ҚҰЛДЫҚТЫҢ КИІП ҚАМЫТЫН...
Әлем бойынша жыл сайын мыңдаған адам құлдықтың, адам саудасының құрбаны болып жатады. Қазіргі уақытта қылмыстың бұл түрі ұйымдасқан қылмыс ретінде тез дамып келе жатқан және өте табысты әрекет ретінде бағаланады. Сонымен бірге бұл қылмыс түрі күннен күнге қоғамға зор қауіп төндіріп отырған дүниежүзілік проблемаға айналғалы қашан?! Сарапшылардың пікірінше, адам саудасы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстар арасында қару-жарақ, есірткі бизнесімен қатар тұрған негізгі табыс көздерінің бірі болып есептеледі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, адам трафигі әлемнің көптеген мемлекетінде өсу үстінде. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда әлемде шамамен 27 миллионнан астам адам құлдық қамытын киюде. Ондай қауіпті аймақ қатарына Непал, Судан, Біріккен Араб Әмірліктері, Үнді, Гайти, Мьянма секілді мемлекеттер кіріп отыр. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің бағалауы бойынша әлемде жыл сайын еркінен тыс шамамен 4 млн адам сатылып, тасымалданады екен. Халықаралық сарапшылар жыл сайынғы әлемдік құл сатудан кіріс 9,5 млрд долларға жеткенін анықтаған. Мұндай сауда құрбандарының көпшілігі әйелдер мен балалар екенін де жоққа шығармайды.
Осыдан біршама уақыт бұрын Алматы облысында ұзақ жылдар бойы адамдарды күштеп ұстап, мал баққызған кәсіпкерлер, ауқатты адамдар жайлы хабарды телеарнадан көрген едім. Олардың бірі ауыр жұмыстан көзі көрмей, зағип болып қалғанда керексіз зат секілді айдалаға, ауыл шетіне апарып тастаған. Ол кісіні кейіннен мал іздеушілер тауып алып, полицияға хабарлап, адамдар еңбегін қанап келген қылмыстық топтың әрекеті әшкере болған еді.
Қазақстанда адам саудасына, азаматтарды заңсыз сыртқа шығару, әкелуге тосқауыл қою мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстық профилактикасы, алдын алу оған қарсы күресті күшейту жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын адамдарды, әсіресе әйелдер мен балалар саудасының алдын алу, жолын кесу және ол үшін жазалау мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен №609 қаулы қабылданды. Осы қаулыны іске асыру мақсатында республиканың барлық аймағында тиісінше іс-шаралар жоспарлары жасалды, арнайы комиссиялар құрылып, әр өңір бойынша ақуал бақылауға алынған.
Яғни «Адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2016 жылғы 24 ақпандағы №138 бұйрығына сәйкес облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуіне байланысты осы қызмет түрін ішкі саясат саласынан әлеуметтік қамсыздандыру саласына беруді жөн деп санады.
Осыған байланысты «Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия құру туралы» Сырдария ауданы әкімінің 2019 жылғы 03 сәуірдегі №73 қаулысы қабылданып, комиссия құрамы жаңартылды.
Аудан әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Д.Байдушевпен «Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі» аудандық комиссиясының 2019 жылғы арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспардың әбір бөліктері тиісінше орындалуы қамтамасыз етілуде.
Жақында комиссияның отырысы болып, онда тиісті сала басшылары Сырдария ауданы аумағында адам саудасына байланысты қылмыстарды болдырмау, жолын кесу анықтау және ашу бойынша мақсатты бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын алға тартты.
Аудан көлемінде тіркелген шаруа қожалықтарында іс-шара барысында тексерулер жүргізілді. Адам саудасының құрбандарының құқығын қоғау мақсатында тиісті қызмет салаларымен бірлескен шаралар ұйымдастырылып, шетел азаматтары жұмыс жасап жатқан мекемелерден құқығы бұзылған азаматтар анықталған жағдайда сол мекеме басшыларына шара көрілетіндігі ескертілді.
Бүгінде еңбекпен қанаудың деңгейі тым жоғары. Тегін жұмыс күшін пайдаланушылар уақытында жұмысын жасатып алып, ақысын төлеуге келгенде жалтарып шыға келетіндер қатары көбейген. Еңбегінің ақысын «көйлегінің тері кепкенше бер» дейтін қазекеңнің ұстанымы да батыстанып бара ма, деген де ойға келесің?!
Қалай болғанда да адам еңбегін қанауға жол бермеудің жолдары қарастырылып, онымен күресу жұмыстары жасалып жатыр. Бірақ адамдар арасында болған қылмыс жайлы тиісті орындарға хабарлау деңгейі тым төмен дейді мамандар. Сондықтан кез-келген азамат қылмыстың осындай түріне куә болған жағдайда немесе білсе тиісті орындарға хабарлауы тиіс. Себебі құлдық қамытын киіп, тиісті еңбекақысын ала алмайтын, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам үшін бұл аса қажет әрекет. Заңнан да, ардан да аттаған қылмыскер жазадан құтылмауы керек.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