Жаңа оқу жылы басталды: 754 сырдариялық бүлдіршін бірінші сыныпқа барады
Бүгін еліміз бойынша білім күні. Республика аумағында есігін айқара ашатын білім ошақтары жаңа оқу жылын бастайды. Жаңа оқу жылы – жас ұрпақты білім алуға жетелейтін маңызды кезең. Биыл Сыр елінде 300-ден аса мектепте 200 мыңға жуық оқушы білім алатын болады. Ал сырдариялық 8065 оқушы 17 орта білім беретін мектепте оқу жылын бастаса, 754 бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттайды.Алғашқы қоңырау барлық мектепте соғылып, оқушылар жаңа оқу жылына қадам басты. Мерекелік көңіл күймен мектепке барған оқушыларды ұстаздары сағынышпен, құрақ ұша қарсы алды. Балалық шақтың бұл кезеңі әрбір бала үшін ұмытылмас сәт. Жаңаша, тың серпінмен басталатын оқу жылы ұстаздар қауымы үшін де, білім алушыларға да жаңалыққа, өзгеріске толы. Атап айтқанда, оқушының оқу жүктемесін оңтайландыруға, білімді тереңдетуге, құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірқатар маңызды өзгеріс енген. Әсіресе, министрлік тарапынан айтылған – бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ болмайтыны, орнына дәстүрлі бақылау жүргізілетіні үлкен жаңалық. Сондай-ақ жасанды интеллектінің мектеп пәндерінің мазмұнына ресми түрде енгізілуі – білім сапасын арттырумен қатар, оқушының құқықтық, цифрлық сауаттылығын жетілдіру, заманауи технологияны меңгеруіне жағдай жасау әрбір баланы жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
– Аудан бойынша 53 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде, 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 17 мектеп, 6 қосымша білім беру ұйымы бар. 2026-2027 оқу жылында 8065 оқушы қамтылады деп жоспарлануда, оларға 1319 мұғалім сабақ береді. Ал 1 сыныпқа 754 бала қабылданатын болады. 2025-2026 оқу жылында барлығы 585 оқушы мектеп бітіріп, оның ішінде 487-сі ҰБТ-ға қатысқанын да айтып өту орынды. ҰБТ-ның орташа балл көрсеткіші – 85,6 пайызды құрады. Сондай-ақ 404 оқушы грант конкурсына қатысуға өтініш беріп, 349-і мемлекеттік грант иегері атанды. Биылғы оқу жылында 11 сыныпта 532 оқушы оқиды деп жоспарлануда, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.
Сырдариялық оқушылардың мектепке дайын болып баруына орай дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылуда. Акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек арасында өтуде. Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды оқу құралдарымен қамтуды мақсат ететін республикалық акцияға кәсіпкерлер мен ата-аналар үн қосуда. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің ұйымдастыруымен білім саласында қызмет ететін көпбалалы, аз қамтылған 80 қызметкердің балаларына мектеп құралдары толтырылған сөмке табысталды. Сондай-ақ жалпыға міндетті оқу қоры есебінен берілетін бір реттік қаржылай көмек берілді.
Айту керек, биыл білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, жеті мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бибісара ЖАНӘЛІ











