Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 66 газет

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 газет

29 тамыз 2026 ж.

№64 газет

25 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Дала дабысы – дәулеттің бастауы

Дала дабысы – дәулеттің бастауы

Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» шаруашылығында көптен күткен егін орағы басталды. Дала төсіндегі қызу еңбекке жол ашқан бұл күн – диқан қауымы үшін айрықша мәнге ие. Жыл бойғы маңдай тер мен тынымсыз еңбектің нәтижесі таразыға түсетін жауапты науқанның басталуына орай шаруашылық қырманында еңбек адамдары мен ауылдың ел ағалары бас қосты.

Егінге орақ түсу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев арнайы қатысып, дала еңбеккерлерін молшылық мерекесінің басталуымен құттықтады. Ақжолтай тілек айтылып, еңбек адамына сәттілік тілегеннен кейін лента қию рәсімі өтіп, биылғы егін жинау науқанына ресми түрде жол ашылды.

Аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев өз сөзінде елдің берекесі мен ырысы ең алдымен еңбекпен келетінін атап өтті.

– Бүгінгі күн – дала еңбеккерлері үшін үлкен жауапкершіліктің бастауы. Көктемнен бері егіс алқабында тынымсыз еңбек етіп, жердің бабын тауып, дақылдың күтімін жасаған барша диқан қауымына алғысымды білдіремін. Егіннің бітік шығуы – бір күндік еңбектің емес, айлап жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ендігі міндет – маңдай термен өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, қамбаға құю. Науқанның әр күні берекелі болып, техникалар іркіліссіз жұмыс істесін. Еңбектеріңіз жемісті болып, ел дастарқаны молшылыққа толсын! – деді Талғат Нұртазаев.

Негізінен, биыл шаруашылық бойынша егін орағы №4 бригада алқабынан бастау алды. Дала жұмыстарының барысымен танысқан қонақтар егіннің жай-күйін көріп, еңбеккерлерге сәттілік тіледі. Шаруашылық төрағасы Дархан Ералиевтің айтуынша, егіс науқанына дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген. Көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай атқарылып, егістік алқаптарды күтіп-баптауға ерекше мән берілген.

– Биыл да шаруашылық ұжымы үшін жауапты жыл болды. Көктемгі егіс науқанынан бастап бүгінгі ораққа дейін барлық жұмысты жоспарлы түрде атқаруға тырыстық. Диқанның еңбегі – үлкен төзімділік пен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Жерді дұрыс дайындап, суды тиімді пайдаланып, егісті уақытылы күтіп-баптау – өнімнің мол болуына тікелей әсер етеді. Бүгін, міне, сол еңбектің нәтижесін жинайтын кезеңге жеттік. Шаруашылықта биыл түрлі дақыл бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, жаңа жоңышқа 1100 гектар алқапқа, ескі жоңышқа 2000 гектарға, түйежоңышқа 319 гектарға, суданка 35 гектарға орналастырылған. Ал күріш алқабының көлемі 4500 гектарды құрайды. Күріш алқабында бірнеше сорт егілген. Оның ішінде, «Яхонт» сорты – 2030 гектарды, «Каурис» – 1000 гектарды, «Янтарь» – 900 гектарды, «Лидер» – 500 гектарды, «Айсара» сорты 81 гектарды құрайды. Әр сорттың өзіндік ерекшелігі бар екенін ескерген шаруашылық мамандары егіс алқаптарының жағдайына қарай агротехникалық шараларды жүргізіп келеді, – деді шаруашылық төрағасы.

Егін жинау науқанының ойдағыдай өтуіне техниканың дайындығы да маңызды. Шаруашылықта қажетті техника қоры жеткілікті. Бұл орақ кезінде жұмыстың үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді. Еңбеккерлердің қауіпсіздігі мен техниканың уақытылы жұмысқа шығуы да басты назарда.

