Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ КІМДЕР АЛАДЫ?

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ КІМДЕР АЛАДЫ?

Елбасы «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезіндегі сөзінде негізгі басымдық – азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде дамуы болып табылатынын атап өтті.
Елбасы белгілеп берген әлеуметтік саясат бағыттарына сәйкес халықтың аз қамтылған топтарының табысын арттыру және оларды қолдау бойынша Жаңа әлеуметтік бастамаларды іске асыруға ерекше ден қойды. Осының негізінде аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Табысы әр отбасы мүшесіне есептегенде ең төмен күнкөріс деңгейінің 50%-ы критерийінен аспайтын отбасылар аз қамтылған отбасы болып танылды.
Атаулы әлеуметтік көмек мынадай шаралар кешенін қамтыды:
біріншіден, шартты және шартсыз түрде тағайындалатын ақшалай төлем;
екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни, оқуға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, микрокредиттер беру, жұмысқа орналастыру;
үшіншіден, әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі.
Елбасы 2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК көрсетудің жаңа механизмдерін қолданысқа енгізуді тапсырды.
Біріншіден, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі бір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін арттырылады.
 Екіншіден, ай сайын аз қамтылған отбасының әрбір баласына күнкөріс деңгейінің 70%-ы мөлшерінде кепілдендірілген көмек (20 789 теңге) көрсетілетін болады. Отбасының ересек мүшелері үшін АӘК мөлшері бұрынғыдай есептеледі.
Үшіншіден, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақылар алып тасталады.
Төртіншіден, сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы АӘК тағайындау рәсімі жеңілдетіледі. Барлық қажетті құжаттар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен сұратылады. Халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтер әкімдіктерінің мамандары ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салулар жолдайды.
Бүгінгі күнге аудандық жұмыспен қамту орталығы биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардан құжаттарды қабылдауды бастап, тағайындау жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек Заңның 2-бабының 1-2-тармағына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.
Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі күнкөрісі төмен адамдарға (отбасыларға) көрсетіледі. Шартсыз ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап алты айға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Шартты ақшалай көмек жалғызбасты немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті күнкөрісі төмен адамдарға, сондай-ақ өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар табысы аз отбасыларға, оның ішінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеушілері болып табылатын жеке тұлғалар ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.
Шартты ақшалай көмекті уәкілетті орган әлеуметтік келісімшарттың қолданылу мерзіміне (он екі айға) өтініш жасалған айдан бастап тағайындайды және әлеуметтік келісімшартта белгіленген кезеңге ай сайын немесе бір рет төленеді. Бір жолғы шартты ақшалай көмек үш айда бір рет төленеді. Біржолғы төлем әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құстарды және басқаларды сатып алуға), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (бұрын алған қарыздарды өтеуді, тұрғын үй сатып алуды қоспағанда) ғана қолданылады. Осыған сәйкес отбасына бір жолғы шартты ақшалай көмек тағайындалған жағдайда дара кәсіпкерлікпен айналысу және жеке қосалқы шаруашылығын дамыту мүмкіндігіне ие болады.


Е.ДӘУІТБЕКҰЛЫ,
аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры
21 сәуір 2019 ж. 1 087 0