Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ


Міне, жергілікті билік өкілдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері аяқталды. Сұрақтан гөрі биліктің атқарған жұмысына ризашылық білдіргендер қарасы қалың. Жалпы, 2017 жылы аудан, кент және ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулеріне барлығы 2889 тұрғын қатысып, оның 24-і өз ұсыныс-пікірлерін айтып, аудан тұрғындары тарапынан 5 мәселе көтерілді. Оның 1-і орындалды, 4-і бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нақтылап айтқанда, бірінші мә­се­ле Жетікөл ауылындағы меди­цина­лық пункт­ке қосымша штат беру жайлы ай­тылған болатын. Ол тиісті мекемелерге жолданды. Жауабы мынадай: Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі №238 бұйрығына сәйкес медициналық пункттерде 50-ден 800 адамға дейін тұратын елді мекендер үшін орта медициналық персонал 1 лауазымнан кем болмауы тиіс де­лінген. Осыған орай, Жетікөлде тұратын халық саны 720 болғандықтан медициналық пунктіне артық штат бірлігі қаралмайды.
Екінші мәселе – Аманкелді ауылдық ауруханасы жанынан дәріхана ашу. Бұл жөнінде «Жанар және К» толық серіктестігінің төрайымы Л.Айтпенбетоваға амбулаториялық-емханалық қызметі бар Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігерімен ұсыныс хат жолданып, шешімін тапты.
Үшіншісі, Аманкелді ауылдық пошта ғимаратына

күрделі жөн­деу жұмыста­рын жүргі­зу. Пошта байланыс бөлім­ше­сінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттары дайындалып, қаржы бөлу үшін «Қазпошта» АҚ-ның орталық аппаратына жолданды.
Келесі мәселе – Шіркейлі ауылындағы А.Тоқ­қожаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу. Шіркейлі елді мекеніндегі Тоққожаев, Бесөзек, Ыдырысов, Ғарышкер көшелеріне жасалған жоба­ларға қайта есептемелер жүргізіліп, қаржыландыруға ұсы­ны­­латын болады.
Соңғысы, Іңкәрдария ауылында қасқыр ату мәселесі. Аталған мәселеге орай ауданда қасқыр және шибөрі жыртқыштарын ату мақсатында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бюджеттік өтінім беріліп, 2018 жылға 1807,5 мың теңге қаралып, аталған жұмыстар 2018 жылы атқарылмақ.
Мұнан бөлек, аудан халқын газдандыру мәсе­лесі көбірек толғандырды. Бұл жайлы аймақ басшысының есепті кездесуінде айтылған болатын.
– Бүгінде газдандыру мәселесі оң шешімін тауып, қазір АГРС (автоматтандырылған газ бөлу станциялары) құрумен бірге «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ бұру құбырынан газ-бұру құбыры құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. 091 млн. теңге қаржы бөлінді, – дейді бізбен әңгімелескен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолау­­­шылар көлігі бөлімінің басшысы Е.Бақтияров.
Қазіргі таңда ауданда 24 сағат ауыз сумен қамту жайы түбегейлі шешілді. Ауылдарда ауыз су әр үйге кіргізіліп берілген. Одан бөлек жол, жарықтандыру да шешімін тапқан. Апатты жағдайдағы мектеп жоқ.
Демек, атқарушы билік өкілдеріне айтылған ұсыныс-пікірлер әрқашан шешемін табады. Бұған халықтың да сенімі зор. Сондықтан биылғы алғыс айтумен басталған халық жиыны, алғыс айтумен аяқталды.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
30 қаңтар 2018 ж. 1 045 0