Қырман басындағы басқосуға «Абзал және К» толық серіктестігі директорының орынбасары Сағидолла Абайұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Төребекұлы, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуандық Нұрмағанбетов, ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов бастаған азаматтар, ауылдың ақсақалдары, егін егіп, ел ырысын арттыруға үлес қосқан ардагерлер мен диқан қауымы қатысты.

Егінге орақ түсу рәсімі ауыл тұрғындары үшін де үлкен мерекеге айналды. Ақ жаулықты әжелер ансамблі ән шырқап, аудан өнерпаздары көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ақсақалдар ақ батасын беріп, дала еңбеккерлеріне ізгі тілектерін жеткізді. Дастарқан жайылып, берекелі еңбектің бастауы жақсы ниетпен аталып өтті. Бата беріліп, әруақтар рухына құран бағышталды.

****

«Мағжан және К» шаруашылығының Тереңөзек кентіндегі филиалында да егін орағы басталғаны белгілі. Филиал жетекшісі Нариман Сағатбаев басқаратын ұжым биыл 620 гектар алқапқа күріш еккен. Филиалда 40-тан астам маман еңбек етеді. Көктемгі дала жұмысынан бас­тап егінді күтіп-баптауға дейін шаруашылық мамандары өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келеді. Егінге орақ түскен күні филиал ұжымының қуанышына ортақтасқан ел ағалары ақ батасын беріп, диқаншыларға сәттілік тіледі.

Филиал жетекшісі Нариман Сағатбаев үшін де бұл күннің орны бөлек.

– Егінші қауым үшін орақтың басталуы – жыл бойғы еңбектің нәтижесі сараланатын ерекше кезең. Көктемгі егіс жұмысы басталған күннен бері әр гектар алқаптың жағдайын бақылауда ұстап, егінді уақытылы суарып, қажетті агротехникалық шараларды жүргіздік. Енді сол еңбектің нәтижесін жинайтын жауапты кезеңге келіп отырмыз. Біздің филиалда биыл 620 гектар күріш алқабы бар. Осы жұмыстың барлығын бір ұжымның күшімен атқару оңай емес. Қырықтан астам азамат әр бағытта еңбек етіп, ортақ іске өз үлесін қосып келеді. Механизаторлар, агрономдар, су мамандары, жұмысшылар – барлығының еңбегі бір-бірімен тығыз байланысты. Бір адамның жұмысы екіншісінің нәтижесіне әсер етеді. Сондықтан егін шаруашылығы – ұйымшылдықты, тәртіпті және үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Орақтың басталуына орай ел ағаларының ақ батасын алу біз үшін үлкен демеу. Қазақта «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дейді. Ақсақалдардың батасы мен елдің тілегі – еңбек адамы үшін үлкен күш. Сол ақжолтай тілектерді арқалап, егінімізді ысырапсыз жинап, шаруашылықтың межесін орындауға бар күшімізді саламыз. Егін жинау – тек шаруашылықтың ғана емес, тұтас ауылдың берекесіне әсер ететін науқан. Сондықтан осы кезеңде барша еңбеккерлердің ауызбіршілігі маңызды. Техника уақытылы жұмыс істеп, ауа райы қолайлы болып, қамбамыз астыққа толсын деген тілегіміз бар. Диқанның еңбегі ақталып, ел ырысы артсын. Биылғы орақ баршамызға берекелі болғай! – деді Нариман Сағатбаев.

Ауылдың үлкендері батасын беріп, жастар еңбек адамдарының өнегесін көріп өскен осындай шараның тәрбиелік мәні де зор. Себебі жерге дән сеуіп, ел несібесін еселейтін диқан еңбегі – қай кезде де құрметке лайық. Жыл сайынғы егін орағы – Сыр өңіріндегі тіршіліктің ажырамас бөлігі. Дала төсіндегі комбайнның дүбірі, қырманға құйылған астықтың сылдыры – ауылдағы еңбектің, берекенің, елдің ырысының белгісі.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 қыркүйек 2026 ж. 62 0