Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мінезіңіз кіммен үйлеспейді?

Мінезіңіз кіммен үйлеспейді?


Адам сан түрлі мінезге ие. Екі аттас зарядтардың тартылып, бір аттас зарядтардың тебісетіні секілді адамдар да кейде бір-бірінің мінездерімен үйлеспей жатады. "Екеуміздің мінезіміз бірдей болған соң ба, біз ұрсысып қала береміз" деп жатамыз. Ол рас. Қандай жандар бір-бірімен үйлеспейді? Бір мінезді адамдардың отбасы қандай болады? "Өзімді-өзім тәрбиелеймін" сабағының да келесі тақырыбы - осы... 

Екі шатақ мінез біріксе, пішкен тондары келте болып шығады. Өйткені бірінің айтқанын бірі тыңдағысы келмейді. Біріне бірі тағы бағынғысы келмейді. Әркім өз айтқанын жасағысы келеді. Олардың былай тартып арбаны сындырып, былай тартып өгізді өлтіріп алатыны да сондықтан. Сол секілді қырсық мінезділер, тез ашуға берілгіштерді де осы қатарға жатқызуға әбден болады. 

Екі момын бірігіп те іс алға баспас. Басқалар жөнсіз басынып алады деп қауіптенеміз. Мұндай жұптарға айдағанға жүріп, айтқанға көнуге тура келеді. Момын жандар тек іштен тынады. Олар арам ойға ерік бермейді. "Онда тұрған не бар екен?", "Бір мәнісі болар", "Амалын табармыз" деп әліптің артын бағып жүреді де қояды. Олар біреуді ренжітіп аламыз ба деп артық сөзге бармайды. Әлдебіреудің көңіліне қаяу саламыз-ау деп көп жерде тілін тыяды. Кейде осы екі момын қосылып күн кешу мына заманның талабы емес секілді болып көрінеді. 

Ал екі сабырлы жан біріксе, ол басқа әңгіме. Сабырлы мінез адамды адастырмайды. 

Екі үнемшіл қосылса, шалқыған байлыққа кенеледі. Бірақ олар үнемі "Жоқ, жоқтан" өзгені ауызға алмайды. 

Екі сайқымазақ қосылса, отбасы сырттай тамаша көрінгенмен, іші лас болады. Олар жүрген жерлерінде елді қыран-топан күлдіріп жүреді. Бірақ олар іштей ойсырап жүреді. Өздерін күлкімен емдейді. 

Екі қошқардың басы бір қазанға сыймағандай, екі бастықтың да басы бірікпейді. Әрқайсысы өзінше басқарғысы келеді. Әркім өз әмірін жүргізгісі келеді. Бір-бірінің арасында бақталастық туып, соңы жақсылыққа апармайды. 

Екі түрлі мінезді адамдар кейде өзара жарасып жатады. Бірінің тілін бірі тауып шүйіркелесіп кетеді. Өйткені олар бірі көтерілгенде бірі басыла қалады. Ондай жандар кешірім сұрауға келгенде де қыңырлық танытпайды. 

Мінез - адамның маңызды қасиеттерінің бірі. Адам мінезімен көркем. Қыңыр мінездің қырын түзейтін де, асау мінезге тұсау салатын да өзіңіз! 

Дереккөзі: "ПТ" топтамасынан 
28 тамыз 2018 ж. 1 177 0