Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық киім шебері

Ұлттық киім шебері


«Байлық түбі – ақыл, hәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды»,- деген екен кезінде ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханов. Бұл даналық сөз күні бүгінде өмір шеңдігін жойған жоқ. Сол айтқандай шіркейлілік Жанар Мансұрқызы Бихожаева ауылынан жеке тігін шеберханасын ашып, 2017 жылдың 4-ші сәуірінен бастап жұмыс жасап келеді.

Бастапқы кезде сұраныс аздау болғанымен қысқа мерзімде жұмысын сапалы атқарып, тұрғындардың сенімінен ательеге бүгінде көпшілік толассыз келіп жатады екен. Тігін шеберханасы жұмысының басталғанына көп бола қоймаса да атқарылған істер ауыз толтырып айтарлықтай. Бұрын ауыл тұрғындары көйлек, шалбардан бастап сәнді ұлттық киімдер тіктіруге, тіпті қысқартудың өзіне қала орталығына барып, шығыны мен қоса уақыттарын жоғалтып, әуреге түсіп, әбігер шегетін. Ателье ашылғалы бұл қиындықтардың бәрі артта қалды.
– Ташкеннің қызы, Шіркейлінің келінімін, – дейді Жанар Мансұрқызы. 1982 жылы Өзбекстанның Сіргелі ауданында дүниеге келдім. Мектеп бітіргеннен кейін Сіргелі политехникалық колледждің модельер-дизайнер факультетіне оқуға түстім. Арнаулы оқу орнын тәмәмдаған соң Ташкент сән театрында модельер болып еңбек еттім. Көптеген фестивальдарға қатысып, жүлдегер лауреат атандым. Отбасымызда әжемнің он саусағынан өнер тамған шебер екен. Соғыс кезінде түрлі киімдер тіккен. 2007 жылы Сыр еліне Бихожаевтар отбасына келін болып түстім. Балалар дүниеге келгеннен кейін, отбасында олардың тәрбиесімен айналыстым, перзенттерімнің жас күнінде үйдегі сүйікті кәсібімнен қол үзгенім жоқ. 2016 жылы Шіркейліге ата-енемнің қолына келдім. Өткен жылдан бері ателье аштым. Бұрын өзбек ұлтының киімін тіксем, енді өз ұлтымның киімдерін, күнделікті тұрмыстағы киімдерді тігуге кірісіп жатырмын.
2017 жылы мерекелік киімдер мен ертегі кейіпкерлерін сипаттайтын көптеген тапсырыстар қабылдап, кемшіліксіз жұмысымен ел көңілінен шыққан кәсіпкер, ағымдағы жылы мектеп формаларын тігуге, әуез мектебінен елді мекеннен тыс жерлерден де жиі тапсырыстар түсіп жатқанын айтады.
Кәсіпкер өзінен бөлек Жұмабек Гүлзат, Пернебаева Аида, Нұрылдаева Альфия атты ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтыған. Қысқа мерзімді кәсіпкерлерге арналған «Бизнес кеңесші» курсын аяқтап, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 570 000 теңге көлемінде қайтарымсыз көмек алып, өз кәсібін өркендету жолында заманауи 2-тігін машинасын қосымша сатып алып қарқынды жұмыс жасап келеді.
Шіркейлі ауылында кәсіп бастауға ауыл әкімдігі көмек көрсеткен. Сонымен қатар кәсіпкер келіншек күні кеше ғана жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің өз ұжымы үшін де ерекше қамқорлық болғанын айтады. Себебі жылына жеті пайыздан аспайтын несие мен жалақысы аз жұмысшылардың салығын азайту, шағын ателье жұмысына жаңаша серпін беретіні анық. Тарихи отанына келін болып оралып, ұлттық өнеріміздің көсегесін көгертуге атсалысып жатқан кәсіпкер келіншек пен оның ұжымына толағай табыстар тілейміз.

Шаhарбек Нұрсейітов

07 наурыз 2018 ж. 1 361 0