Ауыл ажары – ынтымақта
Әлеуметтік желіні күнделікті ақтарып, ел өмірінде орын алып жатқан кез келген маңызды оқиғадан қалыс қалмайтын көпшілік бір жарым ай бойы Аманкелді ауылына қызыға қарап отырды. Себебі іргелі елді мекенде «Ауылым – Атамекенім» байқауы елді ортақ мақсатқа ұйыстырды.Жалпы алғанда, ауыл – тағдыры тамырлас, қуанышы ортақ, бір-біріне сүйеніш болған ағайынның алтын ұясы. Бір көшеде тұратын адамдардың күнделікті амандығы мен аралас-құраластығынан бастап, елдің үлкен қуанышына бірге қуанып, қиындықта бір-біріне қолдау көрсетуіне дейінгі аралықтың бәрі ауылдың берекесін қалыптастырады. Ал сол берекенің негізінде қашанда бірлік тұрады. Аманкелді ауылында ұйымдастырылған «Ауылым – Атамекенім» атты көшелер арасындағы байқау осы қарапайым ақиқатты нақты іспен көрсетті. Ұлттық құндылықты дәріптеу, салт-дәстүрді ұлықтау, ауыл тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті күшейту мақсатында ұйымдастырылған іс-шара бірнеше кезеңге ұласып, елді мекеннің әр төңірегінде ерекше серпін берді. Байқаудың әрбір кезеңінде ауыл көшелері бір-бірімен жарыса отырып, шын мәнінде бір-бірін толықтырды. Бір көшенің төрінде бесік тербетілсе, екінші көшеде беташар айтылды. Бір жерде тұсаукесер дәстүрі сахналанса, енді бір жерде қыз ұзату рәсімі көрсетілді. Ұлттық ойындар ойналып, ән мен күй орындалды. Киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды.
Алғашқы қадам – ағайынның ауызбіршілігін айғақтады
Айта кетейік, «Ауылым – Атамекенім» байқауының алғашқы кезеңі Құмжағалау, Ғани Мұратбаев, Абдолла Ағайдаров және Қуаныш Баймағамбетов көшесінің тұрғындарының қатысуымен өтті. Алғашқы кезеңнің өзінен-ақ тұрғындардың байқауға үлкен жауапкершілікпен дайындалғаны байқалды. Әр көше өз бағдарламасын әзірлеп, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға күш салды. Тағылымы мол іс-шарада қазақтың бала тәрбиесіне қатысты дәстүрі бесік салар рәсімі көрсетілді. Бесіктің қазақ дүниетанымындағы орны, бала тәрбиесіне қатысты ұғымдар көпшілікке тағылымды түрде жеткізілді. Байқау негізінде жиналған жұртшылық ләңгі теуіп жарысты.
Іс-шараға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов, әйелдер кеңесінің төрағасы Баян Мырзанова және ауыл тұрғындары қатысты. Байқау барысында көшелердің ұйымшылдығы анық көрінді. Әр тұрғын өзінің міндетін біліп, ортақ іске үлес қосуға тырысты. Бірі – дайындық жұмысына араласса, бірі – өнер көрсетуге атсалысты. Әйелдер қауымы дастарқан қамын жасаса, жастар ұйымдастыру жұмысына белсене араласты. Осылайша алғашқы кезең ауылдағы ынтымақтың алғашқы нышанын танытты.
Байқаудың басталуымен бірге көшелер арасында бәсекелестік те пайда болды. Бірақ бұл – бірін-бірі басып озуға емес, өз көшесінің мүмкіндігін көрсетуге, ауылдың абыройын бірге көтеруге бағытталған бәсеке еді. Сондықтан алғашқы кезеңнің өзінен-ақ іс-шараның шынайы мәні байқалады.
«Шаңқайдың» шуақты кеші
Ал екінші кезеңде Рахмет Мәзхожаев пен Мақаш Қалымбетов көшелерінің тұрғындары бірігіп, «Шаңқай» тұрғындарының салтанатты мәдени кешін ұйымдастырды. Іс-шараға Аманкелді ауылдық округінің әкімі, ардагерлер кеңесінің және әйелдер кеңесінің төрайымы, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Аталған кезеңнің мазмұнын қазақтың дәстүрлі тәрбиесі мен отбасы құндылығы айқындады.
