Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІР БІР КӨШКЕН КЕРУЕН

ӨМІР БІР КӨШКЕН КЕРУЕН


Бұрнағы күні Аманкелді ауылында бел­­­гілі ақын, елді мекеннің ауыл ша­руа­шы­лығы және мал шаруашылығы саласына еңбегі сіңген еңбек ардагері Әуезхан Әбдірәсіловтің туғанына 80 жыл толуына орай «Өмір бір көшкен керуен» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Аманкелді ауылдық округі әкімінің қолдауымен, Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, Әуезхан Әбдірәсілов ұрпақтарының демеушілігімен өткен мүшәйраға ауылдардан 10 талапкер қатысты. Еске алуға арналған шараның ашылуында ауыл әкімі Қ.Құлымбетов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Кенбаев, аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Ибрагимұлы Әуезхан Әбдірәсіловтың өткен өміріне шолу жасап, жасаған еңбегін дәріптеді. Өмірі өнеге екенін айтып, аудандық жазба ақындар мүшәйрасына қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Зұлматты жылдары өмірге келген аманкелділік Әуезхан Әбдірасылұлы еңбекке ерте араласып, ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек еткен жан. Оның әкесі 1941 жылы соғысқа кетіп, ол жақтан оралмаған. Жас кезінен жетімдіктің зардабын көріп, бала шақтан жұмысқа жегілген жан еңбекпен есейіп, анаға қолғабыс еткен. Осы жұмыстармен қатар, жыр майданында өзіндік жол салып, көпшілікке ақындығымен танылған. Өз шығармашылығында ақын өмір белестерін, туған жер, лирикалық тақырыптарды қамтып, жырға қосқан. Сонысымен белгілі болып, жұртшылықтан лайықты бағасын алған.
Аманкелділік ақынның екі кітабы жарық көрген. Атап айтқанда, 2004 жылы «Өмірдерек» және 2007 жылы «Өлеңім – сырым» атты кітабында жыр жинақтары жарияланған.
Биыл 80-ге толған ақынды еске алуға арналған мүшәйра барысында ақын, зейнеткер-ұстаз П.Рахманқұлова және ақын, еңбек ардагерінің көзін көрген С.Бекеев Ә.Әбдірәсіловке арнау өлеңдерін оқыса, немерелері жыр­­дан шашу шашты. Сонымен қатар, талапкерлер өз шы­ғармашылықтарынан өлеңдерді мәнерлеп жеткізіп, белгілі ақынға құрмет көрсетті, есімін ардақтады. Жыр мүшәйраның нәтижесінде бас жүлдені ақжармалық Айтмағанбет Темірханов жеңіп алды. Ал І орынды тереңөзектік Ақтолқын Абылаева, ІІ орынды бесарықтық Байбала Амантаев, ІІІ орынды іңкәрдариялық Әйгерім Сүйінбаева иеленді. Сондай-ақ, Әуезхан Әбдірәсілов атындағы арнайы жүлде аманкелділік Жұмағазы Оразовқа бұйырды. Мүшәйра жеңімпаздары арнайы дипломмен, «Алғыс хатпен» және сыйлықпен марапатталды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
12 шілде 2018 ж. 1 339 0