Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мінездің мөлдірлігі

Мінездің мөлдірлігі

Адамның шынайы болмысы сыртқы келбетінен бұрын, мінезінен танылады. Мінез – адамның айшықты келбеті, ішкі әлемінің айнасы ретінде қарастырсақ, ешкім дау келтіре қоймас. Біреуді сөзімен сыйлайсың, біреуді ісімен бағалайсың, ал енді біреуді ешқандай артық әрекетсіз-ақ мінезінің мөлдірлігімен ұнатуға болады. Өйткені адам бойындағы адалдық, қарапайымдылық, ашықтық пен шынайылық – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін асыл қасиет.

Тақырыпқа тұздық болған мінездің мөлдірлігі – көңілдің тазалығы, ниеттің ақтығы, сөз бен істің бір жерден шығуы. Ондай адамның жанында өзіңді еркін сезінуге болады. Ол – жасанды күлкімен жағымпазданбайды. Жалған мақтаумен көңіл ауламайды. Қандай жағдайда да адамға адам ретінде қарайды. Кербездік пен кісілік те осындай болмыстан бастау алады. Ал кербездік дегеніміз – кеуде көтеріп, өзгеден биік көріну болып табылмайды. Өз қадірін біле отырып, өзгенің де бағасын түсірмеу. Ал шынайы сұлулық – адамның мінезіндегі жарасымдылықта.

Жайдары жүз, жадыраңқы көңіл, ашық қабақ – айналасына жылу сыйлайтын қасиет. Кейбір адамның бір ауыз жылы сөзі көңіліңді көтеріп, бір сәттік ықыласыңның өзін бағалай білетіні жанға қуат береді. Олар ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысады. Айтқан сөзінің салмағын сезінеді. Өйткені жақсы мінез – адамның өзінен бөлек, айналасына да жасаған жақсылығы. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халық даналығының мәні де осында жатыр.

Алайда адам мінезінің бәрі бірдей мөлдір болуы мүмкін емес. Біреудің бойынан қыңырлық пен кесапаттық, орынсыз қыр көрсету мен ойнақылық байқалады. Кейбіреу өзгенің көңіліне қарауды әлсіздік санап, көңіліне келген сөзді іркілмей айтады. Біреудің жанын жаралағанын сезсе де, оған мән бермейді. Өзінің қисық сөзі мен орынсыз әрекетін мінезінің ерекшелігіне балап, ақталуға бейім тұрады. Бірақ адамның мінезіндегі кемшілік – оның жеке басының ғана мәселесі екен деп қарауға болмайды. Ол – айналасындағы адамның көңіліне салмақ түсіріп, қарым-қатынасқа сызат түсіреді. Бір ауыз ауыр сөз кейде жылдар бойы қалыптасқан сыйластықты шайқалтуы мүмкін.

Әсіресе адамның бет-жүзіне қарамайтын, үлкен-кішіге бірдей шаптығып сөйлейтін жанның болмысы ойлантады. Олар үшін өзгенің көңілі, жан дүниесі, қадір-қасиеті екінші кезекте тұратындай. Қисық сөйлеп, қабақ шытып, адамның намысына тиетін сөз айтуды батылдыққа балайтын жандар да бар. Бірақ бұны батылдық деп көрмейік. Бұл – ішкі мәдениеттің кемдігі. Адамның бетіне тура айту мен бетінен алып сөйлеудің арасы жер мен көктей. Шындықты жеткізу үшін дөрекілік қажет дем кім айтты?!. Керісінше, ақылды адам ащы шындықтың өзін астарлап, орнымен, жүрекке жара салмай жеткізе біледі.

Мінездің тағы бір қыры – қаталдық пен тегеурінділік. Қаталдықтың да, қайсарлықтың да өз орны бар. Әділетсіздікке төзбеу, ұстанымынан таймау, жауапкершілікті сезіну – адамның тегеурінділігін танытады. Алайда қаталдық қатыгездікке ұласпауы керек. Талап қоя білу мен адамның көңілін таптау екі бөлек дүние. Нағыз тегеурінді адам өзгені басыну арқылы биіктемейді. Парасаты мен әділдігі арқылы айналысын мойындатады.

Ал момындық пен жуастықты әлсіздікке балау – үлкен қателік. Момын адам әрдайым дәрменсіз көрінбейді. Кейде ол – сабырын сақтай білетін, артық сөзге бармайтын, жүрегі таза жан. Жуастықтың да шегі бар. Үндемегеннің бәрі келіскендік болмайды. Сабыр сақтағанның бәрі дәрменсіздікке жатпайды. Кей адамның үнсіздігі – тәрбиесінің, кейбірінің сабыры – парасатының белгісі. Дегенмен момындық өз құқығын таптатуға, жуастық әділетсіздікке көне беруге айналмауы тиіс.

Адамның мінезі – оның өмір бойы бірге жүретін айнасы. Қанша жерден білімді, дәулетті, лауазымды болса да, мінезінде мін болса, оның қадірі кемиді. Ал қарапайым ғана тіршілік кешіп, айналасына ізгілік шуағын шашқан жанның орны әрдайым бөлек. Себебі адамды биіктететін дәрежесінен гөрі, адамдық қасиеті. Адамның кім екенін сөзімен қатар, өзгеге жасаған қарым-қатынасы айқындайды.

Ендеше, мінездің мөлдірлігі – әр адамның бойынан табылуға тиіс асыл қасиет. Біреудің көңіліне қаяу салмай сөйлеу, өзгенің қадірін барынша бағалай білу, ашуға ерік бермей, ақылға жүгіну – нағыз адамдықтың өлшемі. Өмірде көп адам біреуге жақсы сөзімен демеу, жылы қабағымен қуат бола алады. Ол үшін байлық та, билік те қажет емес. Тек жүректегі мейірім мен бойдағы ізгі мінез керек.

Демек, адамның ең әдемі киімі – көркем мінезі. Жүздің нұры уақытпен солуы мүмкін, ал мінездің мөлдірлігі адамды ұмыттырмайды.

Адамның көңіліне қарау – кісіліктің ең биік өлшемі. Өз кезегінде біреуге жалтақтау немесе өз пікіріңнен бас тартуға мән беріп, әр сөз бен әр әрекеттің адам жанына қалай әсер ететінін бағамдай білу керек. Кейде адамға үлкен сыйлықтың да, қымбат дүниенің де қажеті жоқ, оған бір ауыз жылы сөз, шынайы ықылас, түсіністік танытқан бір сәттік назар жеткілікті. Өкінішке қарай, кейбір жандар өзгенің көңіліне қаяу түсіріп алғанын аңғармайды. Тіпті, сонысын мінезінің турашылдығына балайды. Ал шын мәнінде, туралық пен тұрпайылықтың, шындық пен шаптықпалықтың арасы алшақ.


Көңіл – әйнек секілді. Асылында әйнек сынса, қайта бүтіндегенмен, сызаты қалады. Сондықтан адаммен сөйлескенде оның жүрегіне жол табуды, сөзін бөлмей тыңдауды, намысына тимей пікір білдіруді үйренген жөн. Өзгенің көңіліне қарай білу – өз қадіріңді кемітпейді, адамдық қасиетті жоғарылатады.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
24 қараша 2026 ж. 22 0