ЖЫЛҚЫШЫ БАҚЫТЖАН

Бақытжан Тапалов осыдан бірнеше жыл бұрын жылқы малын бордақылауды қолға алады. Әркез айрықша күтімді қажет ететін жылқыны өсіруде айтарлықтай қиындыққа кездескені тағы бар. Дегенмен, бейнетке толы еңбектің арқасында күннен-күнге алға қойған мақсаты орындала бастайды. Әу бастан ата кәсіптің негізгі міндетін игеруге кіріскен кәсіпкер әрбір жылқыны 3 ай көлемінде семіртіп, сатылымға шығарады. Жақында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы несие алып, мал басының санын көбейткен. Қазіргі таңда 15-20 бас жылқыны күтімге алып, көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отыр. Арнайы жүк көлігімен жылқысын базарға шығарып, күнкөріс қамын күйттейді. Үш мезгіл жем мен шөпті даярлап, үздіксіз бақылауда ұстайды. Бір жағынан жылқы малы аса мұқияттылық пен тазалықты қалайтындықтан мезгілімен қора ішін қалыпқа келтіру кезек күттірмейтін шаруа. Қас қарайғанша күнделікті қалыпты тіршілікпен айналысу қып-қызыл еңбекті қажет ететіні сөзсіз.
«Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» демекші бізді бір ауланың ішінде үш ағайынды Бақытжан, Бауыржан, Мұхамеджан Тапаловтар бірге тұратыны сүйсінтті. 45 жыл көлемінде бастауыш сыныптың мұғалімі болған Қараман әкейдің ұрпақтары бір дүйім елге айналған. Ағасы секілді бауырлары да ауылда өз кәсібін ашып, жандандыруда. Үшеуі де кәсіпкерліктің қыр-сырын игеріп, шағын бизнестің көкжиегін кеңейтуде. Қашанда бірлігі бір жерге ұйысқан әулеттің берекесі таси бермек. Демек, бәйтеректей тамырын жайған үлкен отбасының кәсібі дөңгеленіп, алдағы күндері нәтижелі еңбектің жемісін көрсін демекпіз.
Пікір 1