қалған. «Ұл туса – әкеге тартар» демекші, бала күнінде әкесімен бірге жүріп, жазық даланың адуынды қожайынына айналған. Әкесі жанына серік еткен, барынша аңшылық өнердің қыр-сырын үйреткен. Сан жылдар уақыт шеңберінде ұланғайыр кеңістікте көсіле шауып, әккі қақпаншы атанған. Жалағаштың Еңбек ауылынан көшіп келген олар бүгінгі Жетікөл аулының тарихымен бірге жасасып келеді.
Бүгінде сексеннің үшеуіне аяқ басқан Қаржаубай ақсақал жас күнінде қыр басында аңшылықты сүйікті ісіне айналдырған. Ғасырлар тоғысында әулетімен Қызылдың қойнауында тіршілік етіп, күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа ата кәсіпті бойтұмар етіп, сақтап келеді. Әкесі жеті жасынан қақпан салып, өмір бойы тынымсыз аң аулаумен айналысқан. Ол болжағыш қасиетімен қай уақытта аңға шығу керектігін дөп басып, тауып отырған. Бір жылдары ауыл маңайын қасқыр жайлап кетеді. Малға қырғидай тиіп, төрт-түлікке қауіп төндіргенде серігі Бақтияр екеуі қасқырларға қақпан құрады. Небір арланды тұзағына түсіріп, қанжығасына байлайды. Қасқыр табиғаты – мінезді, адуынды, бір жағынан қайратты, жыртқыш екені анық. Онымен шайқаста асқан жүректілік қажет. Мына бір оқиға әлі есінде. Күн сайын өз үйіріне бас болған кәрі айғырды шолақ қасқыр сырттай аңдумен болады. Ақыры құрығына түсіріп, бүкіл бөлтірігінолжаға қарық қылады. Айғырдың егесі жылдар бойына өзіне серік болған үйірдің қорғаушысына айналған, кәрі жылқының қалай қасқырдың жемтігіне айналғанын біле алмай әлек. Қаржаубайға өкінішін айтады. Шолақ қасқырды қолға түсіруді ақылдасады. Мұндайда қақпаншы біткеннің делебесі қозатын әдеті бар емес пе? Қақпаншы арланның айласынан асып түсердей жоспар құрып, сол жүретін аумаққа тұзақ салады. Бұдан бұрын да қақпанға түсіп, шолақ атанған қасқыр щынында дәу екен. Алғашқы ажал тырнағынан қалай құтылғаны белгісіз. Дегенмен бұл жолы қақпаншының айласы бұдан асып түсті. Су арнасының бойында шынжырға оралып қалыпты. Аңшы жақындағанда көзінен от шашқан қасқыр бұған тұра ұмтылды. Тістері ақсиып, шайнап тастайтындай. Шамалы жақындап келіп, мылтықтың шүріппесін басып қалды. Қапыда қолға түскеніне назалы арлан сол орнына ышқына секіріп барып, жан тәсілім етті. Осы оқиғадан кейін Жетікөлдің төңірегін торуылдаған бірнешеуін қақпанға түсіреді. Малды қынадай қырып бара жатқан қасқырды ауылдан бездірді.
Бір күні қолындағы мылтығымен ауыл іргесінде саят құрып, айналаны бағдарлап келе жатады. Кенет сырт еткен дауысты естиді. Сөйтсе, дәу арлан Қаржаубай ақсақалдың әр қимылын аңдып тұрады. Нағыз шайқасқа түсердей алға қарай алқынып келе жатқан қасқырға мылтығын кезеп, шүріппені басып қалады. Бұл жолы аңшы мүлт кетті. Бойына оқ дарымаған арлан кері бұрылып, жыңғылдан өте бергенде тұзаққа түсті. Сөйте тұра қарсы тұрған аңшыға қарай тұра ұмтылды. Бұл жолы аңшы мылтықты атып үлгіреді. Қасқыр сылқ етіп, жан тәсілім етті. Табан асты өмір үшін күресті бастан өткерген қария ол күнді еш уақытта ұмыта қоймас.
Негізінде қақпанды құрудың бірнеше тәсілі бар. Малдың шұбырындысының соңына қасқыр бірінші түседі. Төрт-түлікке тұтқиылдан келіп шабуыл жасағанда айтарлықтай олжаға ие болады. Сондықтан қақпан құруда да малдың жайылымын, тоның жүретін жолын есептеп, ескеріп отыру керек. Турасынан қақпан құру тапқырлықты қажет етеді. Сонымен қатар қасқырлар дәрет сындырған орынға қақпан құру да бір амал. Тағы бір ұстаудың мүмкіндігі бір үйдің малына түскен қасқыр етін жеп үлгірмесе, ертесіне олжасына қайтып оралады. Бұрындары қасқырдың күшігін өлтірген жағдайда аңшының ізі арқылы ізден тауып, міндетті түрде кек алатын болған. Түн – баласына үйінің маңайын торуылдап, ұлып тұратын кездері болған. Сол жылдары киік аулаудың да тәсілін әкесінен үйренген. Киік шоғырланып жүреді. Ал киіктің ізіне түссең лақты ешкіні кезіктіресіз. Теке оларға қосылмайды өз алдына жүреді. Кейіннен киік ауылға келуді қойған. Бас жаққа ауып кете барған.
Қақпанды өзі қолай көрген ұсталарға жасатып отырған. Оның технологиясына тоқталар болсақ, «қандауыз», «серіппе», «түндігі», «тиегі», «тиек бауы» қатар жүреді. Қасқыр қақпанмен қатар тағы да басқа шағын түрлері кездеседі. Бүгінде ол кісі секілді қақпан құратын адам қатары азайған. Замандастарының көзі кеткелі жалғыз шығуға беттемей, ақырында қойып кеткен. Он жылға жуық баласы Бақытбек аңшылықпен айналысады. Қаржаубай Әбдіраманов ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл өнерді келешек жастардың жалғастырғанын қалайды. Бүгінде Бақытбек атасынан қалған қақпанды көненің көзіндей сақтап, қажетіне жаратып жүр. Қазыналы қарияның бойындағы тектілік, өмірі-өзінен кейінгілерге өнеге. Сонау совхоздың жұмысынан шаршауды білмеген қайратты қария елдің тірлігіне белсене араласып, қара күштің иесі атанған. Өзіне қандай жұмыс тапсырса оны тап-түйнақтай орындап отырған. Аңшы бос уақытында саятшылық құратын. Жай ғана саятшылық емес, қанжығасы майланып, келген күні тек үй-іші ғана емес, көрші-қолаң, ағайын туыс, та сол олжадан дәм тататын. Әсілінде әкеден қалған үрдіс пен қазақы дәстүр Қаржаубай ақсақалдың ұрпағынан айналып өтпеді. Бүгінде ата кәсіпті баласы жалғастыруда.

Балтабай ОРДАБЕКОВ


20 тамыз 2019 ж. 550 0