Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Қазіргі таңда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініштер қабылдануда. Отбасының жиынтық табысын жан басына шаққанда келетін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына (20789 теңгеге) жетпеген жағдайда әр балаға (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20 789 теңге, ал отбасының басқа мүшелеріне кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс айырмасы тағайындалуда.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысына 4 және одан жоғары кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы, стипендия қосылмайтын болды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Шартсыз ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап алты айға тағайындалады, ал шартты ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап он екі айға тағайындалады және әлеуметтік келісімшартта белгіленген кезеңге ай сайын немесе бір рет (біржолғы) төленеді. Біржолғы шартты ақшалай көмек үш айда бір рет төленеді.
Біржолғы төлем әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құстарды және басқаларды сатып алуға), дара кәспкерлік қызметті ұйымдастыруға ғана қолданылады, бұрын алған қарыздарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға қолданылмайды.
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасы құрамы немесе жиынтық табысы өзгерген жағдайда мән-жайлар орын алған күннен бастап қайта есептеледі. Атаулы әлеуметтік көмек алушы атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің немесе оны алу құқығының өзгеруіне негіз болатын мән-жайлар туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Орталықты, ал ауылдықжерде әкімді аталған мән-жайлар туралы хабардар етеді.
Адам (отбасы) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалуына әкеп соқтырған көрінеу жалған құжаттарды ұсынған кезде өтiнiш берушiге және оның отбасына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу оны тағайындаған барлық кезеңге тоқтатылады.

А.Мұхан,
Сырдария аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламалар және
азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі
басшысының орынбасары
13 сәуір 2019 ж. 1 227 0