Танымы бөлек кеште қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани мұрасы – «Беташар салты» театрландырылған қойылым түрінде сахналанды. Сахнадағы көрініс арқылы келіннің жаңа ортаға келуі, үлкенге құрмет көрсетуі, отбасы мен ағайын алдындағы жауапкершілігі секілді ұғым кеңінен насихатталды. Беташардың мәні тек рәсіммен шектелмей, оның тәрбиелік мазмұны көрерменге жеткізілді.
Ауыл өнерпаздары да бұл кештен тыс қалмады. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көптеген ұлттық ән мен күй орындалды. Ән айтылып, күй төгілгенде ауылдың үлкені мен жасы бір сахнаға қарап, бір көңіл-күйді бөлісті. Бұл да – елді біріктіретін өнердің құдіреті. Кеште ұлттық ойын ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Ал ақ дастарқанның жайылуы қазақтың қонақжайлық дәстүрін айшықтай түсті. Ұлттық тағам ұсынылып, көпшілікке ортақ дастарқан басында жарасымды әңгіме өрбіді. «Шаңқай» тұрғындарының кеші осылайша ұлттық дәстүр мен ауыл бірлігін тоғыстырған мазмұнды іс-шараға айналды.
«Тақыркөл» – тарих пен дәстүрді сабақтастырған аймақ
Үшінші кезең Қ.Баймағанбетов, Қ.Сәтбаев, Ә.Молдағұлова, П.Жарқынбеков, О.Жалмұрзаев және Жалбыр Батыр көшесінен біріккен «Тақыркөл» тұрғындарының қатысуымен өтті. Оған ауданның Құрметті азаматы Асылхан Төлегенұлы, Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова қонақ болды.
Үшінші кезеңде ұлттың бала тәрбиесіне байланысты ежелден келе жатқан «Тұсаукесер» дәстүрі театрландырылған қойылым арқылы көрсетілді. Баланың алғашқы қадамына ақ жол тілеу, оның өмір жолы ашық болсын деген ізгі ниет – тұсаукесердің негізгі мәні. Осы дәстүрді сахналау арқылы атадан балаға жалғасқан тәрбиенің мазмұны көрерменге жеткізілді.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Ауыл өнерпаздары ұлттық әндер орындап, күйлер шырқалды. Ұлттық ойындар да кештің ажарын аша түсті. Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, ортақ мерекенің көркін қыздырды.
Дастарқан жайылып, қазақтың қонақжайлық дәстүрі тағы бір мәрте дәріптелді. Үшінші кезеңнің ерекшелігі – бірнеше көшенің бір мақсат жолында бірігуі. Әр көшенің өзіндік ерекшелігі болғанымен, барлығы бір бағдарламаның айналасына топтасты. Осылайша «Тақыркөл» тұрғындары да байқаудың негізгі идеясын – бірлік бар жерде ғана ортақ іс нәтижелі болады» деген ұстанымды көрсетті.
Өз кезегінде іс-шараның шырайын келтірген ерекше сәт орын алды. Яғни, көше тұрғындары өзара бұқа тартыс өткізді.
Ұлттық құндылық
шежіреге айналған кезең
Келесі кезең Тәжібай Тышқанбаев және Қуаныш Баймағамбетов көшелерінің тұрғындарының бірігуімен жүзеге асқан байқау Қосапан аймағында өтті. Осы жолғы іс-шараға қарымды қаламгер, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы ШаҺарбек Нұрсейіт, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева қатысты.
Аталған көше тұрғындары дүниеге сәби келу, бесікке салу, тұсаукесер, тұлым кесу, сүндет той, қыз айттыру секілді дәстүрді көпшілікке сахналық көрініс арқылы ұсынды. Әрбір көріністен қазақы тәрбиенің өзіндік болмысы байқалды. Бұл жерде салт-дәстүр жай ғана көрсетілген жоқ. Оның тәрбиелік мәні де ашылды. Бала тәрбиесі, отбасы қадірі, үлкенге құрмет, қыз тәрбиесі, ұрпақ сабақтастығы секілді ұғым бір кештің ішінде кеңінен көрініс тапты. Ұлттық үлгіде киіз үй тігіліп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін, салт-дәстүрін танытатын көрме жасалды. Өз кезегінде елдің өркендеуіне үлес қосқан ардагерлердің фотокөрмесі қойылды. Олардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Ал Диас Берлібектің орындауындағы «Қосапанның әнұраны» ауыл тұрғындарының туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыра түсті.
