Қожабек Дәдікбаевты еске алуға арналған аудандық ақындар мүшайрасы өтті
Шаған ауылдық мәдениет үйінде «Құрмет» орденінің иегері Қожабек Кенжебекұлы Дәдікбаевты еске алуға арналған аудандық ақындар мүшәйрасы өтті. Тағылымы мол әдеби іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы және ауыл тұрғындары қатысты.Шара барысында Қожабек Кенжебекұлының өмір жолы мен еңбек қызметінен сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге оның марапаттары, архивтік құжаттары, фотосуреттері мен естелік дүниелері қойылып, тұлғаның өнегелі ғұмыры кеңінен таныстырылды.
Мүшәйра барысында Жандос Нұртайұлы мұндай игі шаралар жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Қожабек Кенжебекұлы – өзінің саналы ғұмырын туған өлкесінің өркендеуіне, әсіресе ауданның ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге арнаған нағыз еңбек майталманы. Ол Сырдың бойын ырысқа толтырып, аграрлық сектордың әлеуетін арттыруда аянбай қызмет етті. Білікті басшы ретінде аудан экономикасының қарыштап дамуына, жаңа технологиялардың енуіне және ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосты. Еңбек жолында Тереңөзек совхозында инженер, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, жауапты ұйымдастырушы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім басшысы, өндірістік-техникалық кооперативтің бас инженері әрі директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1994 жылдан өмірінің соңына дейін «Шаған» агрофирмасын басқарды. Ол басқарған агрофирма қысқа мерзім ішінде заманауи агроөнеркәсіптік кешенге айналды. «Ер есімі – ел есінде» деген халқымыздың даналық сөзі осындай азаматтарға қарата айтылса керек. Бүгінгі мүшәйра – тұлғаны ұлықтау ғана емес, адал еңбек пен биік адамгершіліктің рухани көрінісін жырмен өрнектейтін тағылымды алаң. Сыр топырағына сіңірген өлшеусіз еңбегі ақындар өлеңінің арқауына айналары сөзсіз. Баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін, – деді Жандос Нұртайұлы.
Кеш барысында аудан ақындары арнау өлеңдерін оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Мүшәйра қорытындысы бойынша үздік қатысушылар марапатталды.
Айта кетейік, елді мекенде Қ.Дәдікбаевты еске алуға арналған волейболдан жарыс өткізілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










