Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТУҒАН ЖЕР – БАҒЫСТАНЫМ

ТУҒАН ЖЕР – БАҒЫСТАНЫМ


Уа, Туған жер!
Тереңөзек – Тереңград!
Балдәурен балалығым жеткен мұрат.
Ұрпағың келді жетіп сағынышпен
Кезінде білім қуып кеткен жырақ.

Шаң борап, күнің күйіп тұрса-дағы,
Өзіңнен бастау алған жыр сабағым.
Шеңгелің жыңғылыңмен балаң қамыс
Алғашқы көрген менің шырша-бағым.

Ысырып жібергендей бұлтын ғалам,
Иісі көкжидемнің бұрқыраған.
Тұмар ханым ту тіккен қасиетті
Болсыншы әрқашанда жұртым аман.

Қыс болса қара суық қалтыратқан,
Жолдарды қума желмен жалтыратқан,
Аязың қысқан сәтті аңсадым ғой
Астыма ат мінгендей арқыратқан.

Бақытты жандай бейне масаттанам,
Төрт мезгілі бір жылдың қасат далам,
Түсіме енген сайын бір жасаймын,
Бір сәтте көңілім жібіп босап та алам.

Сыр бойы пейішімнің есігіндей,
Ақмешіт – Пайғамбардың есіміндей.
Туған жер кіндік кескен Тереңөзек
Әруақты жандардың бесігіндей.

Сыр-Анам құшаққа алып құлпырғандай,
Шәһәрға Тереңөзек жыр тұңғандай.
Майжарма, Қаракөлім – қос өзендей
Ортадан өрге ұмтылған жұртым қандай.

Бұрқырап бойындағы бұла күші,
Демеңдер артық кетті мына кісі.
Көргенде ай дидарлы өздеріңді
Осылай дегізіп тұр жыр ағысы.

Анамнан туысымен әлдилеген,
Ауаңнан айналайын ән билеген.
Сәбилік үнім менің шуақ шашқан,
Қуаныш нұрын құйып сән-күйменен.

Ақ ниет жандар мені жарылқапты,
Айналам періште боп әруақты.
Айналдым өздеріңнен осы отырған
Жүздеріңе ырыс-бақ дамылдапты.

Бұл жерді қай біреулер «дозақ» дейді,
Еркін шауып көрмеген боз ат дейді,
Мейлі олар, қырық жерден оттай берсін
Сіздерді өзім нағыз қазақ деймін.

Төзген мәңгі ыстық пен суығына,
Намыс отын байлап ап уығына,
Бабадан мұра болған мына жерді,
Көгерткен Аллам ырза туымыңа.

Қазақтың әр-бір жері әлімсақтан,
Кіндігінен жер шары тамыр тартқан.
Сол тамырдың бапкері тас емендей
Мына сендер гүлдентіп бабын тапқан.

Әр-бірің сөздің асыл дәйегісің,
Әр-бірің туған жердің мәйегісің.
Жайсаң ғажап жансыңдар баға жетпес
Әр-бірің бір-бір аңыз әлемісің.

Жансыңдар маңдай термен төккен шуақ,
Туған жердің төсіне еккен қуат.
Сендер мәңгі жасайтын жампозсыңдар
Мына жалған дүниені неткен жұмақ.

Тудық біз осы жерде Тереңград,
Көктеген көршісімен барша мұрат.
Сәулесін сағыныштың маздатыңдар
Безініп кететіңдей қайғы жылап,
Еріксіз келетіндей
Баянды бақ-дәулетің өзі құлап.


*****
Сыр бойы пейішімнің есігіндей,
Ақмешіт – Пайғамбардың есіміндей.
Ал мына біз туған жер – Тереңөзек
Әруақты жандардың бесігіндей.

Сейфолла Оспан,
ақын, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының
және Құрмет пен Парасат ордендерінің иегері
24 шілде 2018 ж. 1 289 0