Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлердің алқалы жиыны

Ардагерлердің алқалы жиыны

«Достық» үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің өткен жылды қорытындылау мақсатында алқа мәжілісі және Тереңөзек кенті ардагерлер ұйымының жалпы отырысы өтті. Жиынға Тереңөзек кенті әкімінің орынбасары Ғани Нұртазаев, Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің маманы Ғани Оралов, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты.

Жиынды ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Ең алдымен, жиналған ардагерлер қауымы Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлады. Осыған дейін қызмет атқарып келген Зайдағали Жүсіпбайұлы денсаулығына байланысты өз өтінішіне сәйкес Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінен босады. Ал аталған төрағалық қызметке ұзақ жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған Сталбек Тобағұлов сайланды. Өз кезегінде жиналыс хатшысы Жанат Жансейітова жаңа төрағаның өмірбаянын, жүріп өткен жолын көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің мүшелігінен босатылған азаматтардың орнына темірден түйін түйген қолөнер шебері Сәйділда Сәдуақасов, орман шаруашылығы саласының ардагері Кенжебек Мұстафаев, құрыш қолды құрылысшы Қожамұрат Сматұлын сайлау үшін көпшілікке ұсыныс жасалды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде 2 мәселе қаралды. Бірінші кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады.

– Сырдария ауданында бүгінде 4291 ардагер бар. Ардагерлерді барынша қолдау мақсатында өткен жылы елеулі іс-шаралар атқарылды. Танымдық, тағылымдық кештер ұйымдастырылды. Және дөңгелек жасқа толған ардагерлерге құрмет көрсетілді. Қашанда ел ішінде орын алған айтулы оқиғаның басы-қасынан табылатын ардагерлер салиқалы сөзімен, көрегенділігімен жастарға бағыт-бағдар беріп келеді. Біздің ардагерлеріміз жыл көлемінде облыстық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, бақ сынауда. Ардагерлер байқау мен спорттық жарыстарда да белсенділік танытады. Бұған дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында сүбелі үлесін қосқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне келген Сталбек Зікірияұлына, өзге де сайланған азамат­тардың жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Мұса Алпысбайұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қалжан ахун ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жорабек Маханбетов елді мекен ардагелерімен бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ жиында аудандық ардагерлер кеңесінің орынбасары қызметін атқарып келген ұлттық спорт түрлері шахмат, тоғызқұмалақ ойындарының дәріптеушісі Мектепхан Елеусіновтің орнына білім саласының ардагері Байырбек Әмірбеков келді.

Жиын барысында Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, Тереңөзек кенті әкімінің орынбасары Ғани Нұртазаев, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева, Бесарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжіков, Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абддулла Атақаев, ардагерлер Сәйділдә Сәдуақасов, Мектепхан Елеусінов, Мүсілім Қалмұратұлы, Қожамұрат Сматұлы жиында көтерілген мәселелерге байланысты өз пікірлерін жеткізді.

– Бүгінгі жиында аудан ардагерлеріне қатысты көптеген мәселе көтерілді. Елеусіз қалып кеткен, мекемелері жабылған жандарды қолдау – күн тәртібінен түспегені дұрыс. Ардагерлер арасында әйелдер қауымының белсенділігі жоғары. Қандай іс-шара болсын олар аудан мерейін асқақтатып отырады. Сонымен қатар әжелер мектебінің жұмысы қалыптасып, қазіргі уақытта жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Ата-әженің өнегесін алып өскен баланың болашағы жаман болмайды, – деді Ұлмекен Шанайқызы.

Жиын соңында Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
06 сәуір 2024 ж. 126 0