Кеңескен істің келтесі болмайды

Бұл ретте жиынды аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байырбек Әмірбеков ашып, жүргізіп отырды. Жиын спикері күн тәртібінде қаралатын мәселеге тоқталды. Ең алдымен, аудандық ардагерлер кеңесінің 2024 жылы атқарған жұмысы мен 2025 жылға арналған ұйымның міндетін саралау мақсатында төраға Мұса Келдібаев баяндама жасады.
– Қазақта «Ел қариясы – ел қазынасы» деген тәмсіл бар. Шын мәнінде, сөзі дуалы, айналасына өтімді қазыналы қарттар әрбір ауылда бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейдегі келелі мәселелерге ардақты жандар өз ойларын айтып отырады. Кез келген елді мекенде белсенділігімен танылған жандар баршылық. Өткен жылы 4 алқа мәжілісі өткізіліп, ардагерлер кеңесі жанындағы 15 бастауыш ұйым қайта жандана түсті. Бірнеше мәрте ұйым жетекшілерімен бірге тәжірибе алмасу мақсатында дөңгелек үстел мен семинар-кеңес өтті. Ардагерлер ұйымында есепте тұратын 4271 адам бар. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысы ардагері – 1, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылына қатысқандар – 38, жеңілдіктер бойынша ҰОС-ның ардагеріне теңестерілгендер – 20, тыл ардагері – 98 екенін айта кетейін. Біздің ардагерлеріміз жыл көлемінде тағылымы мол бірнеше іс-шараға қатысты. Оларға арналған көптеген мерекелік іс-шара жүзеге асты, – деді Мұса Келдібаев.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Бесарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжігітовтің, Іңкәрдария ауылдық ардагер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Баймановтың, Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергеновтің, Шіркейлі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанатбек Әбілқасымның жыл бойы атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Ал үшінші мәселеде 2025 жылы жүзеге асырылатын мақсат-міндет жоспары талқыланды.
Өз кезегінде ардагерлерді сауықтыру мақсатында шипажайға жолдама беру мәселесі қаралды. Сонымен қатар киелі жерлерге саяхаттау да назардан тыс қалмады. Демеушілік есебінен жүргізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға ардагерлерді жан-жақты тарту көзделген. «Жұмысшы мамандықтар жылында» еңбек адамына қолдау көрсетуге басымдық берілуі тілге тиек етілді.
Жиынға аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, білім саласының ардагері Ұлмекен Жанәлиева шақырылды.
– Жиын барысында ардагерлерге қатысты көптеген мәселе көтерілді. Ашық диалогқа құрылған жиынның көпшілікке берері мол. Әрине, түйткілді дүниенің шешімін табуға бірге атсалысқанымыз дұрыс. Қарттарды сауықтыру іс-шарасына демеушіні көптеп тартқан абзал. Алдағы уақытта ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес бірлесе жұмыс жасайды деп сенемін, – деді Марат Еспенбетов.
Алдағы алқа мәжілісінде басқа да ауылдардың ардагерлер кеңесінің есебі тыңдалатын болады.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