Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТІРЛІГІ ТЫНДЫРЫМДЫ

ТІРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТІРЛІГІ ТЫНДЫРЫМДЫ

Бұрыннан да игі істердің ізі бар,­ өркендеп келе жат­қан ақжарма елді мекені ауданда тірек ауылының біріне саналады. Ауылдың қа­зіргі келбетінен оң­ өзгерістерді бай­қайсың. «Жаңа нысан – жақсы нышан» дегендей, мұн­да соңғы жылдары жаңа ғимараттар са­лынған. Олар елді мекеннің шырайын келтіріп тұр.
Ауыл әкімі Ерлан Ешмұратовпен ­­ бір­ге аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстық. Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы Болат Нұр­сейітов атындағы орталық саябақта субұрқақ жұмыс жасап тұр. Саябаққа кіретін айналмалы есіктер орынын темір шарбақты есіктер басыпты. Бұл малдардың кіріп кетуін болдырмайды. Осы аумақта орналасқан екі қабатты бұрынғы аурухана үйінің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұл ғимараттың иесіз емес екенін, келешекте пай­да­лануға берілетінін мең­зей­ді.
Ең бір ауыз толтырып айтарлықтай жайт, ауыл орталығынан «Басапа ишан» атындағы еңселі зәулім мешіт бой көтерген.
– Бұл ғимараттың елді иманға ұйытып, ұрпағымыздың жан жүрегі таза болуына қызмет ететіні хақ. Құрбан айтта мешіттің ашылуын ұйымдастырып, облыстық деңгейде атап өткелі отырмыз. Алла үйінің тұрғызылуына ауыл тұрғындары, ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар үлес қосты, – дейді «Ақжарма және К» ФҚ төрағасы Қайрат Нұрсейітов.
Жаңа мешітті аралап көрдік, еденіне жұмсақ кілем төселген, заманауи үлгіде салынған. Имамның арнайы кабинетіне дейін бар. Мешіттің алды көркейтіліп, көгалдандырылуда.
Ауылда электр жүйелерінің подстанциялары 100 пайызға жаңартылған. Бұрындары Ақжарма ауылына барсаң, полицияның тірек пунктінің жоқ екен­дігі тілге тиек етілетін. Осыған орай жаңа тірек пункті, учаскелік полиция инспекторына жаңа тұрғын үй, тіпті гаражға дейін салыныпты. Ауылдық учаскелік полиция инспекторы Жандос Жұмабектің жұмысына жағдай жасалып отыр. Ендігі кезекте ел сенімін ақтап, абырой биігінен көрінуі керек.
«Ақжарма-2» ШҚ кеңсесіне жа­қын орналасқан бұрынғы қураған талдардың орнына аталмыш шаруа­шылықтың күшімен шағын гүлзар жасалуда. Бұл орталық көшенің ой­дағыдай көріктендірілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаты, іскер басшы Марат Бисенов ауыл іргесіндегі 12 гектар алма бақты қолға алып, алғашқы өнімін күтіп отыр. Мұнда оншақты жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Тағы да осы шаруашылық ауыл бейітінің қоршауын жаңартуда.
Жазғы демалыс кезінде «Ақжарма 2» ШҚ демеушілігімен көп балалы отасынан шыққан 14 бала Көкшетауға жазғы демалысқа барады.
Бүгінгі күні тірек ауылында осындай ілкімді істер орын алуда. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ауылдың абыройын асырып жатқан еңбекқор жандарға толағай табыс тілейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
16 шілде 2019 ж. 960 0