Ана туралы жыр
Түске таман №135 орта мектебінің директоры Зәуре Білісбаева әріптесім телефоныма қоңырау соғып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Ауылдасыз ба? Әмірхан аға Тереңөзекке келіп еді, сізді іздеп жатыр» деді. «Ел ағасыз болмайды» демекші, елдің ағасы, ердің данасы атанған Әмірхан Бәкіров ағамыз іздесе, міндетті түрде бару керектігін бірден ұқтым. Сөйтіп қаладан келген бойда көлігімнің тізгінін Ә.Тәжібаев көшесіне бұрып, қасиетті қарашаңыраққа табан тіредім. ...Жиналған жұртшылықтың қарасы қалың екен. Сөйтсем текті әулеттің ұл-қыздары ағайын-туыстың, құда-жегжат пен көрші-көлемнің басын қосып, ата-аналарын еске алып, ас беріп жатыр екен. Осыдан екі жыл бұрын Ұлы Отан соғысының ардагері, қаламгер, әлеуметтік сала үздігі Бәкір Өтеповтің 100 жылдығында аудандық мәдениет үйінде ғылыми конференция өтіп, аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының қолдауымен даңқты майдангердің рухы ұлықталған болатын. Аталған конференцияны жүргізу, сценарлық жоспарын әзірлеу – мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді міне тілегі еліне, білегі еріне, жүрегі жұртына арналған, бар саналы ғұмырында адал еңбегімен абыройға кенелген ардақты тұлға, ел анасы Күлдарай Өтепованың туғанына 100 жыл толыпты. Осыған орай Әмірхан Бәкірұлының ұйытқы болуымен «Ана туралы жыр» атты кітап жарыққа шығыпты. Өтеповтер әулетінің бір баласындай болып кеткен мені Әмірхан ағаның іздеп, шақырған себебі – осы кітапты табыстау үшін екен. Кітап қолымызға тигеннен-ақ тәрбиелік, тағылымдық мәні терең туынды екенін байқадық.
Ананы ардақтау, оның рухына тағзым ету, еңбегін ұмытпай, өске алу бағытында өте ауқымды еңбек атқарып, кітап шығарып, оны оқырманға таратып жатқан Әмірхан аға бастаған отбасының бұл игі ісін жоғары бағалаймыз. Оқырман ретінде жаңа кітап туралы ой-пікірімізді жазып, оқырман олжасына айналған туындының сапалық және пәлсапалық мазмұны жөнінде қалам тербеуді жөн көрдік. Туынды авторы Әмірхан Бәкірұлы кітаптың кіріспесін қазақтың атақты сазгері Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнінің мән-маңызын ашу арқылы бастапты. Анасының рухымен сырласа отырып, көңілдегі көркем ойды анаға деген шексіз махаббатпен, сағынышпен, құрметпен ұштастырыпты. Автор миллиондаған перзенттің парасатты пайымына, адал пейіліне шамшырақ болған осынау киелі жырдың құдіретіне бас иіп, кітаптың да атауын «Ана туралы жыр» деп атапты.
«Ана туралы жыр» кітабы негізгі екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде «Анама арнау», «Батыр ана Күлдарай», «Әкемен сырласу», «Ата», «Әже», «Балалық шақ еске түскенде», «Ана тәрбиесі», «Анаға баласының бәрі бірдей» секілді елуге жуық тақырыптық мақала топтастырылған. Әр мақаланың айтары бар, мәні терең және тәрбиелік маңызы зор. Ең бастысы, кейіпкерлер де, оқиғалар да өмірден алынған, ешқандай әспеттеусіз, әсірелеусіз бәрі де шынайы жазылған. Осы ретте, Әмірхан Бәкірұлының қаламгерлік шеберлігін, оқиғаны баяндау мәнері мен әсерлі жеткізе білуін ерекше атап өтпеске болмас. Бұл – үлкен тәжірибе, тынымсыз ізденіс пен еңбектің жемісі. Оның үстіне ана дегенде толқымайтын көңіл, тебіренбейтін жүрек жоқ шығар, сірә! Сондықтан автордың баяндау стилі жеңіл болғанымен, кітапқа енген әр мақаласының, әр сөйлемінің мағынасы терең. Оқиғалардың бәрі бірқалыпты әрі қызықты өрбиді, сол заманның адамдарын көз алдыңызға елестетесіз.
