Ардагерлер кеңесі жылды қорытындылады
Жыл қорытындысы бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, алқа мүшелері, кент, ауылдық округ бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Т.Нұрмағанбетов қатысты.Алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев өткен жылы атқарылған жұмысы туралы есеп берді. Өз есебінде М.Келдібаев аудандық ардагерлер кеңесінің құрамында 74 ұйым бар екенін атап өтті. Онда ардагерлер саны – 4271. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері – 1, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері – 38, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер – 20, тыл ардагерлері – 98. Жыл бойы ардагерлердің қатысуымен өткен іс-шаралар жастарға тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып, облыстық, аудандық спорттық жарысқа қатысқан ардагерлер жүлделі орын иеленген. Өткен жылы жеңістің 80 жылдығына орай бірқатар мерекелік іс-шаралар өтіп, аудандағы жалғыз соғыс ардагері Яхия Тасыровқа жоғары дәрежеде құрмет көрсетілген. Сонымен қатар ҰОС қатысқан Қуанышбай Досмағанбетов пен Әбілқасым Ақшаловқа екі көше аты берілген. Ардагерлердің қатысуымен өткен «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты әрбір елдімекенде жұмысшы ардагерлердің өмір жолын насихаттауға арналған кездесу кеші өткен. Жылдың негізгі іс-шарасы – отбасы күніне орай өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Байқаудан шіркейілілік Әбсадықовтар отбасы республикалық дәрежеде құрмет көрді. Әулеттің үлкені Жақсылық Әбсадықов озат күрішші болған ардагер.
– Жыл соңы ауыл ардагерлерінің өмірінде маңызды іс-шараға толы болды. Қоғалыкөл ауылында дін ғұламасы Құлболды ишан Сұлтанұлының 240 жылдығы атап өтілді. Сондай-ақ аудан журналистикасының абызы Сұлтан Қожаниязовтың атына көше берілуіне орай еске алып, ас берілді. Облыс ардагерлері арасында өткен «Шәмші – вальстің королі» байқауында сырдариялық ардагер Роза Тұрмағанбетқызы жүлделі орын алса, Марат Жайсаңбаев Алғыс хат иеленді. Денсаулықтары сыр беріп жатқан 18 ардагерге үйіне барып сый-құрметімізді жасадық. Жыл бойы атқарылған іс-шаралар ардагерлер арасындағы сыйластықты нығайтып, қоғамдық белсенділікті арттыруда. Мұның барлығы үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсететін, өнеге болатын басталамалар деп білемін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Алқа мәжілісінде Бесарық, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары бастауыш ұйымдарының рөлін арттырудағы жұмысы туралы хабарлама жасады.
Мәжілісте шығып сөйлеген бірқатар ауылдық ардагерлер ұйымының төрағалары ауылдық жерде берілетін ас-құдайылардың ас мәзірін қолға алу, санаторияға жолдама беру, өнерге баулу т.б. мәселе туралы ұсыныс айтып, пікір білдірді. Өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова санатория-курортқа жолдама беру туралы сұраққа байланысты түсініктеме берді. Бөлім басшысы бұл мақсатқа бюджетте қаржы қарастырылмағанын айтты.
Алқа қорытындысында қоғамда ардагерлердің белсенділігі мен өмір сүру сапасын арттыру мәселесі назардан тыс қалмайтыны айтылып, бір топ ардагерге Алғыс хат табысталды.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ










