Ғалымжан КЕНЖЕБАЕВ: 25 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙҒА МЕРЕКЕЛІК АКЦИЯЛАР ӨТУДЕ
Жер-жерге хат-хабар, сәлемдеме, газет-журнал жеткізу үшін пошта қызметін тұтынатынымыз белгілі. Одан бөлек, ай сайынғы зейнетақы, жәрдемақы секілді қаржы аударымдары да осы сала арқылы жүргізіледі. Заман қаншалықты жедел ілгерілесе де бұл байланыс саласы ауқымы кең қызметтерді атқарып, тұрғындарға тиімді, сапалы қызмет көрсетуде. Осы орайда, «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда ОФ Сырдария АПБТ бастығы Ғ.Кенжебаевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар жайын білдік.
– Ғалымжан Арыстанбекұлы, аудандық пошта байланыс торабына басшылыққа жаңадан келіп жатырсыз. Алдымен, осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берсеңіз?
– Зейнетақы мен жәрдемақы беретін орталық, газет-журнал жеткізуші, хат-хабар, сәлемдеме жіберу-алуда «Қазпошта» – қала мен ауылды жалғап тұрған көпір. Еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі – ауқымды қаржы ұйымы саналады. Сондықтан мұнда халықпен тығыз жұмыс жасалады, тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіледі.
Ауданға келгелі бері жұмыс сапасын арттыруға қөңіл бөлініп, нақтылы шаралар жасалуда. Атап айтар болсам, аудандағы көптеген мекеме қызметкерлерінің жалақысын осы пошта арқылы алуды жүзеге асырудамыз. Қазірдің өзінде аудандық сот, аудандық әділет басқармасы, аудандық кірістер басқармасы, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері пошта қызметін тұтынуда. Алдағы уақытта ауылдық әкімдіктермен, мектептермен осы бағытта жұмыс жасау жоспарда. Мұның тиімділігі сол, поштадан жалақы алынғанда пайызы төмен, сондай-ақ, ауыл ішінде қолжетімді. Сонымен бірге, «Хоум банк», «Альфа банк» және «Азия Кредит банктен» 13,5 пайыздан басталатын несие рәсімдеуге мүмкіндіктер қарастырылған.
Пошта саласы баспасөзге жазылу, тарату жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Бүгінгі таңда аудандық поштада басылымға жазылу жүйелі жүргізіліп, ІІ жартыжылдық нәтижесінде жоспарлы жұмыс артығымен орындалды. Атап айтқанда, 132 пайызға орындалып, Сырдария ауданы аймақта бірінші орынға шықты. Бұл пошта қызметкерлерінің жұмыла жұмыс жасағанының жемісі.
– Қазір барлық саланы цифрландыру жүргізілуде. Осы тұста, пошта байланысын тиімді ету тұрғысындағы жұмыстарды айтып өтсеңіз?
– Мекеменің қызмет аясын кеңейту және халықаралық ұйымдарға қосылу, электрондық коммерциямен және «Қазпошта» қызметтерін цифрландырумен байланысты инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның аясында барлық қызмет электронды жүйеге көшіп, жұмыс жүйелілігі артып отыр. Егер бұрын адамдар байланыс бөлімшесіне тек сәлемдемелер мен хаттарды жіберу немесе алу үшін келетін болса, қазіргі уақытта «Қазпоштаға» коммуналдық төлемдерді төлеу, несиені өтеу, депозиттегі шотты толтыру, төлем картасын ашу немесе ақша аудару үшін келетін болды. Аталған қызметтердің барлығы онлайн режимде қолжетімді. Бұл бөлімшелердегі кезекті азайтуға және тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беруде. Электрондық коммерцияның дамуына байланысты сәлемдемелер саны да артып келеді.
– Жалпы, поштада қандай қызметтер көрсетіледі?
– Қаржымен тікелей жұмыс жасайтын ұйым болғандықтан пошта байланыс саласынан әлеуметтік төлемдерді алуға болады. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға, асыраушысынан айырылғандарға, жас ерекшеліктеріне қарай, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, ҰОС ардагерлеріне, мүгедектеріне, теңестірілген тұлғаларға, мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға, соғыста жесір қалғандар мен ҰОС мерт болғандарға берілетін жәрдемақыларды поштадан алуға болады. Сонымен қатар, зейнеткерлерді жерлеуге арналған, мемлекеттік әлеуметтік және арнайы жәрдемақы алушылары, жерасты және ашық тауларда жұмыс жасаушыларды, еңбектің ең ауыр және зиянды шарттарында жұмыс жасаған адамдарды жерлеуге берілетін жәрдемақы беріледі. Жалпы айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балаларға, көп балалы аналарға, оралмандарға және басқа да әлеуметтік төлемдер осы жерде жүргізіледі. Одан бөлек, «Қазпошта» АҚ қаржылық қызметтері де жетерлік. Мәселен, коммуналдық және басқа да қызмет түрлеріне, мобильдік қызмет түрлеріне, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, зейнетақы жарналарына, әлеуметтік шығындарға, «Oriflame», «Avon», «МФО КМF», «Кредит 24» серіктестіктеріне төлемдер қабылданады. Оған қоса, ағымдағы шоттарды толықтыру, агенттік қызметтер, несиелік төлемдер, депозиттерді толықтыру, ақша аударымдары, электронды кошелек және ағымдағы шоттарды ашу жұмыстары да жүргізіледі. Бұл қызметтер поштаның барлық бөлімшесінде көрсетіледі.
– Биыл «Қазпошта» АҚ-ның 25 жылдығы екені белгілі. Айтулы жылы көптеген шара өткізіліп жатыр. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Иә, 1993 жылдың 5 сәуірінде Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы қазақ поштасы құрылып, ресми түрде мемлекеттік мәртебе алды. Биыл жұмыс ауқымы кең саланың 25 жылдық мерейтойы. Осыған орай, аймағымызда бірнеше акция өткізілуде. Тоқталып өтер болсам, жыл бойы «Сенім» акциясы ұйымдастырылуда. Бұл зейнетақы аударуға арналған банк шоттарына, сондай-ақ, зейнетақы аудару үшін төлем карточкалары пайдаланылатын банк шоттарына арналған. Оның барысында шот ашқан зейнетақы алушы коммуналдық қызметті тегін жасайды. Алушының бір ЖСН арқылы айына кемінде 3 коммуналдық түбіртекті комиссиясыз төлеуге мүмкіндігі бар.
Одан кейін «Kazpost сыйлықтары жылы» акциясы үстіміздегі жылдың 1 сәуірі мен 30 қыркүйегі аралығында өтізіліп жатыр. Мұнда зейнетақы мен жәрдемақы қызметі бойынша ағымдағы немесе төлем картасында ақша қаражаты аударылған болуы тиіс. Ұтыс ойыны аяқталғанға дейін 6 күнтізбелік ай ішінде тұрмыстық техника сатып алу үшін 8 сертификаттың бірін ұтып алу мүмкіндігі берілмек.
Сондай-ақ, «Аударым үшін планшет» (1 наурыз-25 желтоқсан), «AliExpress» (15 маусым-31 тамыз), «Western Union. Өз заманыңның жаңалығына жаршы бол!» (1 мамыр-31 тамыз) акциясы тиісті талапарға сай ұйымдастырылуда. Бұл акциялар негізінде ұтыстар ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталатын болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