Әмірхан Бәкірұлы кітапта «Кешкілік әкеміз жұмыстан келгенде машинаны қабылдап алып, радиатор мен блоктағы су қатып қалмас үшін төгіп тастап, келесі күнге дайындап қоятынсыз. Бұл бір көрініс қана, ал балаларыңызға істеген еңбегіңіз ше? «Ананың еңбегін қайтару үшін Меккеге үш рет арқалап алып бару керек» дейді. Бұл ананың еңбегін ұмыту, қайтару мүмкін емес деген сөз ғой. Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша әдепкі балалары атасы мен әжесінің еншісіне тиетіні белгілі. Біз Күләш апамыз екеуміз 5-6 сынып оқығанға дейін нақты кімнен туғанымызды білгеніміз жоқ. Әжеміздің баласы болып жүрдік. Сіз он бала туып, «Батыр ана» атанған кезде бауырымыз Қалдыбек «Сіз қалай сегіз бала туып, «Батыр ана» атандыңыз?» деп таңғалып сұраған көрінеді. Алғаш рет Күләш апамыз жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде «Осы мен кімнен тудым?» деп оңаша сұрапты. «Әрине әжеңнен» деп жауап қайтарыпсыз. Бұл, сөз жоқ сіздің қасиеттілігіңіз. Әркім анасына қолынан келген жақсылығын істейді. Сізге арнап «Айқас» атты кітап шығардым. Үйге арнайы барып, өзіңізге тапсырдым. Сіз риза болып, мұқабаның сыртындағы менің суретімді сүйдіңіз. Жанымда тұрған Зағипа келініңіз «Апа-ау, қасыңызда тұрған балаңызды сүймей, оның кітаптағы суретін сүйгеніңіз қалай?» деп, әзілдеп сұрады. Сіз сыр білдірген жоқсыз. Кітаптың бетін парақтап, отыра бердіңіз. Жылы жүзіңізден толқып отырғаныңызды байқадым. Бұл жалған өмірден мені «Үлкен бала» деп өттіңіз. «Балам!» деп басымнан сипап, маңдайымнан сүйе алмадыңыз. Сол баяғы ата-бабадан қалған әдептілікті сақтадыңыз, тектілігіңізді көрсеттіңіз. Мен де Сізді «Анашым!» деп құшақтап, еркелей алмадым. «Күлдарай» деп атыңызды атадым. Әжеміз әлдеқашан о дүниелік болып кетсе де біз екеуміз сол кісінің алдында адал болуға тырыстық» деп ішкі сырын ерекше тебіреніспен ақтарып, анаға деген шексіз махаббаты мен құрметін жүрекжарды сезіммен қағазға түсірген. Мұны оқып отырып, әже қадірін, ана қадірін тереңірек ұғынуға болады. Автор өз мақаласына қазақтың «бауырға басу» дәстүрін арқау ете отырып, оның астарындағы мейірім мен адамгершілік құндылықтарды әсерлі суреттеген.
«Батыр ана Күлдарай» атты мақала да ерекше мазмұнымен көңілге жылы әсер етеді. Ол кісінің бала күнгі арманы білім бақытына жету болатын. Сол кездері «Қараөзек» ауылында одақтық психиатриялық аурухана жұмыс істеген. Дәрігерлердің басым көпшілігі ресейлік еді. Сондықтан орыс бастауыш мектебі ашылып, онда сырттан келген дәрігерлердің балалары мен жергілікті тұрғындардың да балалары оқыған. Алғашында Күлдарай да бірнеше ай осы мектепке барады. Кейін анасы науқастанып, төсек тартып қалады да оған қарайтын адам болмаған соң әкесі Күлдарайды мектептен шығарып алады. Сөйтіп тағдыр тауқыметімен қайта мектепке барудың, сауат ашудың реті келмейді. «Шырағым, өмірің алда, уақыттың өзі-ақ оқытады» деп жұбатыпты әкесі. Бірақ қыз жүрегінде жабырқау сызат қалады. Ол осыдан аман жүрсем, балаларымның бәрін оқытамын деп ой түйеді. Құдайдың бұйыртқаны шығар, арман-тілегі алдамады. Он перзентін де оқытты, тоқытты, бәрінің өмірден өз орнын табуына жол ашты, тілегіне жетті. Балалары да үміті мен сенімін ақтап, анасының абыройын асқақтатып, беделін биіктетті. Қолымыздағы кітап – баласы үшін барын беріп, бар ғұмырын перзентінің бақытына арнаған ананың адал еңбегінің жемісі.
Кітаптың сапалық мазмұнын арттырып тұрған басқа да мақалалар өте көп. Оның бәрін жеке-дара ашып жаза бергеннен гөрі кітапты қолға алып оқыған, көңілге тоқыған дұрыс. Туындының тағы бір назар аударарлық ерекше тұсы – Бәкір Өтеповтің 100 жылдығына арналған ғылыми конференция мен дзюдодан өткен облыстық турнир құжаттарының кітапқа түгел енгізілуі. Онда суреттер, конференцияның жүргізілу тәртібі, баяндамалар мен баспасөзде жарияланған мақалалар бар. Сондықтан бұл кітапты оқырманның ортақ олжасы деп бағамдап, көпшілік қауымға ой саларлық құнды дүние деп айтуымызға толық негіз бар. Ана рухына тағзым етуді мақсат еткен ұлағатты ұрпақтардың барлық байырқалы бастамасы оңынан болғай!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі










