Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫҢ СЫЙЛЫ ҚАРТЫ ЕДІ

АУЫЛДЫҢ СЫЙЛЫ ҚАРТЫ ЕДІ


Ақиық ақын Асқар ауылы талай жақсы мен жайсаңның құтты мекені. Сол ауылдың тумасы Әбжан Арынов та абзал азаматтардың бірі еді. Ол саналы ғұмырын туған жерін түлетуге арнады. Оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Бес жасында анасынан айырылса, алты жасында әкесі Үммәдтің «Сталинград майданында қаза тапты» қаралы хабары келді. Тұлдыр жетім бала әкесінің ағасының, нағашы атасының қолында тәрбиеленді. Сондықтан бірінші сыныпқа барғанда тегінің кім екенін білмей, нағашы атасы Арынның атына көшті. Бұл да сол баланы жетім, ананы жесір еткен сұм соғыстың қасіреті. Балалығын жоқшылық, соғыс шарпыса да Әбжан өмірге құштар, қайсар, парасатты азамат болып өсіп жетілді. Мектеп бітіргеннен кейін жетімдік зардабынан алысқа ұзап оқи алмаса да, тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп орындайтын тындырымдылығымен, елгезектігімен көзге түсіп, қызметте сатылап өсті. Бригада да есепші, шаруашылық комсомол ұйымының, партия ұйымының хатшысының орынбасары, ауылдық Кеңес хатшысы, шаруашылық кәсіподақ ұйымының төрағасы, ферма басқарушысы, егіс бригадирі қызметтерін мінсіз атқарды.
Ауылдың сыйлы қарты болған Әбжан ақсақал өзі туып-өскен ауылда 40 жыл қызмет атқарып, 55 жасында зейнеткерлікке шықты. Еңбегінің зейнетіне жеткеннен кейін де үйде қол қусырып қарап отырмай, ауласындағы 100 түп жеміс ағашын күтіп, баптады. Қорасында мал ұстады. Ата-бабасы қожа-молда болғаннан соң ауыл қарттарының ұйғарымымен ауылға молдалыққа бекітілді. Елді-мекенге мешіт салынған 2005 жылдан бастап бас имамдыққа тағайындалды.
– Әбекеңмен 40 жыл қатар қызмет жасадық. Ол іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат еді. Ауылдың жас­тарын елжандылыққа, имандылыққа бау­­луда да еңбегі зор болды. Осындай абзал қасиетімен қарттардың арасында үлкен құрметке ие еді,-дейді еңбек ардагері Дәуіт Сұлтанұлы.
Әбекең көпшіл, сауатты, бауырмал, парасатты азамат болды. 40-50 жыл аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетіне мақала жазып, штаттан тыс тілші атанды. Ол ауылдастарының бірлігін, ұйымшылдығын бәрінен жоғары қоятын елжанды азамат еді. Нарықтың өтпелі кезеңінде тығырықтан жол іздеп, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бағыт сілтеген қарттардың бірі болды. Бүгінде абзал азаматтың ұл-қыздары, немере-шөберелері атасының жолын жалғастырып халық шаруашылығының түрлі саласында жемісті еңбек етуде. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген бәлкім осы болар.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
29 қыркүйек 2018 ж. 1 135 0