Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰТЫМЫЗДЫ ҚАШЫРЫП АЛМАЙЫҚ

ҚҰТЫМЫЗДЫ ҚАШЫРЫП АЛМАЙЫҚ

Ықылым заманнан келе жатқан сөз өнері ұлт рухына айрықша серпін беретін өнегеге толы таным көкжиегі. Қазақ халқында ежелден тұрмысына сай сөйлеу дағдысы қалыптасқан. Адам қай кезде де сан ұлттың тіліне машықтанғанымен құнды қайнар бұлағы ана тілінен тысқары кете алмайды. Осы күнге дейін өміршеңдігін жоғалтпаған әдеби, көркем сөздік қорымызда айрықша түп мағынасынан айнымайтын мол мұра шоғыры жинақталған. Халық арысында жиі қолданылатын қазақы сөздің астарында тағылымды мән-мағына жатыр. Осы ретте ойлы оқырманның пайдасына жарар деген ниетпен «Сөз құнары қалам ұшында» атты жаңа айдар тағып, қазықы сөздің астырына үңілмекпіз.
Әр шаңырақта үнемі айтылатын «еш уақытта құтымыз қашпасын» деген сөзді үнемі естиміз. Үйге кірген құтты жақсылыққа балайтын ұлтымыздың ұстанымы басқаға қарағанда өзгерек. Алдымен үлкендер жағы пайым-парасаттылығына сүйеніп, ұрпағына ізгілікті жолды көрсетуге тырысады. Ал, құт сөзінің төркіні әріден бастау алады екен. Профессор Р.Сыздықова «Сөздер сөйлейді» кітабында аталған сөзге байланысты нақты анықтама келтіреді. Оның айтуынша құты қашу, құт қону, құтты болсын, құттықтау секілді тіркестердің мағыналары айқын кәнігі сөздер болып саналады. Құт сөзі негізінен «береке», «байлық», «мол қазына» деген мағынаға ұйысады. Соныман қатар «құты қашты» сөз тіркесін «берекесі кетті», «ұсқыны қашты» деп түсіндіреді. Әрі қарай тереңдей түссек құт сөзі «құтын алу», «құты түсу», яки «қатты қорқыту», «шошыту» «көңілі түсу» секілді мән-мағына береді. Р.Сыздықова зерттеу барысында құт сөзінің көне түркі тілдеріндегі түп мағынасын іздестіре келе екі түрлі болғанын дәлелдейді. Бірі – «адам жаны, рухы, өмірлік күші» ( орысша «жизненная сила»), екіншісі – «бақыт, игілік, табыс, сәттілік» дегенді меңзейді.
Түркі халықтарынан келе жатқан құт сөзінің қасиеті ерекше. Көпшілік қуанышты жағдай орын алғанда бір-бірін құттықтап жатады. Бұл дегеніміз әркез жақсылыққа негізделген ізгіліке бағыты секілді. Кез келген шаңырақ берекесі қашпағандығын әуелден ойлап, жастарға ақылын айтқан. Құт кірген үйде татулық лебі еседі. Қазаны оттан түспеген жұртшылық біруге ренжіген мезетте «құтымды қашырмағын, кесіріңді тигізбе» деп жатады. Отбасында бақытқа кенелген әрбір адамның құты түспейді. Қайта көңілі көтеріңкі болады. Бүгінде адам жанына жара салар небір кесірлі сөздің түрі көп. Жақсылықты жасаған кезде шапағаты өзіне құт болып жабысады. Құтты орынды суытпаған атам қазақ тұрғылықты жерінен тысқары көшпеген. Өйткені сол қара шаңырақтан көгеріп мәуелі бәйтеректің тамыры кеңге жайылған, құт дарыған отбасында жақсылық атаулы қатарласа жүреді деген де ұғым бар. Ендеше жалпақ жұртқа айтарымыз аумалы-төкпелі, осы күнгі заманда өскелең ұрпақ санасына құнды, мәңгі өлмейтін сөздеріміздің қадірін жоғары қоюды үйрету парыз. Баршаға үлгі боларлық тағылымды сөз құдіретін барша жұртқа айта жүру маңызды. Сонда ғана ана тіліміздің дәурені шарықтап, жалпы халық арасында сөз мазмұны жоғарылап, өміршеңдігін жоғалтпайды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
02 шілде 2019 ж. 1 096 0