Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТІГІНШІЛІК – СҮЙІКТІ ІСІ

ТІГІНШІЛІК – СҮЙІКТІ ІСІ


Ауыл орталығындағы мәдениет үйі жанында кәсіпкерлер шоғыры қалыптасқан. Олар халыққа өз қызметтерін ұсынып, қалаған кәсібінен береке табуда. Мұнда шаштараз, фотосалон және тігін цехы бар. Барлығы бір жерге топтасып, тұтынушы тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған.
Алдымен, Саламат Өтеуовтың шаштаразына тоқ­талып өтейік. «Аман болса басың, тағы өсер ша­­шың» демекші, ер кісілер ай сайын шаш алатыны белгілі. Соған орай кәсіпкер өткен жылдан бас­тап демеуші қолдауымен шаштаразды ашып қойған. Бұл іске ол мектеп жасынан машықтанған. Әуеліде өз үйінен шаш қысқартып жүрсе, кейін кәсіпкерлікке байланысты үгіт-насихат кездесулеріне қатысып, арнайы шаштараз ашу ісін қолға алыпты. Бүгінде «Нұрдәулет» ЖК ретінде тіркеліп, сүйікті ісінен нәпақа табуда. Кәсіпкер кішкентай ауыл болғанымен, шаш қысқартуға күнделікті тұрғындар келетінін айтады.
Бұл ғимаратта Анар Бодықова сурет шығарып, фотосалон ісін дөңгелетуде. Сонымен бірге, «Сезім» тігін цехында Ғазиза Алтынбекова ісмерлікпен айналысуда.
Жас кәсіпкер Ғазиза – «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен грант жеңіп алғандардың бірі. Ол бағдарлама аясында 300 мың теңгеге тігіншілікке қажетті техникаларды сатып алған. Атап айтқанда, 2 тігін машинасы мен жиектеп тігу станогын өз ісіне пайдалануда. Тігін машинасының бірі шеберханада тұрса, екіншісін үйде жұмыс жасауға арнап қойыпты.
Қолөнер шебері болуды жас кәсіпкер анасы Гүлсім Жалмұрзаевадан үйренген. Анаға қарап өскен қыз құрақ құрап, төсеніш, қазақша киімдер, перде, майлық, той жасауларын тігуді үйреншікті іске айналдырған. Соның негізінде кәсіп ашып, бұл күнде жетікөлдіктер сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
– Аудандық кәсіпкерлік палата арқылы жоба жасап, қорғап шықтым. Сол бойынша ауыл орталығынан тігін цехын ашып, жұмыс жасаудамын. Күнделікті тапсырыс түседі, сұраныс жақсы. Көбіне құрақ көрпеше, той жасауларын жасап беруге өтініш айтатындар көп. Қазақы үлгідегі сәбилердің киімін де тігемін. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей тігіншілікке бел шеше кірісіп кеттім. Алдағы уақытта цехты кеңейту жоспарда бар» – дейді жас тігінші.
Қолөнер шебері өзінің білім-білігінің арқасында сызба-сұлбаларды өзі жасайды. Оған қажетті маталарды әуелде Шымкенттен әкелсе, қазір қала­дан алады екен. Көз майын тауысып, қолдан шыққан бұйымдарды, құрақтарды қолайлы бағада тұрғындарға ұсынуда. Тігіліп, дайын болған дүниені мезетінде алып кетіп жатқандар да жетерлік.
 Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ


25 қыркүйек 2018 ж. 1 511 0