Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмек

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап отбасының жиынтық табысын жан басына шаққанда келетін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына (20789 теңгеге) жетпеген жағдайда әр балаға (18 жасқа дейін, күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге, ал отбасының басқа мүшелеріне кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс айырмасы ретінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленуде.
Атаулы әлеуметік көмек мыналарға:
1) жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен асатын адамдарға (отбасыларға);
2) кәмелетке толмаған балаларды, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балаларды, жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын адамдарды, сондай-ақ екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, отбасының жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан еңбекке қабілетті мүшелеріне;
3) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған ақпарат ұсынған адамдарға (отбасыларға) тағайындалмайды.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың барлық түрлерi ескеріледі, олар:
1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
2) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде көрсетілген балаларға және басқа да асырауындағыларға алимент түрiндегi табыс;
3) жеке қосалқы шаруашылықтан - мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақ­­­­ша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс;
4) кәсiпкерлiк қызметтен түсетiн табыс;
5) жылжымайтын мүлiктi және көлiк құрал­дарын жалға беруден және сатудан түсетiн табыс;
6) бағалы қағаздардан түсетiн табыс;
7) жылжымайтын мүлiктi, көлiк құрал­дарын және басқа да мүлікті сыйға тарту, мұрагерлiкке алу түрiнде алынған табыс;
8) кредитті (шағын кредитті) пайда­ланудан түсетiн табыс;
9) өтеусіз алынған ақша түріндегі табыс;
10) ақша салымдары және депозиттер бойынша сыйақылар (мүдде) түріндегі табыс;
11) ақшалай аударымдар түріндегі табыс;
12) конкурстарда, жарыстарда (олим­пиа­­даларда), фестивальдарда, лотереялар, салымдар мен борышкерлiк бағалы қағаздар бойынша алынған ұтыстарды қоса алғанда, ақшалай және (немесе) заттай түрдегi табыс.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тәуелсіз қызметкер іс-әрекетінің нәтижесінде алынған табысты ең төмен жалақы (42500 теңге) мөлшерінен төмен емес деңгейде көрсетеді.
Отбасының құрамы және табыстар өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайтадан есептеледі.
Алушы көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болатын мән-жайлар туралы он жұ­мыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығын, ал ауыл тұрғындары ауыл әкімін хабардар етуге міндетті.
Алушы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытылы хабарламаған кезде көмектің мөлшері көрсетілген мән-жайлар туындаған сәттен бастап қайта есептеледі, ал өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға әкеп соқтырған жалған мәліметтер бергені анықталған жағдайда ол тағайындалған кезеңге тоқтатылады.
Артық төленген сомалар өз еркімен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
А.МҰХАН,
Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және
азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары
01 маусым 2019 ж. 1 155 0