Оқулықтағы қате – ұрпақ санасындағы олқылық
Ұлттың ертеңі – бүгінгі мектеп партасында отырған баланың қолында. Ал сол баланың қолындағы ең басты құрал – оқулық. Оқулықты жай ғана пән бойынша мәлімет беретін кітап ретінде қарастырмаған жөн. Ол – баланың дүниетанымын қалыптастыратын, ойлау жүйесіне бағыт беретін, тілдік қорын байытатын, тарихы мен мәдениеті туралы түсінігін орнықтыратын маңызды тәрбие құралы. Сондықтан оқулықтағы әрбір сөйлем мен деректің, тіпті әрбір әріптің жауапкершілігі орасан.Кейде бір ғана қате сөз, дұрыс берілмеген дерек немесе түсініксіз сөйлем үлкен мәселе тудырмауы мүмкін сияқты көрінеді. Алайда оқулыққа кеткен қате – қарапайым басылымдағы қателікпен салыстыруға келмейтін құбылыс. Себебі газеттегі немесе әлеуметтік желідегі қате бір күнде ұмытылып кетуі мүмкін. Ал оқулықтағы қате жүздеген, мыңдаған баланың санасына дұрыс емес ақпарат ретінде сіңіп қалуы ықтимал. Сондықтан оқулық сапасы – білім сапасының, ал білім сапасы – ұлт болашағының мәселесі.
Қазіргі уақытта оқулықтың мазмұнына қатысты қоғамда айтылатын пікір аз емес. Кейбір оқулықта орфографиялық және грамматикалық қате кездессе, енді бірінде сөйлем құрылысының күрделілігі, мәтіннің оқушы жасына сай келмеуі сынға ұшырап жатады. Кейбір деректердің дәлдігіне күмән келтіріліп, тарихи оқиғаны баяндаудағы біржақтылық немесе ғылыми тұжырымның түсініксіз берілуі де қоғам назарынан тыс қалмайды.
Осы ретте, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектеп оқулықтарын толық сараптау барысында 700-ге жуық қате анықталған. Бұл – оқулық сапасына қатысты мәселенің жай ғана жекелеген кемшіліктерден тұрмайтынын, оған жүйелі түрде назар аудару қажеттігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Министр тамыз конференциясынан кейін журналистерге берген сұхбатында мектеп оқулықтарының мазмұны толық қайта қаралғанын айтты. Сараптау барысында облыстардың дұрыс белгіленбеуі, кейбір тарихи даталардың нақтыланбауы сияқты елеулі қателер анықталған. Бір қарағанда, мұндай кемшіліктер ұсақ қате болып көрінуі мүмкін. Алайда оқулыққа қатысты мәселе мүлде басқаша бағалануы тиіс. Себебі мектеп оқушысы оқулықтағы мәліметті дұрыс әрі нақты ақпарат ретінде қабылдайды. Географиялық атаудың немесе тарихи датаның қате берілуі баланың дүниетанымына, білімінің қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Әсіресе тарихи және географиялық деректердегі қателіктерге бей-жай қарауға болмайды. Тарих – ұлттың жады, ал география – ел мен әлем туралы танымның негізі. Оқулықта облыстың дұрыс көрсетілмеуі немесе тарихи оқиғаның мерзімі нақты берілмеуі бір ғана техникалық кемшілік емес. Ол білім алушының санасында қате түсініктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, бастауыш сынып оқулығындағы қатенің салмағы ауыр. Себебі бала мектеп табалдырығын аттаған алғашқы жылдары әріпті дұрыс таниды, сөзді дұрыс жазады, сөйлемді дұрыс құрастыруды үйренеді. Егер оның алдында тұрған оқулықта қате болса, бала оны қатесіз дүние деп қабылдайды. Өйткені оқушы үшін оқулық – ең сенімді ақпарат көзі. Мұғалім айтқан сөз де, кітапта жазылған дерек те бала санасында ақиқат ретінде қабылданады. Демек, оқулықтағы бір ғана қате баланың біліміндегі олқылыққа айналып кетуі мүмкін.
