Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖӘРДЕМАҚЫҒА ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАНА БАСТАДЫ

ЖӘРДЕМАҚЫҒА ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАНА БАСТАДЫ


«Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажеттігіне тоқ­талып, Үкімет пен әкімдерге бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы от­ба­сыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуды міндеттеді. Осыған сәйкес, аудандық «жұмыспен қамту орталығы» биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардан құжаттарды қа­былдауды бастады.
Атаулы әлеуметтік көмекке тиісті құжаттарды осы айдың кез келген күні тапсырылса да жәрдемақы сәуір айына толық есептеледі. Қажетті кеңес алу және құжаттарды өткізу үшін кент, ауылдық округі әкімдігіне және аудандық жұмыспен қамту орталығына (тел: 8 724-36 21-3-65) жүгінуге болады. Бұдан басқа «111» бірыңғай байланыс орталығы арқылы атау­лы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.
Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге болып белгіленген. Яғни, аталған күнкөрістің 70 пайызы, 20 879 теңгені құрайды. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек отбасына кіретін табыс мөлшерін жан басына шаққанда 20 879 теңгеден аспаған жағдайда аталған сома әр балаға төленеді.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек кәмелеттік жасқа дейін төленеді. Бірақ бала колледж, я болмаса, университетке түсіп кетсе, артынан жоғары оқу орнынан кейінгі білім алса, жәрдемақы 23 жасқа дейін төлене береді.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтінішті аудандық жұмыспен қамту орталығына тапсырады. Сол жерде жеке куәлікті көрсетіп, өтініште отбасының барлық мүше­лерін жазып шығу қажет. Қалған жұмысты орталықтың қыз­меткерлері өздері атқарады. Олар өтініште көрсетілген бар­лық мәліметтерді электронды базамен салыстырады, жәрдемақыны алу үшін тұрақты, я болмаса, уақытша тіркеу болуы шарт. Барлық құжаттарды алты айда бір рет жаңартып отырады.

Еркебұлан ДӘУІТБЕКҰЛЫ,
аудандық «Жұмыспен қамту
орталығының» директоры
09 сәуір 2019 ж. 792 0