ДАРХАН ДАЛА ӘМІРШІСІ
Қазақ өркениетінің даму көкжиегі сонау ерте заманнан бастау алады. Тарих түбін қопарып, ұлт құндылығын насихаттау бүгінгі күннің еншісінде. Бабадан қалған ұлан-ғайыр жерімізде пайда болған сан алуан мұраны жан-жақты зерттеу арқылы баға жетпес мол қазынаны мәңгілікке сақтай аламыз. Оның айқын дәлелі ретінде ел Президенті Н.Назарбаев тарих қойнауынан нәр алып, өткен ғасырлар шежіресін бүгінгі ұрпаққа насихаттай отырып, өшпес із қалдыру мақсатында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жарыққа шығарды.
Осы ретте, мақала өзегінен жарып шығатын, қазақы қанға сіңген «аң стилі», яки саятшылық өнердің қыр-сырын дархан дала төсінде ер жеткен әрбір азамат меңгергені хақ. Бала күнінен хәкім Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін жаттап өскен қазақ жігітінің аңшылыққа деген құмарлығы еш уақытта бәсеңдемеді. Жалпы алғанда, ертеректе адам баласы тіршілік ете бастаған уақытта өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санағаны мәлім. Аңшылық өнердің аражігін ажыратып, нағыз ұлт рухынының қайнар көзі екендігіне көз жеткізуіміз қажет. Біздің атабабарымыздан мирас болып қалған аңшылық өнердің бұлжытпас бөлшегі саналатын қолда тазы үйрету, бүркіт баптау секілді ұлы дәстүрді жаңғырту – басты мақсат. Кезінде қасқырға тап беріп, жолбарыспен жанталасқан, түлкіден айласын асырған қазақ жігітінің жұрнағының буыны қатайып келе жатқан бүгінгі өскелең ұрпақ десек артық айтқандық болмас.
Ғасырлар бойы қазақы текті қасиет атадан балаға дарып, аңшылық дәстүрдің айқын көрінісін қалыптастыруға айрықша күш жұмсалғаны сөзсіз. Қазіргі таңда ата кәсіппен өмір бойы айналысқан саятшылар барынша аңшылық дәстүрді жаңғыртып келеді. «Аңшының кешіккеніне сүйсін» деген халық тәмсілін берік ұстанған саятшылардың қанжығасы қай кезде де майланып отырған. Мысалға алатын болсақ, ерте заманнан түркі халықтарынан бастау алған аңшылықты кәсіп қылу негізінен күнделікті азығын табу мақсатында қалыптасқан деседі. Сол кезеңде өмір сүрген адамдар аң терісінен киім тігіп, тұрмыстық қажетіне де жаратқандығы да айқын дәлел. Тағы бір айта кететін жәйт, аңдардың сүйегінен әртүрлі кескіш, қырғыш, найза мен сүңгілердің ұшы, шаңышқы мен ине жасап, жауынан қорғануға, қала берді жыртқыш аңды тайсалмай аулау үшін пайдаланған. Бұл ретте, қазақтар арасында аңшылықты жақсы меңгерген маманды аңшы, (аңды аулаушы), аңкөс (аң аулаудың сырларын жетік меңгерген аңшы), құсбегі (қырандарды түрге, топқа жақсы ажырататын адам), бүркітші (бүркітті баптай алатын адам) және қағушы (бүркітшілерге қолғанат болатын адам) деп атаған. Аң аулаудың айла-шарғыларын ұйымдастыра білген аңшылар әркез ор қазып, ұшпадан ұшырып, қарға омбылатып аулау, тас қақпанмен, тормен, құм қақпанмен, тұзақпен, құспен, итпен қуу, жемтік салу, мұзға отырғызу іспетті тағы да басқа сан алуан тәсілге жүгініп отырған. Негізінен, аңшылық мақсатына қарай кәсіптік, спорттық-әуесқойлық және ғылыми болып бөлінеді.
«Шын аңшының алдына аңның өзі келеді» демекші, әрқашан қазақ рухын оятып, нағыз ұлы дала ұланын шыңдайтын аңшылық өнердің көсегесі кеңейетініне кәміл сенеміз. Әлі талай ат үстіне қонған қазақтың әрбір ер азаматы дала әміршісі атанады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