Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАЛЫКӨЛІМ

ҚОҒАЛЫКӨЛІМ


Ауыл десе - дүрсіл қағар жүрегім,
Қоғалыкөл - қасиетті ордамсың.
Сенде туған азаматтың бірі едім,
Перзентіңе бола білдің қорған шын.

Топырағыңа бала болып аунап ем,
Көліңе де талай мəрте түсіп ем.
Құмдарыңды теңейтінмін тауға мен,
Байболыңның суын кешіп, ішіп ем.

Ойыныңның құмарына қанбаған,
Кір-қожалақ құлының ем, кешегі.
Қыраныңа айналармын самғаған,
Маңдайымның бағы болса бес елі.

Алыптарды алып келген өмірге,
Анамдайсың жұмақ болған мекенім.
Кір шалдырмай мына сендік көңілге,
Қадіріңе қалай ғана жетемін?

Асқақтатып алты Алашқа атыңды,
Алты құрлық еститіндей етермін.
Мынау ғалам сенде туған ақынды,
Көп ұзамай мойындайтын жетер күн.

Сенде туған Сəбиралар салмақты,
Қожықовта шын мəнінде өз балаң.
Міне осындай ұл-қызың бар ардақты,
Ғасыр бойы аты өшпеген, тозбаған.

Мен солардың ізін басам ақырын,
Өн-бойымда дарын тұрса сақталып.
Алты Алашты мойындатса ақының,
Мынау менің ұлым деші мақтанып.

Бола білген тектілердің тұрағы,
Қоғалыкөл-ауылымсың айбарлы.
Сенде туған жанның бəрі қырағы,
Сенде туған жанның бəрі жайдарлы.

Сенде туған бақытты ғой бар адам,
Ұл-қызыңның иманы мен ары бар.
Қуат алар сенде туған əр адам,
Тіршіліктің таусылмайтын нəрі бар.

Тексіздердің мекеніне айналмас,
Құлболдыдай Ишанды да тапқан жер.
Сенде туған тұлпар қалай бəйгі алмас,
Ата-бабам алтын қазық қаққан жер.

Қоғалыкөл - анам да өзің, əкем де,
Өзің барда еш қасірет шекпеспін.
Біреу маған үй сыйласа жат елде,
Мен бəрібір сені тастап кетпеспін.

Құтты жерден кете алмаймын өлсем де,
Осы жерден түлеп ұшып, талпынғам.
Қоғалыкөл-сенбе мейлің, сенсеңде,
Топырағың қымбат маған алтыннан.

Ержан МҰХИЯТДИНОВ,
жас ақын
10 қараша 2018 ж. 1 324 0

Ұқсас жаңалықтар: