Өнерпаздар отбасы
Өмірден өнер саласын таңдауына әкесі Садықтың ықпалы болды. Ұлы Отан соғысының жауынгері Садық Райымов елге жеңіспен оралғаннан кейін Қызылдиқан клубының меңгерушісі болып осы мәдениет ошағының асар әдісімен салынуына белсенді атсалысты. Әке жолын қуған Шырынхан орта мектепті ойдағыдай тәмандаған соң Ақтебе мәдени-ағарту училищесінің музыка факультетіне оқуға түсті. Бұл арнаулы оқу орнын бітіргеннен кейін туған жерге оралып, ауданның мәдениет пен өнер саласында 45 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Ауылдық мәдениет үйін де басқарды. Семей ядролық полигонында сынақ кезінде әскерде болған жауынгер осы ұйымның аудандық филиалына бірнеше жыл жетекшілік етіп, әскер қызметте болғандардың жеңілдіктерге қол жеткізулеріне ықпал жасады.
Бір салада жарты ғасырға жуық табан аудармастан жұмыс жасаған мәдениет саласының ардагері өткен жылы зейнет демалысына шықса да, өмір бойы бауыр басқан өнерден бір елі ажыраған емес. Жақында белгілі музыкант Шырынхан Садықов ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына орай рухани құндылықтарды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты облыстық байқауға қатысып, блок флейта мен пианинада халық әні «Ақ баянды» орындап, үшінші орынды жеңіп алды. Мәдениет саласы ардагерінің жүлдесін сахна төрінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов тапсырды.
Ш.Садықовтар әулеті ауданда үздік өнерпаздар отбасы саналады. Ұлы Азиз аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, атақты «Сырдария» квартетінің белсенді мүшесі. Келіні Ақмарал да би өнерінің аудандағы белгілі тұлғасы. Ол дайындаған шәкірттер республикадан бас жүлдені жеңіп алып жүр. Қазақта «Ұядан не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Сол айтылғандай Шәкеңнің немерелері Зерде, Аль-Хаким бүгінде сахна сәнін келтіріп, қазақтың ән мен биін мәнерлеп орындап жүрген болашағынан үміт күттіретін бүлдіршіндер. Аль-Хаким 1 желтоқсан ҚР тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шарада аудан сахнасында Елбасының балалық бейнесін сомдады.
Осылайша Садықовтар отбасының өнерлі жолы сәтімен жалғаса бермек.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