Ынтымақ ұйысқан жерде –
береке бар
Байқаудың келесі бір күнінде «Ынтымақ» мөлтек ауданының тұрғындары арнайы дайындалған мазмұнды бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Мазмұны терең іс-шараның қадірлі қонақтарының қатарында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Серік Қожахметов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жантемір Айсин, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали және ауыл тұрғындары болды.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге басымдық берген тұрғындар қазақ халқының отбасылық құндылығын танытатын көріністерді сахналап, ұлттық мәдениетіміздің бай мұрасын кеңінен насихаттауға тырысты.
Қазақ халқының дәстүрлі ойындарының қатарынан орын алатын ақсүйек – жастардың басын қосып, көңілді орта қалыптастырған ойындардың бірі. Бұрын ауыл жастары айлы түнде бас қосып, ақсүйек ойнап, ән айтып, әзіл-қалжыңмен уақыт өткізген. «Ынтымақ» мөлтек ауданында ұйымдастырылған ақсүйек ойыны да тұрғындардың қызығушылығын оятып, шараның көркін қыздырды. Әсіресе, жастардың белсенділігі ұлттық ойындарға деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін аңғартты.
Бұл ретте, аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов сөз сөйлеп бірнеше күнге созылып, ауыл халқының ынтымақ-бірлігін кеңінен дәріптеген іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі «Ауылым – Атамекенім» атты көшелер арасындағы байқау – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайтатын тағылымды іс-шара деп білемін. Жалпы, байқаудың басты маңызы – тек көшелердің көркін арттыру немесе абаттандыру жұмыстарын көрсету ғана емес. Бұл – елді мекен тұрғындарын бір мақсатқа жұмылдырып, ортақ іске деген жауапкершілікті қалыптастыратын, үлкен мен кішінің бір арнаға тоғыстыратын игі бастама. Осындай шаралар арқылы ауылдың ажарымен қатар, тұрғындардың ынтымағы мен береке-бірлігі де арта түседі. Бүгінгі іс-шара негізінде «Ынтымақ» мөлтек ауданының тұрғындары өздерінің ұйымшылдығы мен белсенділігін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, халқымыздың мәдени мұрасын кеңінен танытуға мән бергендерін ерекше атап өткім келеді. Ұлттық ойындар, қолөнер, салт-дәстүр көріністері мен ұлттық тағамдар – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарының айқын көрінісі, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұл ретте, мәдени бағдарламамен қатар іс-шара барысында әйелдер арасында қазақша күрестен жарыс өтті. Қазақ күресі – халқымыздың күш пен ептілікті, батылдық пен табандылықты қатар бағалағанын көрсететін ұлттық спорт түрі. Ал оның әйелдер арасында ұйымдастырылуы шараның өзіндік ерекшелігін танытты. Бұл ретте, мәдениет саласының ардагері Жұмағазы Оразовтың сөзіне жазылған «Ынтымақ» мөлтек ауданының әнұраны шырқалды. Ал Қыз бен жігіт айтысы көпшіліктің көңілінен шықты.
Қызылту – өткенді қадірлеген, бүгінге
береке тілеген мекен
Байқаудың маңызды кезеңдерінің бірі Қызылту ауылында өткенін айта кетейік. Ынтымақ пен бірлік үйлесім тапқан байқауға Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова арнайы қатысты.
Кезекті іс-шарада Қызылту өңірінің өткені мен бүгіні, тарихи мұрасы мен жетістігін насихаттайтын арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда ауылдың қалыптасу тарихы, елге еңбегі сіңген азаматтары мен туған өлкенің рухани құндылықтары кеңінен таныстырылды. Мерекелік бағдарлама ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін көрмелермен, театрландырылған қойылым мен және концерттік бағдарламамен жалғасты. Ауыл өнерпаздары туған жерге арналған ән орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл ретте, ұлттық ойын ұйымдастырылып, тұрғындар өзара шеберлік байқасты.
Ауыл тұрғындары Нәрікбай Алтынбеков пен Марал Абдрахманова 50 жылдық отбасылық мерейлі күні – «Алтын тойы» көпшілік алдында аталып өтіп, мерейтой иелеріне құрмет көрсетілді. Ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласқан ардагерлер Патима Хамитова, Жұбатқан Сатыбалдиев, Жансая Оспанова, Бақыт Нұрманов, Қалдыгүл Серғалиеваға алғыс айтылып, сый-сияпат табысталды.
