Қыстың қамын ойлаған қапы қалмайды
«Қыстың қамын жаз ойла, жаздың қамын қыс ойла» деген мағыналы сөз бар. Мұның мәні адамды алдын ала ойлануға, кейін қапы қалмас үшін дайын отыруға үндегені. Яғни, күн суытып, қыс келмей қажетті шаруаны жазда атқарып, ал жазда жасайтын тіршілікті қыстың күні қамдан дегенге ұйысады. Кез келген жұмысты жоспарлап, мұқияттылық таныту, мүмкіндікті жібермей дұрыс пайдалану керек. Өзекті мәселе турасында үлкен алқалы жиынның көпшілігінде айтылып, нақты атқарылған істің мән-жайы баяндалып келеді.Міне, жаздың жайма шуақ күндері де аяқталып қалды. Алдан салқын күз бен қаһарлы қыс айы тосады. Жылда жаздың аптап ыстығына қарап, биыл түсетін қыстың да сондай ызғары болатыны айтылады. Мезгілімен келетін суыққа әрбір отбасы алдын ала дайындалып, шаруасына қажетті жем-шөпті, азықты мол етіп жинақтайды. Одан басқа қыс бойы тұтынатын бақша өнімдерінен де азық-түлік қорын дайындауға асығады. Қыс мезгіліне дайындық осынысымен ерекшеленеді.
«Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн қарасып, жерге сыз түспей тұрған уақытта қысқа дайындықты жүйелеп алу мекеме басшылығына да байланысты. Бұл орайда аудан бойынша қысқы жылыту маусымына дайындық жұмысы жаздың басында басталып кеткенін айта кету керек.
– Аудан әкімінің 2026 жылғы 2 маусымдағы №160-өкімімен 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмысын ұйымдастыру жөнінде аудандық штаб құрылып, тиісті іс-шаралар бекітіліп, жоспарға сәйкес тиіс межелі міндет атқарылды, – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлы.
Осы күні аудан бойынша 80 әлеуметтік нысан бар. Білім беру саласында – 36. Оның ішінде, сұйық отын, қатты отын және газбен жылытылатыны кездеседі. Ал денсаулық сақтау саласында – 17 нысанның біреуі сұйық отынмен жылытылса, 9-ы қатты отынды пайдаланады, 7-і газға қосылған. Мәдениет және спорт саласындағы – 27 нысанның дені сұйық отын мен табиғи газдың көмегімен жылытылады. Жаз бойы штаб мүшелері ең маңызды әлеуметтік нысандардың дайындығын бақылаған.
Ауданда қатты отын пайдаланатын бірнеше нысан бар екенін ескерсек, алдағы жылыту маусымына қатты отын қоры 5000 тонна болып бекітілген. Оның 3000 тоннасы жеке тұрғындар үшін, 2000 мың тонна әлеуметтік нысандарға қажет.
– Биылғы жылды аяқтауға, яғни 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік нысандарға қажетті сұйық және қатты отын сатып алуға бюджеттен 374 млн теңге бөлінген. Оның ішінде, 930 тонна сұйық отын сатып алуға 322 млн теңге және 2000 тонна қатты отын сатып алуға 52 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандарға қажетті қатты отын қорын «Нұрдаулет» ЖШС-мен және тұрғындарға көмір жеткізуге «Олжас-2005» ЖШС-мен меморандум жасалынды, – дейді бөлім басшысы.
Жылыту маусымына дайындықтың әзірге орындалмай тұрған тұсы да бар. Яғни әзірлік паспортын алуға тиіс 80 әлеуметтік нысанның 30-ы жылу паспортын алса, 13 өтінім түскен. 37 нысан құжат тапсырмаған. Бұл кемшілік жылу беру маусымын уақытылы бастауына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан тиісті құжатты мерзімінде тапсыру керек.
Қолда бар мәлімет бойынша қазіргі таңда әлеуметтік нысандарда отын қоры 301 тонна қатты отын және 80,8 тонна сұйық отын қоры бар. «Углесбыт» ЖШС-де 70 тонна көмір бар. Бұл қазірден бастап отын қорын жасақтап алам деушілерге жақсы мүмкіндік.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден









