Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «ҚАТЫН» МЕН «ӘЙЕЛ» АТАУЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?

«ҚАТЫН» МЕН «ӘЙЕЛ» АТАУЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?


Бірде университет қабырғасында білім алып жүрген қыздарға оқытушы тарапынан тосыннан: – Болашақ ер азаматтарың сендерді «қатын» деп атаса, кез келгенін қалай қабылдар едіңдер? – деген сауал тасталды. Сонда бір топ қыз таңғалысын жасырмай, қарсылық танытты. Кейбірі ескінің жұрнағы әлі күнге санамызда қалып қойғандығын ашық айтты. Әр адам жарын қалай атаймын десе өз еркінде екенін жеткізді. Бұдан бөлек қазіргі таңда отбасында әйел сөзінің жиі қолданылуы үрдіске айналғаны мәлім. Асылында әйел сөзінің шығу тарихын зерттеген мамандардың ойы екіге бөлінеді. Біріншісі, әйел сөзінің парсы тілінен аударғанда «жеңіл жүрісті жезөкше», «сайқал» дегенді білдіреді деген анықтама келтірсе, екіншісі, жоғарыда аталған сөзді жоққа шығарып, парсы тілінен шыққан әйел атауының түбірінде араб тілінен енгендігін алға тартады. Мұнда әйел сөзінің аудармасы «жұбайым» деген мағынаны беретіндігін айғақтайды. Сонымен қатар, қазақы қолданыста әйел сөзінің мағынасы «нәзік жандылар» – дегенді білдіретіні жөнінде мысал келтірілген. Ал, «қатын» сөзі халық арасында кеңінен қолданылғандығын қазақ қаламгерлері мен зерттеушілерінің жазбаларынан кезіктіріп жүрміз. Кез келген адам «қатын» сөзін дөрекі әрі басынғандық, – деп есептейді. Аталған мәселеге қатысты ізденгенімізде бір интернет порталында «қатын» байырғы қазақ тілінде «құтым» (бағым, ырысым) деген мағынада айтылғандығын жазады. Ескі «құтым» сөзі осы уақытқа дейін дыбыстардың ассимиляциялануы барысында «қатын» болып айтылып кеткен. Негізінде 1500 жылдай бұрын «қатын» сөзі көне жазуда кездескен. Ғылыми тұрғыдан зерттей келе «қатын» сөзі араб тілінде «таң нұры» дегенді білдірген. Жалпы қазақ тілінде шығу төркіні осы күнгі «ханым» дегенге саяды. Себебі, көне түркі жазуларында жазылғандығы айтылады. Кейбір жағдайда ата-бабамыз ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек гүлінің хош иісін «хотун» деп жарын соған теңестірген деген тәмсіл бар.
Осы ретте аталған екі сөздің мағынасын аша отырып, бүгінгі қыз-келіншектерімізге «еріңіз «қатын» деп атаса қалай қарайсыз?» деген сауал тастаған болатынбыз. Бұл жерде де көбісі келісетіндігін айтса, енді бірі дөрекелік деп жауап қайтарды. Отау құрғанына 3-4 жыл болған жас отанасы:
– Күйеуім екеуміз шаңырақта барлық шаруаны ақылдаса отырып шешеміз. Сонда үйдегі қожайын еркелете «қатын-ау, мына іске көзқарасың қандай пікіріңді айт, – деп қолқа салады. Менде орайын келтіріп, өз ойымды жеткіземін. Арасында жұмыста жүріп, телефонның ар жағынан: қатын, балалар қалай? Барлығы тыныш па, ауыл-ел аман ба? – дегенде жанымыз жадырап салады, – дейді. Ал, үйленгендеріне 1 жылдан асқан бір отбасында «қатын» сөзі күнделікті сөйлеу тіліне еніп кеткендігін көргенде қуанып қалдық. Бұл оқиғаға мүлдем жанаспайтын екінші жайттың жай-жапсары мынадай: Үлкен шаңырақта жұбайына жиналғандар арасында отырып, жас жігіт – «менің қатынымның қолынан барлығы келеді», «әмбебап өзі» десе, жас келіншек дереу сол мезетте шамданып, күйеуіне әке-шешем саған «қатын» дегізіп қою үшін ұзатқан жоқ, жайыңа қарап сөйле – деген екен. Артынша қаумалаған адамнан ұялған жігіттің күйі айтпаса да түсінікті. Бүгінде өзіміз көріп жүргендей кей жігіттер әйеліне «жаным», «күнім», «бағалым» секілді мақтау сөз айтып жатады. Бір жағынан дұрыс шығар. Дегенмен, еркекке тым жұмсақ болу жараспайтыны рас. Сосын тұрмыс құрмаған бойжеткендеріміз әңгіме барысында бір-біріне «қатын» дегені дұрыс емес секілді. Беті ашылмаған қаракөздеріміздің бұлай сөйлеуі әбестік.
Қазақ ұлтымен бауырлас болып кеткен түркі халықтарының өз дәстүріне сай отбасында ер азаматы әйелін сан түрлі бағытта атайды. «Ана тілі» басылымының сайтында жазушы, филология ғылымының докторы Тұрсын Жұртбайдың «Қатын мен әйелдің айырмашылығы неде?» тақырыбында жазылған жазбасында «әйел» сөзінен бүгінде өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақ ұлттары түбегейлі бас тартқаны жөнінде мысал келтіреді. Бұл ретте ғалым «қатын» сөзінің қазақ халқында архаизмге айналғанын, ол әуелгі заңды құқы мен мағынасы бойынша дәрежелік атау екендігін атап өтеді. Жалпы алғанда қазақ қоғамындағы қатындар бәйбіше, тоқал, құдағи, құдаша, келін, қыз, абысын-ажын, жеңге, еркектермен теңдес құқықта нағашы, жиен, бөле ретінде бөлінетіндігін тілге тиек етеді. Бауырлас елдердің өзіндік сөйлеу мәдениеті отбасында бала санасына сіңірілгенін аңғарамыз. Көршілес өзбек халқы «қатын» сөзінің тереңдігіне бойлап, жалғыз сөздің маңайынан талай тәрбиелік өмір сабақтарын ұштастырады.
Сондықтан бүгінгі қоғамның тез өзгеруге бейім екендігін ескере отырып, «қатын» мен «әйел» сөзін дұрыс пайдалану жолын оқырман еншісіне қалдырамыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
26 ақпан 2019 ж. 2 002 0