Бәйге өз мәресіне жетті
Бірнеше кезеңге жалғасқан байқау соңында қорытындыланды. Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде жүзеге асқан қорытынды іс-шараның ашылуында осыған дейін байқаудың жекелеген кезеңінде тұрақты түрде қатысып келген Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева мен Аманкелді ауылдық округінің әкімі Зейнұр Жаманқұлов сөз сөйлеп, тұрғындарға ізгі тілектерін жеткізді.
– «Ауылым – Атамекенім» атты көшеаралық байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды өтуі – жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығының жарқын көрінісі деп білемін. Байқаудың ерекшелігі – көшелердің тазалығы мен көркі ғана емес, ең бастысы, тұрғындардың бір мақсатқа жұмылып, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуге бір арнаға ұйысуында. Жалпы, біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық ойындарын, өнері мен мәдениетін көріп, атадан балаға жалғасқан асыл мұралардың қадірін тағы бір сезіндік. Әсіресе, көршілердің бір-бірімен кеңесіп, ортақ іске жұмылып, әр отбасының өз үлесін қосуы – үлкен өнеге. Өйткені қазақ қоғамында көршілік қарым-қатынас қашанда ерекше бағаланған. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөздің өзі халқымыздың көршілік сыйластыққа қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Бүгінгі іс-шара сол дәстүрдің әлі де өз жалғасын тауып келе жатқанын аңғартты. Осы орайда байқауды ұйымдастырып, оның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін. Өз кезегінде Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлзакира Аманжолова бастаған іргелі ұжымның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Мәдениет үйінің қызметкерлері ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, әр шараның мән-мағынасын тереңдете түсіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Бүгінгі байқаудың жоғары деңгейде өтуінен де осы еңбектің нәтижесін анық аңғаруға болады. Мәдениет – елдің рухани тірегі. Ал ұлттық құндылықты дәріптеу – баршамызға ортақ міндет. Осындай игі іс-шара арқылы біз салт-дәстүрімізді жаңғыртып қана қоймай, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіреміз, ауыл тұрғындарының арасындағы татулық пен сыйластықты нығайтамыз, – деді бөлім басшысы.
Байқаудың қорытынды іс-шарасында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде «Өнегелі отбасы» аталымын иеленген Бұрхановтар әулеті арнайы марапатталды. Ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласқан көше белсенділеріне аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының Алғыс хаты табысталды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде «Қызылту» мөлтек ауданына бұйырды. І орын – «Қосапан» мөлтек ауданына берілді. ІІ орынды «Шанхай» және «Тақыркөл» мөлтек аудандары иеленді. ІІІ орынды «Ынтымақ» және «Құмжағалау» мөлтек ауданы иемденді.
Байқаудың қорытындысында оны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтардың еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Байқауға арнайы қазылық жасап, өз бағаларын берген Баян Мырзанова, Ерғали Құлымбетов, Базарбай Сүлейменов марапатталды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасап, қолдау білдірген азаматтарға да ризашылық айтылды. Бұл ретте, Қожахмет Мырзаев, Нұрлан Кеңесұлы, Ғалымқалижан Оралбаев, Гүлнұр Аманбекқызы секілді атымтай жомарт жандар демеушілік етті.
Іс-шарада ауыл қонақтары Қожахмет Мырзаев бастаған ел азаматтары ақжарма тілегін жеткізіп, игілікті істі жандандыра білген жандарға тілек білдірді. Өз кезегінде Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайберген, мәдениет саласының ардагері Жұмағазы Оразов, Ақжарма ауылдық әкімдігінің маманы Жадыра Бағдатқызы, Әлима Жақыпова байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырлғанын ерекше атап өтті.
Айта кетейік қорытынды іс-шарада ауыл өнерпаздарымен бірге аманкелділік жас талант, «Қазақстан дауысы» байқауының жеңімпазы Құралай Мейрамбек ән шырқады. Өз кезегінде бірнеше күнге созылған іс-шараны көңілді стартта аяқтаған Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің ұжымы ауызбірлік нышанын көрсете білді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









