Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№52 газет

14 шілде 2026 ж.

№51 газет

09 шілде 2026 ж.

№50 газет

04 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Мектеп бағдарламасына жаңа пәндер енгізіледі

Мектеп бағдарламасына жаңа пәндер енгізіледі

Елімізде білім беру қызметіне байланысты жыл сайын сан түрлі реформа жүргізіліп тұрады. Халық баласын оқытуда әлемдік тәжірибеге сүйенетін ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан салаға тың өзгеріс жасап, пилоттық жобаларды енгізу – қалыпты жағдай. Мәселен, жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Бұл жаңашылдықтар білім сапасын арттырумен қатар, оқушылардың құқықтық сауатын, азаматтық жауапкершілігін және жеке қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі қоғамда баланың өмірі цифр­лық технологиямен тығыз байланысты. Интернет пен әлеуметтік желі­лердің кеңінен қолданылуы білім алуға мүмкіндік бергенімен, кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жалған ақпарат және жеке деректердің қауіпсіздігі секілді жаңа қауіп-қатерлерді де қатар алып келді. Осындай жағдайда жас ұрпақтың құқықтық білімі мен қауіпсіздік дағдыларын ерте жас­тан қалыптастыру уақыт талабына айналғаны дұрыс.

2026-2027 оқу жылынан бас­тап мектеп бағдарламасына бірне­ше жаңа міндетті пән мен курс қол­даныста болады. Атап айтқанда, 5-7 сынып оқушылары «Конститу­ция негіздері» пәнін оқиды. Бұл пән арқылы оқушылар Ата Заңның негізгі қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін танып-біледі. Ал 8-11 сыныптарда «Заң және тәртіп» атты міндетті курс жүргізіледі. Мұнда құқықтық мәдениет, заң талаптарын сақтау, қоғам алдындағы жауапкершілік және құқық бұзушы­лықтың алдын алу мәселесі қам­тылады. Өз кезегінде 5-11 сыныпқа арналған «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіліп, оқушыларға цифрлық қауіп­сіздік, интернеттегі қарым-қатынас әдебі, алаяқтықтан сақтану, төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету және жеке бас қауіпсіздігін қорғау жолдары үйретіледі.

Бұл ретте, еліміздің бас ұстазының келтірген пікірін ұсына кетейік. «Оқу жылының басынан бастап бі­­лім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылатын болады. 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11 сыныптарда міндетті «Заң және тәртіп» курсы оқытылатын болады. Сонымен қатар, 5-11 сынып оқушылары үшін міндетті «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Келесі жылдан бастап 8-9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні енгізіледі. Бұрын таңдау бойынша оқытылған «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті болады және жаңа Конституция қағидаттарына толық сәйкес келетін мазмұнда оқытылатын болады» деді ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндеттелуі – білім саласындағы оңтайлы өзгерістердің орын алып жатқанын көрсетеді. 8-9 сыныпта «Қазақстан географиясы» пәні қайта оқытыла бастайды.

Өзгерістер бастауыш білім беру бағдарламасын да қамтып отыр. Оқу мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне бейімделіп, теориялық білімнен гөрі тәжірибелік дағдыларды дамытуға басымдық беріледі. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі қарастырылып, оқу жүктемесін оңтайландыру көзделген.

– «Конституция негіздері» пәнінің мектеп бағдарламасына енгізілуі – уақыт талабынан туындаған маңызды шешім. Өйткені әрбір бала өзінің құқығы мен міндетін, заң алдындағы жауапкершілігін ерте жастан білуі қажет. Ата Заң – мемлекетіміздің бас­ты құжатымен қатар, әр азаматтың өміріне тікелей қатысты негізгі құқығы мен бостандығының кепілі. Бүгінде балалар түрлі ақпараттық ортада өсіп келеді. Сондықтан олар өз құқығымен бірге өзгенің де құқығын құрметтеуді, заң талабын сақтауды және құқықтық мәселеде дұрыс шешім қабылдауды үйренуі маңызды. Бұл пән оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, әділдікке, жауапкершілікке және азаматтық ұстанымға тәрбиелейді. Балалардың құқықтық сауатының артуы олардың құқықтарының қорғалуына да оң әсер етеді. Өз құқығын білетін бала заңсыз әрекетке төзбейді, қажет болған жағдайда көмекке қайда және қалай жүгіну керектігін түсінеді. Сондықтан бұл пәннің енгізілуі – құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңға құрметпен қарайтын әрі елдің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін, – деді аудандық мәслихат депутаты Марат Бакуов.

Мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан қалыптасқан. Финляндия, Сингапур, Ұлыбритания сияқты мемлекеттің мектептерінде азаматтық білім, құқықтық сауат және цифрлық қауіпсіздік бағытындағы пән оқытылады. Бұл жастардың заңды құрметтеуіне, қоғам өміріне белсенді араласуына және ақпараттық кеңістікте жауапкершілікпен әрекет етуіне ықпал етеді.

Қоғам өзгерген сайын білім беру жүйесі де заман талабына бейімделуі тиіс. Сондықтан мектеп бағдар­лама­сындағы бұл жаңа­шыл­дықтар жас ұрпақтың өмірлік дағдыларын қалып­тастыруға және олардың қауіпсіз әрі құқықтық сауатты ортада өсуіне бағытталған маңызды қадам болмақ.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
14 шілде 2026 ж. 76 0