АБАЙ ТҰТЫНҒАН ЖӘДІГЕР
Қазақ халқының ұлттық құндылықтары қашанда жанданып, бабалардан мирас болып қалған қасиетті мұраларымыз тектілік айғағы саналады. Барлық тұрғыдан қарастырғанда біздің дәстүріміз, мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз сан ғасырлар бойғы руханиятымыздың қайнар көзі іспетті. Ата-баба аманатын ардақтау баршаға парыз. Бағзы заманнан келе жатқан ұлы көштің бүгінгі келбеті жасампаз егемен елдің айшықты көрінісі. Осы күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шыққаннан бері мол мұра саналатын рухани байлықтарымыз қайта түлеп, келер ұрпақ болашағы үшін баға жетпес қазынаға айналмақ. Сонымен қатар бабалар тұтынған жәдігерлер жылдар өтсе де, бағалы қасиетін жоғалтпайды. Қайта жастар санасын жаңғыртуда өткенді таразылап, екі дәуір ұқсастықтарын зерттегенде ғана түпкі тамырымыз қайдан бастау алатынын аңғарамыз.
Осы орайда күллі қазаққа жол көрсетуші ғұлама, бас ақынымыз Абай Құнанбаевтың мол мұрасы халқымыздың әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін көтерумен ерекшеленеді. Оның шығарамаларынан әр адамның көкірек көзін ашуға, пайым-парасатын жетілдіруге, қадір-қасиетті бағалауға деген ұмтылысын байқауға болады. Қазақ әдебиетінің бас абызы философиялық трактаттар мәнерінде жазылған «Қара сөздері» арқылы құндылықтар көкжиегін зерделей білген. Кейінгі ізін жалғар толқын да осынау құнары мол қара сөздерден нәр алып, лег-легі танымдық тұрғыдан өсіп жетілген. Абайдың шығармалары мен қатар өзі қолданған бұйымдары, тұрмыстық заттары да құнды жәдігер саналады..
Ауданға қарасты тарихи-өлкетану музейін аралап жүріп, қарапайым дүниеге көзім түсті. Кәдуілгі шкафтың ғасырдан аса тарихы бар дегенде таңырқай қарағаным рас. Сөйтсек, құнды жәдігер Абай Құнанбаевтың тұтынғандығымен ерекшеленеді екен. Музей қорына бұл шкафты А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Ахметбек Іскендіров тапсырған екен. Бағалы жәдігерді Сыр еліне ХІХ ғасырдың бас кезінде Құнанбайдың туысы Тұрған деген кісі төркіндеп барғанда Абай Құнанбаев тұтынған осы кітап шкафын сыйласа керек. Дүниеге келген қыз баласына ұлы Абайдың әжесі Зеренің есімін қояды. Зере есімді бойжеткен заманында Асқар ауылына келін болып түскенде осы шкаф қыз дүниесі болып келгені бізге мәлім. Аталмыш дүниені ақырында Зере туған қызы яғни Ахметбек ақсақалдың анасына тапсырған. Демек, әлемді тамсандырған, әлем халқын мойындатқан Абайдың Сыр бойынан шыққандығының бұл да бір дәлелі іспетті. Осындай жолдармен бүгінгі күнге дейін сақталған жәдігерді аудан тұрғындары көріп, біліп, тарихына қаныға алады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