Оқулықтағы қатені тек баспагердің немесе автордың кемшілігі деп қарастыру да жеткіліксіз. Тұтас жүйенің жауапкершілігімен байланыстырған абзал. Оқулық авторы мәтінді жазғанымен, ол бірнеше кезеңнен өтуі тиіс. Ғылыми сараптама, әдістемелік талдау, тілдік редактура, техникалық тексеру – барлығы өз деңгейінде жүргізілген жағдайда ғана сапалы оқулық жарық көреді. Әр кезеңде жауапкершілік әлсіресе, қателіктің оқулық бетіне өтіп кету қаупі артады.
Бір қарағанда, қате кетуі мүмкін емес сияқты көрінетін бірнеше сүзгінің неге кейде жұмыс істемей қалатыны да ойланарлық мәселе. Бұған уақыт тапшылығы, оқулық дайындауға асығыстық, автор мен сарапшы арасындағы байланыстың әлсіздігі, редакторлық жұмыстың жеткілікті деңгейде жүргізілмеуі сияқты түрлі себептер әсер етуі мүмкін. Бірақ қандай себеп болғанымен, оның салдарын оқушы тартпауы керек.
Оқулыққа қойылатын талап басқа кез келген кітапқа қойылатын талаптан жоғары болуы тиіс. Өйткені көркем шығармада авторлық ерекшелік, шығармашылық еркіндік болуы мүмкін. Ал оқулықта дәлдік, жүйелілік және түсініктілік бірінші орында тұрады. Мұнда артық сөз де, түсініксіз термин де, дәлелденбеген дерек те болмауы керек.
Кейбір жағдайда оқулықтағы мәселе орфографиялық қатеден де терең жатады. Мәселен, ақпараттың бала жасына сай берілмеуі – үлкен кемшілік. Бастауыш сынып оқушысына жоғары ғылыми деңгейдегі терминдермен жазылған мәтінді ұсыну оның білімге деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Бала түсінбеген дүниесін есте сақтауға тырысады, бірақ оның мәніне бойлай алмайды. Мұндай жағдайда оқыту білім беруге емес, жаттатуға айналып кетеді.
Сапалы оқулық ең алдымен балаға түсінікті болуы керек. Тілі жеңіл болғанымен, мазмұны жұтаң болмауы тиіс. Ғылыми негізі берік болғанымен, оқушыны ауыр терминдерге көміп тастамауы қажет. Бұл жерде автордың шеберлігі ерекше маңызды. Күрделі ұғымды қарапайым тілмен түсіндіру – нағыз білім мен кәсіби біліктіліктің белгісі.
Оқулықтағы қателердің тағы бір түрі – фактілік дәлсіздік. Әсіресе тарих, география, әдебиет сияқты пәндерде берілетін әрбір дерек мұқият тексерілуі тиіс. Өйткені тарихи тұлғаның өмірбаянындағы бір жылдағы қателік немесе оқиғаның дұрыс берілмеуі оқушының тарихи санасына әсер етеді. Бір қате кейін екінші бір қате түсініктің қалыптасуына жол ашуы мүмкін.
Оқулық сапасын көтеруде мұғалімнің пікірін ескеру де маңызды. Себебі кітаптың күнделікті қолданушысы – мұғалім мен оқушы. Оқулықтың жақсы немесе әлсіз тұсын олардан артық ешкім білмейді. Кейде бір тарауды оқыту барысында мұғалім оның түсініксіздігін, тапсырманың күрделілігін немесе деректің жеткіліксіздігін бірден байқайды. Мұндай пікірлер жинақталып, келесі басылымда міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Ата-аналардың да бұл мәселеге бей-жай қарамауы маңызды. Баласының қандай оқулықпен білім алып жүргенін бақылау – ата-ананың да жауапкершілігі. Қоғам тарапынан жасалған сын әрдайым қарсы шығу немесе кемшілік іздеу ретінде қабылданбауы керек. Керісінше, орынды сын – сапаны жақсартудың мүмкіндігі.
Бүгінде оқулықтар бір рет жазылып, ондаған жыл өзгеріссіз қолданылатын заман артта қалды. Ғылым жаңарады, қоғам өзгереді, технология дамиды. Сондықтан оқулықтар да заман талабына сай үнемі жаңартылып отыруы қажет. Алайда жаңарту дегеніміз – жыл сайын кітапты ауыстыру емес. Ең бастысы – мазмұнның сапасын арттыру, анықталған кемшіліктерді жою және жаңа біліммен толықтыру.
Оқулық сапасын бағалауда қоғаммен ашық байланыс орнату да пайдалы.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден








