Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚАРИЯЛАР ҚАТЫСҚАН ҚОС ЖАРЫС

ҚАРИЯЛАР ҚАТЫСҚАН ҚОС ЖАРЫС


Ұлттар ұясы саналатын Достық үйінде Тәуелсіздік мерекесі құрметіне кент ардагерлері кеңесі мен «Болашаққа қадам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кент ардагерлері арасында бильярд пен шахматтан жарыс өткізілді.
Ардагерлердің бос уақытында спортпен айналысуы олардың денсаулығы үшін пайдасы зор екендігі даусыз. Кентте қол мергендік көрсетіп, шарды безек қақтыратын қарттардың қарасы қалың. Олардың көпшілігі жасы 75, 80, 90-ға келген қариялар болса да, бильярдты үлкен ынтамен, шеберлікпен ойнайды. Ақсүйектер ойыны саналатын спорттың бұл түрі бойынша жарыс жолына 12 ардагер шықты. Біріншілікте жасы 90-ның төрінде тұрған Рахымжан Бәйменов, сексеннің сеңгірін бағындырған Сергей Тоқсанбаев, Марат Сақтапов, Төлеу Сүлейменов, 75 жасқа иек артқан Әнуар Қарсақбаев, Үсейін Сүлейменов, Абылай Әшірбеков, Мырзалы Орынбаев жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ақтық сайысқа Әнуар Қарсақбаев, Абылай Әшірбеков және Мектепхан Елеусінов шықты. Тартысты бәсекеде қарсылас шақ келтірмеген Абылай Әшірбеков чемпион атанды. Екінші орынды Мектепхан Елеусінов, үшінші орынды Әнуар Қарсақбаев иеленді.
Шаршы тақтадағы текетірес те бәсекеге толы болды. Ардагер шахматшылар бұл спорт түріне қабілетті, шебер ойнайтындарын көрсетті. Тоқсанның төріне шыққан ақсақал Рахымжан Бәйменов чемпион атанды. Екінші орынды Рахым Райымов, үшінші орынды Мектепхан Елеусінов жеңіп алды.
Жарысты қорытындылаған кент ардагерлері кеңесінің төрағасы М.Келдібаев пен қоғамдық бірлестік төрайымы А.Әбдуова ардагерлерді мерекемен құттықтап, арнайы диплом, «Алғыс хат» және бағалы сыйлық табыс етті.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
23 желтоқсан 2018 ж. 875 0