Бала таңдауы: «Дос керек маған»
Бала өміріндегі ең қымбат дүниенің бірі – оның қалыптасқан ортасы. Әсіресе, мектеп қабырғасында бірге жүрген сыныптасы, күн сайын бірге өткізген уақыты, қуанышы мен реніші ортақ достары оның тұлға болып қалыптасуына өзіндік әсер етеді. Ересектер үшін сыныптың ауысуы немесе басқа сыныпқа бөлінуі қарапайым ұйымдастыру мәселесі болып көрінуі мүмкін. Ал бала үшін бұл – өзінің үйреншікті ортасынан, достарынан, кейде тіпті балалық шағының бір бөлігінен айырылу деген сөз.Бүгінде жалпы білім беретін мектепте білім мазмұнын жетілдіру, оқу сапасын арттыру, сыныптарды оңтайландыру бағытында түрлі жұмыс жүргізіледі. Оның өзіндік қажеттілігі мен мақсаты бар екені түсінікті. Білім сапасын көтеру үшін жаңа әдіс енгізіліп, оқу үдерісіне өзгеріс жасалып келеді. Алайда кез келген реформаның сырт көзге байқала бермейтін, бала өміріне тікелей әсер ететін тұсы да болады.
Сыныптарды үлгерім деңгейіне қарай бөлу, оқушыларды бір сыныптан екіншісіне ауыстыру, белгілі бір пәнге немесе бағытқа қарай қайта топтастыру – осындай өзгерістің бірі. Мұндай шешімнің түпкі мақсаты оқу үлгерімін жақсарту болғанымен, мәселенің екінші жағы да бар. Ол – баланың қалыптасқан әлеуметтік ортасы.
Бірде қарапайым еңбек адамы, ел ағасымен әңгімелесудің сәті түсті. Әңгіме арасында білім саласындағы өзгеріс сөз болды. Сонда ол кісі өзі оқыған кездегі бір оқиғаны еске алды.
– Кезінде біздің сыныпта да осындай жағдай болған. Үлгерімі жақсы балаларды бір сыныпқа, сабағы төмендеу оқушыларды басқа сыныпқа жинады. Әрине, мұны сол кездегі мұғалім білім сапасын арттыру үшін жасаған шығар. Бірақ біз үшін оның әсері басқа болды. Бірге ойнап, бірге өскен балалар бір сәтте екі жаққа бөлініп кетті. Кейбір достармен бұрынғыдай араласа алмай қалдық. Сабақ үлгерімі түзелген шығар, бірақ бала арасындағы қарым-қатынасқа келгенде бәрі бірдей бұрынғы қалпында қалған жоқ, – деген еді.
Терең мәні бар сөз қарапайым ғана естелік болып көрінгенімен, астарында үлкен мәселе жатыр. Біз кейде баланың білімін бағалағанда оның алған бағасына, тест нәтижесіне, олимпиададағы жетістігіне немесе пәнді қаншалықты меңгергеніне қараймыз. Әрине, бұл – маңызды. Бірақ баланың өмірі тек бағадан тұрмайды. Оның жүрегінде достық деген сезім, сыныптастарына деген бауырмалдық, ортаға деген сенім, бірге өткізген уақыттың естелігі қалыптасады. Бала үшін дос – жай ғана бірге ойнайтын немесе бір партада отыратын адам ретінде қалыптаспайды. Дос – оның ойын бөлісетін, қуанышын бірге көретін, қиын сәтінде жанынан табылатын адам. Кейде ата-анасына айта алмағанын бала досына айтады. Мұғалімге жеткізе алмаған сырын сыныптасына сеніп айтуы мүмкін. Өзінің бойындағы қорқынышын, қуанышын, арманын да достарымен бөліседі. Сондықтан баланың қалыптасқан ортасын өзгертуге келгенде оның ішкі әлемін де ескеру қажет.
Бастауыш сыныпта бірге оқыған балалар бір-біріне бірте-бірте үйренеді. Бірге сабақ оқиды, бірге ойнайды, мектептегі мерекеге бірге қатысады. Бірінің мінезін бірі таниды. Бірі тұйық болса, екіншісі ашық болуы мүмкін. Бірі қиындық көрсе, екіншісі қолдау көрсетеді. Осындай қарапайым қарым-қатынастың өзі баланың әлеуметтік дағдысын қалыптастырады. Бала мектептен тек білім алып шықпайды. Ол адамдармен сөйлесуді, өз ойын жеткізуді, өзгелерді тыңдауды, келісуді, келіспеуді, кешірім сұрауды, кешіре білуді, жауапкершілік алуды үйренеді. Мұның барлығы – өмір мектебі.
Адамның өмірінде достықтың орны ерекше. Жасы ұлғайған сайын адамның ортасы өзгереді. Мектептегі достар, студенттік кездегі достар, қызметтегі әріптестер – бәрі де өмірдің әр кезеңінде қалыптасады. Бірақ балалық шақтағы достықтың орны бөлек. Өйткені бала кезіндегі достық есепсіз болады.
Сондықтан «баланың досы кім?» деген сұрақтың өзі маңызды.
Ата-ана үшін баласының кіммен араласатыны маңызды болғаны сияқты, баланың да өз ортасын таңдауға, өз досын қадірлеуге құқығы бар.
Әрине, баланың ортасын бақылау керек. Жақсы мен жаманды ажыратуға үйрету қажет. Бірақ баланың әрбір қарым-қатынасын үлкендердің өлшемімен бағалау да дұрыс емес. Кейде біз балаға «мына баламен араласпа», «ана баламен дос бол» деп өзіміздің таңдауымызды тануға тырысамыз. Ал бала жүрегімен кімге жақын екенін өзі сезеді.
Білім саласындағы кез келген өзгерістің түпкі мақсаты – балаға сапалы білім беру. Бұл мақсаттан ешқашан бас тартпауымыз керек. Бірақ білім сапасы мен бала болмысын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Сыныптарды оңтайландыру қажет болса, оның балаға әсері де назардан тыс қалмауы тиіс. Оқушыны бір сыныптан екіншісіне ауыстырмас бұрын оның пікірі тыңдалса артық емес. «Сен қай сыныпта оқығың келеді?», «Достарыңмен бірге қалғың келе ме?», «Жаңа ортаға ауысуға дайынсың ба?» деген қарапайым сұрақтардың өзі балаға деген құрметтің белгісі болар еді.
Өйткені бала – шешім қабылдай алмайтын кішкентай ғана адам емес. Оның да өз ойы, қалауы, сезімі бар. Біз баладан тәртіп талап етеміз. Сабақ оқуын, жақсы баға алуын, үлкенді сыйлауын, жауапты болуын сұраймыз. Ендеше, оның пікірін де тыңдай білуіміз керек. Қоғам өзгереді. Білім жүйесі де өзгереді. Уақыт талабына сай реформа жүргізіледі. Оқу бағдарламасы жаңарады, жаңа технология енгізіледі, мектепте жаңа әдістер қолданылады. Мұның бәрі – заман талабы. Бірақ реформаның ортасында әрдайым бала тұруы керек. Бала үшін жақсы білім алу қаншалықты маңызды болса, оның өзін қауіпсіз, еркін және жайлы сезінуі де соншалықты маңызды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден










