ЗЕЙНЕТАҚЫ 8 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

Ал, зейнетақы мөлшеріне тоқталсақ, биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы 8 пайызға артты. Енді ең төменгі зейнетақы алушылар 49019 теңге алса, орташасы 71333 теңге, жоғарғы зейнетақы 98247 теңге болып белгіленді. Осы күнге дейін базалық зейнетақы мөлшері өзгермегендіктен, ел Үкіметі базалық зейнетақы тағайындауды қайта қолға алды. Ол өзгеріс 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асатынын ескерген жөн. Жаңа базалық зейнетақы тағайындау 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін қатысу кезеңіне байланысты жүргізіледі. Базалық зейнетақының жаңадан есептелуі арқылы зейнеткерлердің жағдайы жақсарып, әділдік қағидасы енгізіледі. Бұл негізінен еңбек өтілі көп, бірақ осы күнге дейін төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге өз септігін тигізеді деп күтілуде. Жалпы зейнеткерлердің зейнетақы мөлшеріне қанағаттанбаушылықтан гөрі, барына шүкіршілік ететіндер жағы басым. Себебі ел ішіндегі ас-құдайы, тойларда халықтың аузындағы әңгімелер осындай пікір айтуға мәжбүрлейді. Қазір зейнетақының мөлшеріне емес, уақытылы берілгеніне шүкіршілік етеді. Себебі, зейнетақының өсуімен азық-түліктің бағасы, комммуналдық төлемдердің артатыны өмір заңдылығына айналғандай.
Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы айтылғанда әйел азаматшалары үшін ертерек зейнетке шығу мүмкіндігі бұрынғыша қалғанын айта кеткен жөн. Яғни, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған), оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің зейнетке шығу жасы 53 жас болып қалды. Екінші жеңілдік, төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақ Семей ядролық сынақ полигонында кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста зейнетке шығады. Бұған қоса 20 жыл еңбек өтілі міндетті болып саналады.
Сондай-ақ, жәрдемақы мәселесінде де өзгерістер бар. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға осы уақытқа дейін төленіп келген үш жәрдемақы-атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақы мен төрт және одан да көп балалары бар отбасыларға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріктіріліп, бірыңғай жәрдемақы жүйесі болып жаңа түрге ауысты. Бала тууына байланысты тағайындалатын біржолғы жәрдемақы-бірінші, екінші, үшінші балаға 91390 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 151515 теңге болып, бұл жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге бірдей мөлшерде төленеді.
Осындай өзгерістермен басталған жаңа жыл зейнетақы жүйесі мен мемлекеттік жәрдемақының өсуімен, жақсы жаңалығымен келді. Ал, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен жаңаша есептелетін зейнетақы жүйесінен жұртшылық көп үміт күтеді.
Б.ЖАНӘЛІ
Пікір 1