Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАМ САУДАСЫНА ЖОЛ ЖОҚ

АДАМ САУДАСЫНА ЖОЛ ЖОҚ


Адам саудасы – бүгінгі күні ғаламдық проблемаға айналған қылмыс түрі. Сондықтан әлем елдері қоғамды шырмаған қылмыстың осы түрімен бірлескен түрде күресіп келеді.
ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметке жүгінсек, Қазақстанда адам саудасына байланыс­ты қылмыс жылдан жылға артып келеді. Өйткені Қазақстанның географиялық орналасуы мен экономикалық даму қарқынына орай біздің ел көршілес Орталық Азия мемлекеттерінен жұмыс іздеп келетін жұмыссыздар үшін бірден бір жайлы мекенге айналуда. Сөйтіп, жұмыс іздеп келген жұмыссыздардың кейбіреуі адам саудасының құрбанына айналғанын өмір дәлелдеп отыр. Осы орайда Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметіне зер салсақ, шетел азаматтарының ішінде көп жағдайда Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары адам саудасы құрбанына айналуға бейім екені байқалады. Сондай-ақ, адам саудасы құрбандарының Қазақстаннан Грекияға, Оңтүстік Кореяға, Францияға, Португалияға және басқа да елдерге шығарылған фактілер кездеседі. Адам саудасының ішінде еңбекпен қанау фактісі анағұрлым жоғары. Адам саудасының әрбір жетінші құрбаны кәмелетке толмаған қыз балалар, жаңа туған нәрестелер екені ойландырады. Сондықтан да қазіргі күні Орталық Азиядағы Халықаралық көші-қон ұйымы осы аумақтағы әрбір елдің, Қазақстанның мемлекеттік органдармен, әртүрлі қоғамдық ұйымдармен, бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Мысалы, Қазақстан Республикасында адам саудасының алдын алу шаралары осы ел Үкіметінің адам сау­дасы қылмысына қарсы күрес, оны болдырмау және алдын алу жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған іс-жоспарында нақты көрініс тапқан. Бұл жұмысты негізінен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдары адам саудасы проблемаларын БАҚ-та жариялау, тәуекелді топтар арасында ақпараттық науқан ұйымдастыру, ҚР ІІМ-мен Халықаралық көші-қон ұйымының және «Қазақстанның дағдарыстық орталықтары одағының» қолдауымен ел аумағында орнатылған 11616 сенім телефоны қызметін пайдалану арқылы жүзеге асыруда.
ҚР Конституциясының 1-бабында «Мемлекеттің жоғарғы құндылықтары адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екендігі нақты көрсетілген. Осында айтылғандай елімізде әр адамның кең тыныстап, білім алып, еңбек етіп, бостан өмір сүруге толық құқылы екендігіне мойынсұнбай, мемлекеттің жоғарғы құндылығы саналатын адам құқығына заңсыз қол сұғып, арам пиғылмен заңсыз әрекеттерге барып, оларды өз мақсатына пайдалану адами тұрғыдан да, заңды тұрғыдан да қылмыстардың ең ауыры болып саналады. Қазіргі таңда тірі саудамен нәпақа тауып, жас бойжеткен мен бозбаланы алдап, арбап, жеңіл ақшаның буымен дәмелендіріп, жансақ басқанды қақпанға түсіріп жүрген алаяқтар да арамыздан кездеседі. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген халық нақылына сүйенсек, әр­бір адам белгілі бір қоғамда өмір сүргеннен кейін ол қоғамдағы заң­дылықтарды, өз құқығын білсе, өзгеге есесін жібер­мейтін құқықтық сауаты болса, алданып, опық жейтін жастар саны азаяр еді. Осы орайда ауданда ата дәстүрді, тілді, ділді құрметтейтін азаматтар болуға жетелейтін, қолда бар құндылықтарды қастерлейтін ұрпақ тәр­бие­леу бағытында колледж, мектептерде арнайы тақырыппен дәріс, семинар-кеңес, кездесу өткізіліп, халықпен кері байланыс орнатуға үлкен көңіл бөлініп отыр.
Жұмыр жер бетінде өмір сүріп жатқан барша адамзатты алаңдатып отырған адам саудасы өте маңызды трансұлттық қылмыс және адамның құқы мен бостандығын өрескел бұзу әрекеті болып табылады. Мұны көп жағдайда жеке адамға қатысты проблема дегенімізбен, бұл – жеке бастың ғана емес, мұндай қылмысқа жол беру – сол мемлекет құқығының өрескел бұзылуы болып саналады. Себебі, қылмыстың бұл түрі әрбір елдің ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына және барша азаматтардың өмірі мен әл-ауқатына төнген үлкен қауіп болып тұр. Сондықтан қазіргі күні адам саудасымен күрес бір мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың күші біріктірілуімен жүзеге асырылуда.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

15 қаңтар 2019 ж. 2 390 0